БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ БЕРУ ЖОЛДАРЫ АЙТЫЛДЫ

Уақыты: 14.03.2023
Оқылды: 810
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Жеке тұлғалардың банкроттығы» тақырыбына арналған брифинг өтті. Өңірлік коммуникациялар алаңында азаматтардың банкроттық туралы өтініш беру жолдары айтылды.

2022 жылдың 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойды. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни, 2023 жылдың наурыз айынан бастап күшіне енді.

 Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешектермен жұмыс басқармасының оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Асқар Берікболұлы Заң талаптарын түсіндірді. Оның айтуынша, Заңда 3 түрлі рәсім көзделген. Біріншісі – соттан тыс банкроттығы, екіншісі – сот банкроттығы, үшіншісі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана ынталандыра алады, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

  • Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша және келесі шарттар негізінде қолданылуы мүмкін:
  • Банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн. теңгеден (1600 АЕК) аспаса және өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеген жағдайда;
  • Мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болған жағдайда;
  • Банкпен берешектерді реттестіру бойынша жұмыс жүргізілген жағдайда.

Бұл қатарда, Заңмен 6 ай ішінде әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін 12 ай ішінде міндеттемелерді өтемеу шарты ескерілмейді, – деді бөлім басшысы.

Ал екінші рәсім бойынша Сот банкроттығы 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша азаматтардың мүлкі есебінен қолданылады. Үшіншісі – Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырады.

Банкрот деп танылған адам 5 жыл несие ала алмайды. Сонымен бірге, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп танылу мүмкіндігінен айырылады. Олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі. Азаматтар өтініштерін eGov порталы, «E-Salyq Azamat» қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталағы арқылы бере алады. Жетісу облысы бойынша қазіргі таңда 500-ден астам өтініш түскен.

Коллаж: Елдар Қаба

Мәулен Әнербай