Ағзаға зиян ас жемейік

Уақыты: 12.12.2023
Оқылды: 532
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазір қай дүкенге кіріп қарасақ Қытайдың сертификаты жоқ тауарлары. Не жеп жүргенінен бейхабар адамдар өз өмірлеріне балта шабуда десек қате емес. 

Биыл сауда нарығында «Латиао» атымен шыққан Қытайдың белгісіз тағамы көптің сұранысына ие. Біз қытай десе ат-тонымызды ала қашсақ та өз балаларымызды осынау бір шетелдің зиянды дүниелерінен алыстата алар емеспіз. 

Латиао – қытайлықтардың танымал тағамы. Негізгі құрамына  бидай ұны мен чили қосылады. Су, тұз, қант, табиғи пигмент және басқа дәмдеуіштерді қосқаннан кейін ұн жоғары температурада экструдталып, чилимен араластырылады. Оның құрамдас бөлігі Қытайдың тағамдық қоспалар стандартына сәйкес келетін консерванттардан тұрады. Бұл жай ғана ғаламтордан алынған мәлімет. Ал желілерде аталған тағамның микроскоппен зерттелген бейнежазбаларын қарасақ ірілі-кішілі бактерия мен микробтар көзге көрініп тұрса да адамдар оны тұтынудан бастартпайтындарын пікірге жарыса жазуда. «Маған бәрібір, жей беремін», «Барлық тағамда микроб болады. Неге сонша шошынады?», тіпті «Онсыз өмір сүре алмаймын» деген пікірлерге қарап, адамдардың бұған деген тәуелділігін байқауға болады. Қазір латиаоны кез келген дүкеннен көре аласыз. Ал оны сатып алушылардың көбі мектеп оқушылары. Тіпті құрамы белгісіз тағамды ата-аналардың өзі балаларына сатып алып беруде.

Бақа-шаян жеп жүргендердің басқа елге экспорттайтын тауарларын жеп, ішу өз-өзімізге қастандық жасаумен тең. Әрі бұл тағамдарды  біздің елде зерттеуге тыйым салынған. Яғни, сертификатсыз келген өнімді Ұлттық зерттеу орталығы зерттеуден өткізуге құқысыз. Сондықтан жаңа заттың дәмін татып көруге қашанда құмар балаларға мұның зиянды екенін ауызбен айтып қана қоймай  көздерімен көрсетіп, оның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру қажет. 

Ол дәміне қарай қышқыл, тәтті, ащы болып бөлінеді екен. Ал ондағы майдың мөлшері шамадан тыс көп. Жалпы майлы тамақ адам ағзасына ауыр болатыны бәріне мәлім. Біріншіден, семіріп кету қаупі болса, екіншіден, өттің толуына, асқазан жұмысының бәсеңдеуіне алып келуі мүмкін. Сондай-ақ, ішінде әлдебір қоспа бар ма дерсіз. Себебі, жоғарыда айтқандай, адамдар оған тәуелді болып қалғанын жасырмайды. Ал тәуелділік нендей жағдайда пайда болатынын айтпасақ та түсінікті. 

Негізі мұндай аты мен заты беймәлім, денсаулыққа пайдасыз дүниелерді сертификатсыз Қазақстан шегарасынан өткізбеу қажет. Себебі, біз оның шын мәнінде қалай жасалатынын, қандай қоспалар қосатынын өз көзімізбен көрмедік. Денсаулық ол бізге берген Алланың аманаты. Оған немқұрайды қарағанымыз үшін де сұраламыз. Расында, адал ас – жанға дауа. Мұны жазудағы мақсат астан алшақтату емес, арамнан сақтандыру. Бойын арамнан сақтау – мұсылманның өмірлік мұраты.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: ettoday.net