УӘДЕНІ ОРЫНДАУ КЕРЕК. ЖЕТІСУДЫҢ ӘКІМІ КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 15.07.2022
Оқылды: 3586
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кербұлақ ауданына жұмыс сапарымен барған Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ егіс алқабындағы жаңбырлатып суғару әдісімен танысты, сонымен қатар, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады.

Су үнемдеу

Бірінші кезекте Жоламан ауылындағы «Қызылшоқы» ЖШС қолға алған жаңа технологияны көрді. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын серіктестік 90 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа жалақысы 150-180 мың теңге. Жер көлемі 11 000 га. құраса, оның 5 000 га. егістік, 6 000 га. жайылым жер. Жалпы құны 420 млн. теңге болатын жаңбырлатып суғару технологиясы арқылы 10 дана фрегат жұмыс істеуде. 1 фрегаттың алатын аумағы 40 га жер. Арнайы сорғы арқылы жер асты суымен толтырылатын бассейн көлемі 40 000 текше метр. Сондай-ақ, барабан типті жаңбырлатқыш 5 машина  жұмыс істеуде. Дәндік жүгері,  жаздық арпа және қант қызылшасы Түркияда шығарылған жаңа технологиямен суғарылады.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев «BNK group» компаниясы арқылы әкелінген озық технолгияны өзге де аймақтарда қолдану керектігін, сол арқылы су үнемдеп, мол өнім алуға болатынын айтты.

- Суармалы жердің көлемін арттырып, жұмысшылар санын көбейту қажет. Оларға әлеуметтік жағынан қолдау танытып, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға үй беру керек. Сонда жастар ауылдан кетпейді. Тепсе темір үзетін жігіттер қалаға барып үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрмейді. Жастардың оқуға түсуіне көмектесіп, оқу ақысын төлеп, кейін өздеріне жұмысшы етіп алған жөн, – деген Бейбіт Өксікбайұлы аудан шегарасы Шеңгелдімен шектесетіндіктен пияз егуге қолайлы екендігін жеткізді. Және де күреңбелдіктерге сәбіз, қант қызылшасын көптеп егуді тапсырды. Облыс әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін өнім сақтау қоймасын салу туралы ойымен де бөлісті. Егіс алқабында ауданның экномикалық әлеуетімен қатар, инветициялық жобалар да назарға ұсынылды. Соның бірі етті бағыттағы кұс фабрикасы болса, тағы бірі 10 000 бас сиырды құрайтын сүт зауытының жобасы таныстырылды.

Жауапсыз мердігер

Сарыөзек ауылында талай уақыттан бері көтеріліп келе жатқан ауызсу мәселесі әлі де шешілмеді. Жоба құны 1 млрд. теңгені құрайтын ауызсумен жабдықтау жүйесін қайта салынып бастаған. Алайда «Көлсай Строй» ЖШС қолға алған жұмыс тұралап тұр. Тек 560 млн. теңге игеріліп, құрылыс жұмыстары 60 пайызға орындалған. Құрлыс жұмысы өткен айдың аяғында аяқталуы керек еді. Бүгінде 13,5 шақырым сутартқыш желісі тартылып, ішкі су жүйесінің 2 шақырым құбыры салынды. Көлемі 3000 текше метр болатын бір су қоймасы бұзылып, жаңа су қоймасының салынатын орны дайындалды. Қазіргі таңда мердігердің есепшоттары бұғатталған, жұмысшы саны аз, жұмысы баяу жүруде.

Аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы «Көлсай Строй» ЖШС-нің директоры Құрманғали Шадиевке:

- Үш-төрт айдан бері 7-8 адам ғана жұмыс істейді. Сіздер қолға алған тек бұл жоба емес, облыстағы басқа нысандарда жағдай осындай. Ақша сұрайсыздар. Бюджеттің ақшасы сіздің жеке қалтаңыздың, болмаса облыстың жеке қаржысы емес, ол халықтың ақшасы. Айтылған уәдені орындау керек. Жақсы жұмыс істесеңіздер, біз де дұрыс қараймыз. Менің ойым сотқа беру керек. Жалғыз бұл емес, облыстағы барлық жобаларын тоқтату қажет, – деді. Ал, Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернат Бәзіл болса:

- Мердігерлердің мұндай көп жобаларды алуы дұрыс емес. Бір ғана «Көлсай Строй» ЖШС облыс шеңберінде 9 млрд.теңгелік жұмыс алып алған. Бір жарым жылдың ішінде атқарғаны тек 2 млрд. теңгелік жұмыс қана. Қазір мерзімдері келіп жатыр. Сондықтан, осы айдың аяғында сотқа береміз. Қазір құжаттары дайылдалуда, – деп келешекте аталмыш мердігер республика көлемінде тендерге қатыспуы керектігін айтты.

Жаңадан салынуда

Аудан орталығында бес қабатты 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен қатар аудандық емхана жаңадан бой көтеруде. Мердігер «Бауыр Құрылыс Компаниясы» ЖШС салған тұрғын үйдің жобалық құны 545 млн.588 мың теңгені құрайды. Бүгінде игерілген қаражат 470 млн.946 мың теңге. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты ұлғайтылған сомаға сәйкес аталған нысан бойынша қосымша келісім-шарт жасалуда. Мердігер құрылысты 2022 жылдың шілде айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Құны 2,7 млрд. теңге болатын аудандық емханада 60 адам, 3 техника жұмыс істеуде. Бұл нысанда да құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қосымша келісім-шарт жасалуда. Ғимаратты тапсыру келесі жылдың сәуір айында белгіленгенмен мердігер осы жылдың аяғында аяқтауды жоспарлауда. Қос нысанның құрылысын сапалы жүргізу керектігін айтқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев күрделі жөндеуден өтіп жатқан №49 орта мектептегі мәселені тезірек шешуді тапсырды. Мұнда мектептің бас корпусының жертөлесінен су шығып, мердігер жоба дұрыс жасалмаған деп жұмысты уақытша тоқтатқан, ал, қосалқы ғимараттарда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Сарыөзектегі кәріз тазалау стансысын да көріп, құрылыс жұмысымен танысты.

Сапалы өнім

Кербұлақ ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев республикалық маңызы бар «Сарыөзек-Көктал» күре жолындағы құрылыс жұмыстарына куә болды. Өткен жылы басталған құрылыс кезең-кезеңмен іске асып, биыл қазан айында аяқталады деп күтілуде. Қазір 0-94 жалпы шақырымның 60 пайызы орындалды. Ал, Сарыөзек айналма жолының 93 пайызы аяқталған.

Бейбіт Өксікбайұлы аймақтағы ірі цемент өндіру зауытына да барды. «Alacem» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 1,5 млн. тонна цементті құрайды. Онда М-400, М-450, М-500 маркалы портландцемент және арнайы цемент шығарылады. Зауыт өнімі ішкі нарықтан бөлек орталық Азия елдері, Қытай, Моңғолияға экапортталады. Жер көлемі 40 га алатын зауытта 546 ҚР азаматы жұмыс жасаса, 91 шетелдік қызмет етеді. «Alacem» ЖШС республикалық маңызы бар «Сарыөзек-Көктал» автомобиль жолының құрылысына 2 миллиардқа жуық теңге бөлген. Келшектеді халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдеспек.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Кербұлақ ауданы,

Жетісу облысы