Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МАЛ БОРДАҚЫЛАП САТУ. ҰҚСАТА БІЛГЕН ҰТАДЫ

Уақыты: 25.01.2023
Оқылды: 501

Жаркент өңіріндегі Үлкен шыған ауылында тұратын Сәбитжан Дауыров мал бордақылап сатуды біраз жылдан бері кәсіп етіп келеді. Әкесі Аким өмір бойы бұрынғы ұжымдық шаруашылықта мал маманы болып жұмыс істегендіктен Сәбиттің бұл істе білетіні көп. 

Кезінде Алматы құрылыс институтын тамамдаған жоғары білімді құрылысшы ірі қараны қорада ұстап, бордақылауға қолайлы нысандар жасауды қолға алыпты.
Сәбитжанның ауыл ішінде 100 бұқа бордақылауға арнап жасаған қорасын көріп, салмақты шаруаны қолға алғанын аңғардық. Екі қатар ұзынынан қойылған науалардың бойында әр малға арналған шынжырлы ноқта бекітілген. Едені түгел цементтелгенімен мал тұратын орынға тақтайдан төсеніш жасалыпты. Күнделікті мал көңін шығаратын арнайы арық та бетондалған.
– Жазда малымыз жайылымда, күн суытқанда қораға байлап бордақылаймыз, – дейді қожалық басшысы. – Өзімізге тиесілі 20 гектар суармалы жеріміз бар. Оның 5 гектарына жоңышқа, қалғанына жемдік жүгері өсіріп, күзде бәрін жинадық. Басқа қожалықтармен бірігіп өсірген тағы 40 гектардай жүгеріміздің өнімін сатып, түскен қаржыдан үлесімізді алған соң бордақыға қоятын қосымша бұқалар аламыз.
Бордақылау алаңында 500 тонна собықты жүгері еркін сиятын қойма жасалыпты. Оның жанына тәулігіне 10 тонна дән тартатын шағын диірмен орнатылған. «Ұқсата білген ұтады» деген осы.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
Үлкен шыған ауылы
Панфилов ауданы