Жастар арасында кезігетін кедергілер мен мәселелер аз емес. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен Жастарға қызмет көрсету орталығында жиын өтті.
Басқосу ауылдық жерлердегі жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жұмыспен қамтамасыз ету бойынша құрылған арнайы топтың атқарған қызметіне арналды. Жақсылық Мұқашұлы қатысушыларды күн тәртібінде көтерілетін мәселелермен таныстырған соң облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетов баяндама жасады.
– Жұмыс тобының мүшелері бүгінге дейін барлық аудан, қала, ауылдық округ жастарымен кездесті. Кездесулерге ауылдың жас мамандары, жалдамалы жұмысшылар, спортшылар қатысты. Олардың көпшілігі спорттық және мәдени нысандарды жөндеу, қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, әртүрлі үйірме ашу сынды ұсыныстарын жеткізді. Осы ұсыныстарды 2018 жылдың жылдық жоспарына енгізіп, іске асырсақ деген тілек-ниетіміз бар, – деген ол жұмыс тобының атқарған қызметімен таныстырды.
Өңір басшысының орынбасары барлық 106 ауылдағы нысанды жабдықтап, жөндеу жұмысын жүргізу үшін 250 млн. теңге қаржы қажет екендігін жеткізді. Осы тұрғыда «Жасыл ел» еңбек және студенттік құрылыс жасағын пайдаланып, ұсыныстарды іске асыруды назарға салды. Сол себепті 2018 жылдың бірінші алты айлығында облыстық бюджеттен кемінде 100 млн. теңге бөлу керектігін, ауылдық жерлерде мәдениет және спорт саласы бойынша маман жетіспеушілігін тез арада шешуді тілге тиек етті.
Күн тәртібінде көтерілген екінші мәселе жастарды жұмыспен қамтуға арналды. Айдын Нұрмұхамбетовтың сөзіне сүйенсек, өңірімізде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны – 432 483 адамды құрайы. Жұмыссыздық деңгейі былтырғы жылға қарағанда біршама төмендеген. 2016 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құраса, биылғы жылдың екінші тоқсанында 2,2 пайызды көрсетіп отыр. Жақсылық Омар жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін арнайы жол картасын жасауды тапсырды. Оқуын аяқтаған жастарды қадағалау міндеттерін жүктеп, мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастардың жайына да тоқталды.
– Мүгедек жастар өкінішке орай өңірімізде баршылық. Оларды жұмысқа кіргізейік, оқытайық. Сол үшін 1 ай мерзімнің ішінде олардың нақты саны мен дипломы бар-жоғын анықтаңдар, – деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, жиында жастар арасындағы қылмыс деңгейін төмендету мен жат ағымға кетудің алдын алу мәселелері де көтерілді.
Мәулен Әнербай.