ПАНФИЛОВ, АЛАКӨЛ, АҚСУ АУДАНДАРЫНДА КӨМІР ЖЕТКІЗУ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕН

Уақыты: 01.09.2022
Оқылды: 1104
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың төрағалығымен алдағы 2022-2023 жылғы жылыту маусымына дайындық барысы туралы селекторлық жиын өтті. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жиында энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл маусымға дайындық жұмыстарына кеңінен сараптама жасады. Баяндамашының айтуынша, бүгінгі күнге орталық қазандықтардың жөндеу жұмыстары - 61%, электр желілерінің жөндеуі - 78%, жылу желілерінде - 42%, трансформаторлық қосалқы станциялардың жөндеуі 80% аяқталған. Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік нысандарға сұйық және қатты отын жеткізу мәселесі жиында жіті қаралды.

Басқарма басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласының аймақтардағы нысандарында бұл мәселе жедел қузауды қажет етеді. Мұндай жағдай конкурстық рәсімдердің кешеуілдеуіне байланысты туындаған. Сол сияқты білім саласы мекемелеріне қатты отын жеткізу деңгейі Панфилов, Алакөл, Ақсу аудандарында 25 %-дан төмен болып отыр.

Жергілікті жерлердегі көмір тұйықтарын халыққа қажетті көмір қорымен қамту жағынан да сылбырлық танытып отырған аудандар бар. Мәселен, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бүгінгі күні Қаратал, Көксу, Сарқан аудандарында халықтың көмір сатып алу қарқыны төмен. Жалпы облыс бойынша тұрғындар бүгінгі күнге қатты отынның қажетті көлемінің 31% сатып алған.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов аталған аудандардың әкімдері мен жауапты лауазымды тұлғалардан жағдайды түсіндіруді талап етіп, бірқатар тапсырмалар берді.

- Өткен жылдарда қыста көмір мәселесі қалай өзекті болғанын білесіздер. Сондықтан жергілікті жерлерде, әкімдер, жұмысты ширатыңыздар. Әсіресе, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын ерекше бақылауда ұстау керек. Табиғи газ барған аудандарда ауруханаларды көгілдір отынға көшірудің тиісті құжаттарын қазірден қамдаңыздар. Денсаулық сақтау басқармасы сала нысандарына отын жеткізу мәселесін жедел қолға алсын. Барлық аудан, қалаларда көмірдің халыққа керекті жеткілікті қорын қалыптастыруымыз керек. Осы бағыттарда жағдайды жылдам түзетіңіздер! - деді Ж.Тұяқов.

Облыс әкімінің орынбасары он күннен кейін аудан, қала әкімдерімен қайтадан жиын өткізіп, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тағы бір пысықтайтынын ескертті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"