ТАЛДЫҚОРҒАНДА АЛҒАШ РЕТ "STARTUP ORDA" ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 27.11.2022
Оқылды: 1411
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорғанда алғаш рет Astana Hub-пен бірлесіп жасалған «Startup orda» жобасы іске қосылды. Осыған орай, IT-кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында "Атамекен" кәсіпкерлер палатасында жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, «NARI QazInnovation» АҚ делегация өкілдері қатысты.

Шара барысында сөз алған «NARI QazInnovation» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шынасыл Ерназар:

– Аймақта «NARI QazInnovation» АҚ «Astana Hub» халықаралық стартаптар технопаркімен бірлесіп «Startup Orda» инкубациялық бағдарламасын өткізуді жоспарлап отыр. Біз IT бизнесімен айналысатындарға көмектескіміз келеді. Бағдарламаға қатысу арқылы әркім өзінің IT жобасын іске қосуды және алғашқы инвестиция тартудың тиімді жолдарын үйрене алады. Жеңімпаздар 5 млн.теңгемен марапатталады, – деді.

Өз кезегінде Рустам Әли өскелең ұрпақ  өз жобасын жасап халықаралық ареналарда ел намысын қорғап, жетістікке жетіп жатса,  үлкен қуаныш екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде орналасқан жобаның мақсаты –  ІТ кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және өңірдегі өзекті мәселелерді шешу үшін инновациялық технологияларды пайдалану. Бағдарламаға 14 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Бүгінде 30-дан астам жоба ұсынылыпты. Олар IT кәсіпкерлікті дамыту бойынша 3 ай курстан өтеді. Курс аяқталған соң, 10 жоба комиссия қаралымына жіберіледі. Үздік деп танылғаны Астана қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Жетісу облысы