Қазақстанда қант өндірісі баяулады

Уақыты: 12.12.2023
Оқылды: 359
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы қаңтар-қазанда елде 204,1 мың тонна шикі құрақ немесе қызылша қанты, тазартылған қант және сірне өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31,1%-ға төмен.

Айта кетейік, былтыр өнім көлемі 35,1% өскен, бұл қант тапшылығына байланысты дүрбелең аясында жасалды. Алайда, егер өндірісті 2021 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырсақ, биылғы көрсеткіш әлі де төмен. Аймақ бойынша ең көп қант өндіретін Жамбыл, Жетісу және Алматы облыстарының деректері келтірілмеген. ҚР Ұлттық статистикалық бюросы бұл ақпаратты жауып тастаған. Ішкі нарықтағы отандық қант зауыттарының үлесі бір жылда өткен жылғы қаңтар-қыркүйектегі 57,5%-дан биылғы қаңтар-қыркүйекте 41,7%-ға дейін төмендеген. Осы кезеңде өндіріс бір жылда 30,2%-ға төмендесе, қант импортының көлемі 32%-ға өсіп, 223,3 мың тоннаны құрады.

Айта кетсек, қант экспорты бірден 10 есеге өсті, бірақ шамалы ғана 1,3 мың тоннаға дейін. 

Ішкі нарықта биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 381,5 мың тонна қант сатылды. Яғни, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда небары 4%-ға аз. Шын мәнінде, отандық өндірістің құлдырауын импорттаушылар жапты, бұл елдің қант нарығын тағы да тәуелді және осал етеді.

Елде биылғы қазан айының соңында түйіршіктелген қанттың 1 келісінің орташа бөлшек бағасы 425 теңгені құрады, бұл өткен жылғы қазан айындағыдан (515 теңге) айтарлықтай төмен, бірақ 2021 жылғы қазан айымен салыстырғанда (288 теңге) жоғары.
Биылғы қазан айында қант Астанада (келісіне 455 теңге), Өскеменде (455 теңге), Қонаевта (454 теңге) және Талдықорғанда (451 теңге) қымбат болса, Орал (385 теңге), Ақтау (388 теңге) және Ақтөбеде (389 теңге) арзан.

Биылғы қазан айының соңында қант бір айда 0,2% ғана қымбаттады. Сонымен бірге, биылғы маусым айында да бағаның өсуі (0,5%) байқалды, ал қалған айларда қант арзандады. Бір жыл ішінде қант бағасы 15,1%-ға арзандаса, былтырғы қазан айында 74,8%-ға қымбаттаған. 

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қант төңірегінде қарбалас туып, оның бағасы айтарлықтай көтерілді. Бұл бірінші кезекте Ауылшаруашылығы мен Сауда және интеграция министрліктерінің елдегі тапшылықтың жасанды екендігі туралы ақпаратты халыққа жеткізе алмауынан болды.

Айгүл  Байжұмақызы
Фото: almaty.tv