ҰЛТ МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛМАҚ

Уақыты: 20.10.2023
Оқылды: 695
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елімізде 25 қазан күні Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Жетісу облысында бірқатар іс-шара атқарылмақ. Аудан, қалаларда туған жерінің көркеюіне үлес қосқан тұлғаларға «Құрметті азамат» атағы мен басқа да марапаттар табысталады. Концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. 

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы  Айдар Башбаевтың айтуынша, Республика күні қарсаңында Талдықорған қаласында және Ақсу ауданында да көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілмек. Одан бөлек, облыс бойынша әлеуметтік нысандардың ашылуы көзделіп отыр. Бірнеше ауданда фельдшерлік-акушерлік пункттер, Мәдениет үйі, спорттық сауықтыру кешендері қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, Қаратал ауданында тарихи өлкетану музейі ашылады деп жоспарлануда.
Жалпы соңғы 9 айдағы көрсеткіш бойынша өңірдегі әр салада айтарлықтай өсу бар. Өнеркәсіпте 5,8 пайыз, ауылшаруашылығы саласында 1,7 пайыз, тұрғын үй мәселесі бойынша жыл басталғаннан бері 1 100 пәтер берілген.  Яғни, бұл 1,6 пайыз артық.
Жетісулықтар Республика күнін 21 қазаннан бастамақ. Мерекеде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі жоспарланып отыр. Шараның мақсаты – жастардың бойына патриоттық сезімді сіңіру. Ұлттық сананы жаңғырту.

Медет ЖҰМАБАЙ
Суретті түсірген Руслан Қадіров