ЕҢБЕК ТҮБІ – БЕРЕКЕ

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 2836
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазір көптеген адам бизнеспен шұғылдануға талпынады. Кейде онымен айналысу ақша табу емес, әлдеқандай жағдайдан шығдың жолы болып табылады. Бүгінде елде шағын және орта бизнеске түрлі қолдау бар. Осыны білетін талдықорғандық Елдос Баялышбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешенін салып, кеңейтуді жоспарлап отыр.

Елдос Баялышбаев алдымен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуді мақсат тұтты. Оңалту жаттығу залын ашу Елдостың жеке өмірінде кездескен жазым оқиғадан басталды. Ол ойламаған жерден жол апатына ұшырап, денсаулығына зақым келеді. Соның салдарынан арбаға таңылады. Жас жігіт бірақ оған жасымады, керісінше өмірінде кездескен сынаққа төтеп беріп, одан сайын жігерлене түсті. Күнделікті жаттығу жасады, дене қимылына ерік берді. Сөйтіп, екі жылда аяғынан тұрған. Сол сәтте мүмкіндігі шектеулі өзге де жандарға көмектесудің өте маңызды екенін түсініп, спорт зал ашу идеясын жүзеге асырады. 2013 жылы Елдос Баялышбаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша грант ұтып алып, «Асар» спорттық-оңалту орталығының негізін қалайды. 2015 жылы «Болашақ» қауымдастығы «Даму» қорымен бірлесіп іске асырып жатқан «Startup Bolashak» байқауына қатысып, 2- орынды иеленеді. Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін Алакөл көлі жағасында «Асар» пансионатын ашып, бизнес - идеясын іске асыру үшін қаражатқан қол жеткізеді. Кәсібінің өрісін кеңейту үшін түрлі байқауға да қатысып, жүлделі орындарды қанжығаға байлаған. Алайда ғимарат жұмысын аяқтау үшін гранттық қаражат пен меншікті ресурс жеткіліксіз еді.   

Осылайша несиелік қолдауға ие болу үшін «Даму» қорына жүгінеді. Сөйтіп, «2021– 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында «Қазақстан халық банк» АҚ-ға жылдық 21,75 пайызбен несие алады. Кәсіпкер тек оның 6 пайызын төлейді. Қалғанын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ, несиелеу бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдігі берілген. «Асар» спорттық-оңалту кешенін ашу биылғы мамыр айында жоспарлануда. Болашақта жаңа мамандандырылған жабдықтармен жабдықталған спорт-жаттығу және массаж залы, физиокабинет, оңалту жұмыстары мен қарқынды сабақтар өткізуге арналған бассейн орналасатын болады.

Айгүл Байбоынова
Талдықорған қаласы