Табысы тасыған Айдарлы

Уақыты: 07.10.2023
Оқылды: 1074
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жаркент өңірінде, нақтылап айтқанда, Қату тауының оңтүстігінде, Іле өзенінің солтүстік жағалауындағы құм төбелер қаусырған, табиғаты шөлейт жазыққа орналасқан Айдарлы атты елді мекен бар. Екінші дүниежүзілік соғыстың қанды қырғыны жүріп жатқан 1944 жылы «Қоңырөлең» қой шаруашылығынан бөлініп, өз алдына мал өсіретін кеңшарға айналыпты. Жалпы жер көлемі 625819 шаршы шақырымды қамтыған шаруашылыққа Дарбазақұм, Сарпылдақ ауылдары қарайды.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында «Айдарлы» кеңшарына директор болып келген іскер азамат Әзімбай Байғұттиев электр су сорғыштар қойып, Іле өзенінен қырға арық тартып, егін еккен. Алайда басқа шаруашылыққа ауысқан соң тың бастама аяқсыз қалды. Айтпақшы, өткен ғасырдың 60-шы жылдарында АҚШ-тан әкелген Санта-гертруда асыл тұқымды сиыры алдымен «Айдарлы» кеңшарында жерсіндіріліп, кейін оңтүстік облыстарға таратылған. Еліміздегі ұжымдық шаруашылықтар жойылған соң «Айдарлы» кеңшарының бақташысы Балабек Оспанов меншігіндегі 30 бас Санта-гертруда сиырын табандылықпен көбейтеді. Бүгінде Қазақтандағы Санта-гертруда сиырының саны 23 мыңға жетті.

Сол тұста Айдарлы ауылында заманауи үйлер, үш қабатты мектеп, қос қабатты Мәдениет үйі мен әкімшілік кеңсесі, жаңа сауда орны, машина-трактор шеберханасы, фельдшерлік пункт сияқты әлеуметтік жаңа нысандар бой көтеріп, жалғыз көшелі Айдарлы үлкен елді мекенге айналды. 1984 жылы пайдалануға берілген 624 орынды орта мектепте қазір 160 оқушы білім алып, 32 мұғалім ұстаздық етеді. Жиынжайы, спортзалы, асханасы бар білім ошағындағы 81 оқушы жалпы білім беру қоры арқылы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Орта мектеп жанындағы шағын орталықта 25 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Мұнда ауылдастар есімдерін мақтанышпен атайтын тұлғалар да жетерлік. Бекежан Қасенов, Жұмәділ Шілдебаев сынды ғылым докторлары, бұрынғы Талдықорған облысында құқық қорғау саласында жауапты қызмет атқарған ішкі істер полковнигі Ақан Бексұлтанов, кәсіподақ ардагері Жапар Баубеков, Жетісу облысының бірнеше ауданында мемлекеттік банкті басқарған Кеңесбек Сералиев, ауданда, шаруашылықтарда жауапты қызметтер атқарған Ақжол Юсупов, белгілі ақын Гүлбақыт Қасенова сынды тұлғалар ауыл мақтанышы.

Айдарлы елді мекенінің іргесіндегі ұзақ жылдан бері егін егілмей бос жатқан тың жерге инвестор М. Ыбраев құрған «Жаркент-Фрукт» ЖШС жеміс бағын өсіруді мақсат етіп, бірден іске кірісіп кеткен. Жалпы жобаға 33,350 мың АҚШ доллары жұмсалды. Жобаны қаржыландыру «Жаркент-Фрукт» ЖШС-ның өз қаржысы есебінен және несие қаржы көздерінен жүрді. Жобаның толық іске асыру мерзімі 5 жылға мөлшерленген. Айта кетерлігі, мұндай ірі жоба республикада бірінші рет жүзеге асырылып отыр.

«Жаркент-Фрукт» ЖШС интенсивті әдіспен бақ отырғызудың жаңа технологиясын енгізіп, тамшылатып суару жүйесін құру мен оны монтаждау, табиғаттың төтенше жағдайынан қорғайтын, қатты ыстықта 30 пайызға дейін көлеңке беретін және құстардан сақтайтын биіктігі 5 метр қадалар орнатып, тор жауып шығуды қолға алды. Торға тіреу болған қадалар жеміс ағаштарының құлап қалмауын қамтамасыз етеді. 2015 жылы мұнда 578 гектар жерге ергежейлі алма, 405 гектарға будандастырылған түрік алшасы, 74 гектарға шабдалы, 40 гектарға алхоры және 13 гектарға алмұрт, барлығы 1110 гектар алқапқа жеміс ағашының көшеттері егілді. Гербицидтер мен тыңайтқыштарды және басқа да керек заттарды сақтайтын 1000 шаршы метр қойма салынды. Жалпы жүзге жуық техника сатып алынды. Серіктестік науқан кезінде 150 адамды жұмыспен қамтыса, 94 адам тұрақты еңбек етеді.

Өңірдегі шағын өзен сулары жетіспейтін жаз мезгілінің аптап ыстық кезінде қосымша 4 жерасты су көзін бұрғылау арқылы құдықтарды іске қосып, бақтың ылғалға деген сұранысы толық қанағаттандырылды. Қазір мұнда қуатты су сорғыштармен жабдықталған 4 бассейн жасақталған.

– Құнарлы топырақ, қолайлы ауа райы, жеткілікті мөлшердегі ылғал бізге пестицид қолданбай-ақ сапалы, мол жеміс өсіруге мүмкіндік береді. Сондықтан ерте және кеш пісетін алманың қанттылығы мен қышқылы қалыпқа сай шығады. Алғашқы 2021 жылы толық жеміс берген 578 гектардағы «Джереми», «Генни Смит», «Фуджи», «Пинк Леди», «Супер чайф» сынды алма сұрыпынан 15 мың тонна, 67 гектар жердегі шабдалыдан 200 тонна, 33 гектардағы қара өріктен 80 тонна жеміс жинадық. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты өнім алғашқы жылдағыдан әлдеқайда төмендеп, алмадан 3,5 мың тонна ғана жиналды. Биылғы нәтиже қалай болатынын қазір болжау қиын. Өйткені биылғы ақпан, наурыз айларындағы ызғарда жеміс бағы үсікке ұрынып қалды. Жеміс жинауды жаңа бастап жатырмыз, – дейді серіктестіктің бас агрономы Аркадий Гончар.

Ауылда бүгінде шағын және орта бизнес, ауыл және мал шаруашылығымен айналысып, кәсіп көзін ашуға ұмтылыс танытып жүргендер көп. Солардың бірі, мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алып, өз кәсібін қолға алған Бауыржан Қожақов өз ойымен бөлісті.

– Үй-жайымды кепілдікке қойып жеңілдетілген несие алуға құжаттарымды тапсырып қойдым. Осы қаржыға мал сатып алып, қолымдағы азын-аулақ түлігімнің санын көбейтіп, тіршілік жасамақпын. Отбасымның меншігіне берілген 41 гектар жайылымдық және 2,7 гектар суармалы жер қожалығымды қуаттандыруға бастау болары сөзсіз. Суармалы жерге жоңышқа егіп, өнімін пайдаланып келемін. Меншігімде жер өңдейтін техникаларым да бар, – деді ол.

Мемлекеттік бағдарламалардан береке тапқан алыстағы Айдарлы ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Шалғайдағы шағын ауылдардың қайта шырайланғаны бәрімізді қуантады.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы