"Бетін жауып тұрып қалды": Қазақстандықтан жеңілген өзбек боксшы "мінез" көрсетті

Уақыты: 03.04.2023
Оқылды: 626
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстандық Ержан Ізтілеуовтен жеңілген өзбекстандық Иброхим Гиесов қарсыласының қолын алмастан ринг шетінде жылады.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Vesti.kz дерегіне сүйеніп хабарлайды.

Әзербайжан астанасы Бакуде өткен жастар арасындағы халықаралық турнир финалында қазақ боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Ең қызығы, 52 келі салмақтағы отандасымыз жеңімпаз ретінде аталғаннан кейін өзбек боксшы қарсыласына қолын да бермеген. Тиісінше ринг шетіне барып, бетін жауып тұрып қалды дейді ақпарат көзі.

Бұдан соң Ізтілеуов әдеттегідей жан-жағына құрмет білдіріп, Иброхимнің қасынан өтіп бара жатып қайтадан қол ұсынған.

Алайда өзбек боксшы бұл жолы да қарсыласын елемей құрместсіздік танытты.  

Фото: ғаламтордан

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ