Сот Күдебаевты көрсетілген мерзімге мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарды

Уақыты: 30.03.2023
Оқылды: 795
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев үкім жарияланатын күні сотқа келмеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтемемен.

Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы 3 сәуірге сағат 10.00-ге шегерілгені айтылады.

"Сот отырысына жауапкер келмегендіктен, жауапкердің уәждерінің негізділігін растайтын мәліметтер жоқ. Осы себепті Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 157 және 335 баптарына сәйкес сот Күдебаевты көрсетілген мерзімге мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарды", – делінген сот шешімінде.

Бұған дейін полиция генерал-майоры Серік Күдебаев "билікті немесе билікті асыра пайдаланды" деген айыппен орташа қауіпсіздіктегі колонияда тоғыз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені белгілі болған.

58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

 

Фото: ғаламтордан