Шалдардың шекпенінен шықтық

Уақыты: 14.10.2017
Оқылды: 1476
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының кафедра меңгерушісі, өнер магистрі:

Шалдардың шекпенінен шықтық

Қой кезегінен бет-ауызы домбығып жеткен қара домалақ анадайдан қоржын тамның төбесі көрінген сәтте айқай салатын. Ат үстінде үзеңгіге шіренген қалпы ескі тамның есігіне еркелей үңіліп: «Әже, мен келдім», – дейді нығыз дауыспен. Естісін дегені. Күнұзаққа төрт-бес төбет ертіп, берекесі көл-көсір түлікті жайлау төсінде жайып қайтатын баланың бойына мызғымас берік сенім ұялаған. Қалай шолжаңдаса да дәл қазір үй ішінде үлкен абырой күтіп тұрғанын жақсы біледі.   Әсіресе, ата-анасының алдын кес-кестеп, немересін қызғыштай қорғайтын әжесі қас қарайғанша қара шаңыраққа кірмейді. Сондағысы – құлқынсәріден қой өргізіп, көз ұшындағы тау қойнауына кететін кішкентай немересін күту. Әжесінің етегін бет сүртетін орамалы еткен ерке ұл қыруар жұмыс атқарып қайтқанын жан-жағына жариялай келеді. Ата-анасынан бұрын сүріне-қабына жүгірген Айымхан апасы алдынан шығып, ер-тоқымнан енді қисая берген тәп-тәтті немересін кең құшағына сүңгітіп жібереді. Сосын аяз қарыған нарттай қызыл алма бетінен кезек-кезек сүйгіштеп, қолқанат болған қаршадай түріне қарап өбектей жөнеледі. Ең кереметі – әжесінің етегіне оралған еркесін қыз-қыз қайнаған темір пештің түбіне арқалап әкеп, өзі қабыған қалың көрпелерін қат-қабат төсеп, жылы орынға жатқызып қоятыны.

Қой кезегінен қайтқанда қайталанатын осы бір 
көңіл тербер көрініс бүгінде сап-сары сағынышқа айналыпты. Үлкендердің ортасында отырып, ұлттық мұрамен сусындап өскен ұл бұл көріністі ұмытпақ емес. Елуді еңсерген өнер иесінің әжесімен өткізген бақытты күндері балалықтың ең биік әрі ең соңғы белесі тәріздес. Жарқын сәттер жүрегінде мәңгілік құндақтаулы. Қажет кезінде әлгі құндақтаулы көріністі есіне тағы бір алып қоятыны бар. Балалықтың табы қалған туған жердің асқақ таулары әлі бәз-баяғыдай. Талай ұрпақты тәй-тәй бастырып, талай түлекті етегінен қанат қақтырған алып Алатау уақыттың әділ таразысына бағынбайтын сияқты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының «Дәстүрлі ән музыкасы» кафедрасының меңгерушісі, өнер магистрі Рамазан СТАМҒАЗИЕВ ақсақалдар институтының ақсап қалғанына қынжылады бір сәт. Әсіресе, әжелер мектебінің үзілгенін қазақтың ұлттық тәрбиесіне төнген қауіппен тең көреді.
Терең ойдан арылғысы келсе терезеге үңілетін қашанғы әдеті. Аядай әйнектің арғы бетінде мүлдем басқа тіршілік жүріп жатқандай. Өнер, туған жер, ана тілі, халық мұрасы, ұлттық дәстүр, мәңгілік мәдениет жолында бар ғұмырын сарп етіп жүрген дара тұлға кейде өзін екі әлемде жүргендей сезінеді. Терезе сыртындағы толассыз жөңкіліс шығыршығы шыр айналған алып тіршілік механизміне ұқсайды. Қаладағы қарбалас өмір адамға өткенін ұмыттырып, тарихынан қол үздіріп тастайтындай. Мұндайда өнер иесі балалық шағының тәтті тұстарын қайыра бір еске түсіріп, пейілі ақ ауыл ақсақалдарын, аузынан ертегі мен өнегелі әңгіме сарқылмайтын әжелерді ойлайды. Өз балалығындағы қарияларды бүгінгі ауылынан іздейді. Қазыналы қарттардың мектебін қайта жандандырғысы келеді.
– Кел, төрлет, – деді бізді көрген бетте. Тағатсыздана күтіп отырғаны бірден байқалады. Кафедра ішінде артық жүріс жоқ. Журналистерге деген құрметі шығар бұл. Орындық ұсынып бәйек болды да қалды. Қарсы алдымда талай түлек ұшырған өнер ордасының мүйізі қарағайдай ұстазы, даңқты күміскөмей әншісі емес, қарапайым, мінезі көркем әрі кішіпейіл, мейірбан, моп-момақан әкем тұрғандай әсер етті. «Таңның атысын, кештің батысын байқатпайтын уақыт-ай, – деді емен-жарқын әңгімеге ыңғай танытып. – Ұялы телефонды дыбыссыз режимге қоймасақ, сұхбатымызда мән де береке болмайды». Журналистердің әңгіме желісін бұзып, қайта-қайта телефонына жармасатын қайсыбір өнер иелері сияқты емес, Рамазан Стамғазиев ішкі мәдениеті жоғары, биіктен қарап бәлсінбейтін қарапайым тұлға болып шықты.
Біздің алғашқы сауалымыз да осы төңіректен өрбіді. «Мен ауылдың қара баласымын, – деп бастады ол кіріспе сөзін қазақтың алтын бесігімен байланыстырып.
– Ауылды көп сағынамын. Ақсақалдардың алдын, әжелердің ортасын аңсаған кезде ауылға тартып кетемін. Олар маған сондай ыстық. Өйткені, өзім қариялардың қазынасын бойға сіңіріп өстім. Осы күнге дейін қарапайымдылығым қаз-қалпында сақталса, демек, кешегі абыздар берген тәрбиенің нәтижесі. Ауылда әр саладан алғаш сауатымды ашқан аяулы ұстаздарым, туған анамдай болып кеткен әжелерім, тарихтан сыр шертіп, бойыма патриоттық рух дарытқан ақсақалдарым бар. Олардың алдын көрген сайын менменсіп кетпеудің үлкен мектебінен өткендей боламын.
Рас, Рамазан Өмірәліұлының құлағына қарапайымдылық қағидасы бала кезінен құйылды. Бұл туралы өзі де ауылдағы шалдардың шекпенінен шыққанын мақтанышпен айтады. Ал арман қуып Алматыға қанат қаққан кезде Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновтай қазақ өнерінің көшін өрге сүйреген ұлт ұстаздары жолықты. Әннің әліпбиін үйреткен рухани ағалары шәкірттеріне мінездің ең көркем үлгісін көрсетіпті. Қазақтың: «Бір әріп үйреткен адамға қырық жыл еңкейіп сәлем бер», – деген бір ғана даналығының өзі санасы ояу сахна саңлағын қарапайымдылыққа жетелемей ме?! «Атақ алу оңай, көтеріп жүру қиын», – деп жиі айтыпты ұстазы Қайрат Байбосынов. Ұстазының сөзін бойтұмарындай сақтаған Рамазан қандай биік асуды бағындырса да, шектен шығып шікірейген емес. Керісінше, халықтың алғысын арқалауға ұмтылды.
– Адамның мінезіне ортаның тікелей әсері бар. Елден бөлек, Еуропаны, мұхиттың арғы бетін, іргеміздегі Қытай мен Ресейді араладым. Халықтың өнер адамын алақанда ұстайтыны рас. Бірақ атақты сезіну шектен шығу емес екенін айтқым келеді. Мені осындай биік дәрежеге көтерген – қазақтың қасиет тұнған өнері, туған халқым, – дейді өнерпаз атақ-дәреженің адам жан дүниесіне қаншалықты әсер ететінін тарқата келіп. Иә, ел сүйетін Рамазанның сахнада жүргеніне отыз жыл толыпты. Қара домбырасын арқалап Мәскеу, Санкт-Петербург, Вашингтон, Нью-Йорк барды. Алайда барған жерін бастырмалатып айта бермейді. Әншінің айтуынша, даңқ даңғойлану үшін емес, даралану үшін бұйыратын ең зор бақыт. Ал бақытты бағалай білмесе адам алған бағытынан адасады. Абыройы айрандай төгіледі.
Ауылдан тамыр үзу – қасірет. Қазақтың ең құнды мұралары ауылмен сабақтасып жатыр. Әттең, кейде халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі ауылдағы ағайынның санасынан да көмескілене бастағандай сезіледі. Әншінің бойында екі қолы қалт етсе, қиыр асып шетелге кететін кербездік жоқ. «Әр күнімді ауылда өткізуге даярмын. Алайда тіршілік жар бермейді. Шын дарынның көбі ауылдан шығады емес пе? Осы мақсатта «Аспантаудан ән оздырған» деген атпен циклді байқаулар ұйымдастырып тұрамын. Нәтижесі жаман емес. Бұрынырақта, жастау кезімізде демалыс алсақ, шипажайға, шетелдің табиғатына қызығушы едік. Қазір ойласам туған жеріңнен артық қасиетті де қастерлі жер болмайды екен ғой, – дейді Рамазан ақтарылып. Әншінің сөзіне сүйенсек, ауылдың өзі шетелге саяхаттаудан, шипажайлардан кем түспейді. Мұнда табиғатқа тамсанумен шектелмейсің, ел ішінде боласың. Алтын бесігіңде, кіндік кескен киелі топырағыңда аунап-қунайсың. Басты бақыт осы.
Ауыл десе, көз алдына тағы да Айымхан апасы 
келеді. Көрген-түйгені мол, әңгімешіл, шежірешіл адам болыпты. Оқушы Рамазан мектеп қабырғасынан түрлі өнер додаларында топ жарып, республикада, облыстарда ауданның атын шығарып жүрді. Сондай байқауларға сапарға шығар кезде міндетті түрде апасы қасына келіп, қалтасына жинаған қаражатын салатын. Ал жүлделі оралғанда тағы да құшақ жайып қарсы алатын, асыға күтіп жүретін сол баяғы әжесі. «Жастықтың астында тұр», – деп сыбырлаушы еді құлағына. Бала бұл сөздің мағынасын бірден түсінеді. Жалма-жан жастықтың астына жүгіреді. Онда бір уыс тәтті, мәмпәси, кәмпит жатады. «Әкеме қатты жақын болмасам да, үлкен жиын-тойларға мені ертіп кететін. Сонда небір домбыраның құлағында ойнаған ауыл ақсақалдарын көретінмін. Олар шырқаған әндер әлі құлағымда. Сосын біздің ауылға нағашы атам Қыдырбай келгенде ұлан-асыр той ұйымдастырылушы еді. Бір келгенде он күндеп қонақ болады. Бүкіл ауылдың ақсақалдары жиналады. Аталар біздің үйде жантайып жатып алатын да, үнтаспадан Сүйінбай бастаған ақындардың жырларын, «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» сынды эпостық дастандарды тыңдайтын. Менің міндетім – үнтаспа біткен кезде ауыстырып отыру. Қашан аяқталар екен деп патефонға телміріп отырып-ақ әлгі жыр-дастандарды құлағыма құйып аламын. Менің өнерге келуіме ықпал еткен осы эпостар ма деп ойлаймын. Себебі, сондағы өткір сөздер, жігеріңді жанитын қайсарлық пен ерлік жадымда жатталып қалды», – дейді әнші.
Әлі есінде, әкесі бірде мектептің бүкіл терезе- сіне әйнек салдырып шықты. Рамазан әжесінің еркесі болғандықтан ба, мектеп қабырғасында көп тентектік жасапты. Ойын баласы ағаш басынан аша бұтақты көрсе бірден сындырып, үйіне алып кететін. Мектептің айналасында жаңадан отырғызылған талдар жайқалып тұратын. Оқушы әлгі талдардан аша іздеп, ағаштарды сындырғанымен қоймай, бүкіл мектептің терезесін тас атып шағып шығады. Білім ордасының басшылығы бұзықтық жасаған оқушыны жиналысқа салуға оқталады. Алайда асқар тауы перзентінің балалығын айтып, мектептің терезелерін бір өзі орнатады. Әжесінің етегінен шықпайтын ұлға осы оқиға қатты әсер етті. Ендігі кезекте әкесінің де бұл дегенде шығар жаны басқа екенін түсініп, екеуі бірге алыс-жақын ауылдарды аралап кететін болды. Ал анасы ше? Анасы итжуа, қанжығажуа, қоғажуа сынды ауыл маңында өсетін жабайы пияздың түр-түрін қосып орама нан пісіретін. Оған жайлаудан әкесі әкелген сүтті қосқанда әлгі тағам бал татып кететін еді. Анасы пісірген тағамның дәмі әлі аузынан кетпей тұрғандай. Бәлкім, кіндік қаны тамған ауылының Көкпияз атануы да осы жуалардың көп өсетіндігімен тығыз байланысты шығар?! Иә, солай-ау.
Әнші алыста қалған балалық шағынан әңгіме тиегін ағытқан кезде нұрланып сала берді. Апасы мен ата-анасының ыстық құшағын аңсады ма әлде бозбала, жігіттік желең шағы есіне түсіп кетті ме, әйтеуір еш бүкпесіз, шешіле сыр шертті. Ауылдан Алматыға аттанған тұсынан, студенттік жылдарынан, алғашқы еңбек жолынан, өнердегі ұстаздары мен өзінің зерттеу саласынан ой өрбітті. Халық Рамазанның Қапез Байғабылұлы әлеміне тыңнан түрен салғанын жақсы біледі. Сталиндік қуғын-сүргіннің кесірінен көпшілікке беймәлім болып келген Қапездің әндері Рамазанның орындауында қайта жаңғырды.
– Қапездің «Дүние-ау» әнін алайықшы. Егер қазақ өнерінің тарихын зерттеуге қызығатын ғалым болса, осы бір әнмен-ақ ғылыми атағын қорғауына жол ашық, – дейді Рамазан Өмірәліұлы. – Біз осы күнге дейін қазақ вальсінің падишасы Шәмші Қалдаяқов деп жүрміз. Алайда Қапездің осы әнінде де вальстің ырғағы бар. Ол бұл туындыны сонау 1930 жылдардың тұсында жазған. Сондықтан, қазақ вальсінің тарихы әлдеқайда арыда жатыр деп есептеймін.
Қасқыр да қас қылмайды-ау жолдасына,
Арамдық болмаса егер өз басында.
Жер бетін топан басып, кетсін, мейлі,
Түбінде өзен ағар, дүние-ау, арнасына.
Иә, өнер магистрі Қапездің бүгінге небәрі төрт әні ғана жеткеніне қапалы. Ұлттық құндылықтардың болашағына балта шапқан әскери диктаторлық режимге лағнет айтады мұндайда. Әншінің айтуынша, Қапездің туындыларында мүлде өзгеше иірім бар. Қуғын-сүргін кезінде халық оның көп мұрасын ұмытып қалды. Қазіргі шырқалып жүрген төрт әнінде Хантәңіріне тән дыбыстық мақам бар. Хантәңірі қолтаңбасы бірден білінеді. Рамазан Стамғазиев әнді зерттеу барысында иіріміне, мақамына, орындалу интонациясына көңіл бөліп қоймай, тарихына, шығу себебіне үңіледі. Білімді әнші ғана осылай жауапкершілікті сезінсе керек. «Әннің шығу тарихын біліп айтудың жөні бөлек. Егер орындаушы өзі шырқайтын туындының қалай жазылғанын ой елегінен өткізіп, жан жүрегімен сезіне білсе, шығарма да биік деңгейде ел құлағына жетеді. Қапез әндері туралы да осыны айтар едім. Қапезді бір әнімен танылған Шашубайға, бірнеше шығармасы ел аузында сақталған Мәдиге ұқсатамын. Қуанатыным, Қапездің өмір тарихы мен шығармаларын зерттеу тоқтаған жоқ. Өнер академиясының магистрлері мен ғылым докторлары тереңдете зерттеу үстінде. Өкінішке қарай, біз білмейтін тың деректер табылмады», – дейді Рамазан.
Дарынды әнші дәреже қуып, даңғазаға ермейді. Шоу-бағдарламаның соңынан кетпейді. Өнер иесі Қапездің шығармашылығына дендеумен шектелмеді. Қазақтың данышпан ақыны Абайды қолға алды. Қалай дейсіз ғой? Қолы босағанда әдебиет сыншыларының, қаламгерлердің кітаптарын оқиды. Атап айтқанда, әрі әдебиетші, әрі сазгер Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек – бір жүрек» атты кітабына сүңгігенде Абайды мүлде басқа қырынан таныды. Рамазан Тұрсынжан түсінігіндегі Абайға ғашық болды. Бәлкім, бірнеше тұлғаны тануға арнаған монографиясы тұрса, қызықпас та еді. Жоқ, Тұрсынжан Шапайдың Абай дегенде үні басқа, танымы терең, бағыты бөлек. Абай өлеңдеріне арнап жазған әндері өз алдына бір төбе. Бір күні: «Абай өлеңдеріне шыққан мына әндер сізге қайдан келіп құйылып жатыр? Не қылған құдіретті иірім, сиқырлы ырғақ бұл? Осыншама құдіретті ән неге орындалмасқа?» – деп сұрайды.
Рамазанның Абайды сағынуы, Абайды аңсауы, 
Абайды тануы сол күннен басталғандай. Сазгер Тұрсынжан Шапай Абай цикліне жазылған әндер бұған дейін біреулердің өтінішімен орындалғанын, алайда өз биігіне жете алмағанын айтады. «Іздегенге – сұраған», бірде министрлік тарапынан «Абайды сағыну» деген атпен кино түсіру туралы бастама көтеріледі. Рамазанның ойына Тұрсынжанның тоғыз тарау қамшы сияқты әдемі өрілген әндері оралады. Ән авторы келісімін береді. Абайдың өлең сөздеріне жазылған Тұрсынжанның жеті әні үш айдың ішінде үлкен сахнаға жол тартады. Әу баста киноның музыкасына дайындалған туынды Рамазанның орындаушылық шеберлігін паш ететін тағы бір шедевр дүниеге айналды. 
– Бұл әндерді Абайды терең оқыған адам ғана түсінеді. Қуантарлығы, ондай адамдар көп екен. Мен ел ішінде жүргенде арнайы келіп, «Абайды сағыну» әндер циклінің үнтаспасын сұрайтындар жеткілікті. Міне, солар Абайдың рухымен сырласа алатын, көкірек көзі ояу адамдар. Ал мән бермей тыңдаған адамға жай ғана бір ән болып көрінуі әбден мүмкін. Шынын айтсам, Абайдың сөздеріне жазылған әндерді орындауым шығармашылық белесімдегі үлкен жаңалық болды. Қазіргі заманның ырғағына бағынбайтын, ішкі және сыртқы құрылымы да өзгеше, соны дүние. Бұл әндерімді белгілі бір орталарда ғана айтып беремін, – деп әнші хәкімнің өлеңдерін ыңылдап бір қайырып алды. 
Осы тұста иісі қазақ құрмет тұтатын әншіден автор алдындағы жауапкершілікті қаншалықты сезінетіні туралы білгіміз келді. Өйткені, қазіргі қазақ өнерінде ән авторының талабы кейінге қалып қойып жатады. Тіпті, эстраданың жолбике жұлдыздары бәріне тек өз аттарымен қол жеткізуді қалайды. Өнердегі бірнеше кеменің басын ұстаймын деп құрдымға батады. Рамазан үшін автор алдындағы жауапкершілік басты орында болып шықты. Бір ғана Тұрсынжан Шапайдың талабы тау теңселтіп, тас қопарып жіберердей күшке ие. Несіпбек Айтұлы да қаталдық танытады. «Мұндай қатал талап қоятын авторлармен қоян-қолтық жұмыс істегенді ұнатамын. Себебі, олар көзіңді ашады. Өнерге деген құрметіңді бұрынғыдан да еселеп арттырады. Жақсы ән үш адам – ән мен сөздің авторлары және орындаушы бір жерде отырып, ұзақ пісіруден өткізген кезде ғана туады. Ән мен музыка қабыспаса, өлең мазмұны басқа бағытта адасып жүрсе, қандай жақсы шығарма өмірге келмек?» – әнші осы сөзін тілге тиек етті де, бір нәрсені еске түсіргендей аз уақыт терең ойланып қалды.
Кейіпкеріміздің сөзіне құлақ түрсек, әннің мың 
сан иірімін табу қиынның қиыны. Ақындармен, сазгерлермен апталап отырған кездері есіне түссе қажырлы еңбектің қадірін бұрынғыдан да терең түсінеді. Тіпті, бір әннің сөзін алты ай жазған күн де болыпты. Ең қызығы, поэзия түрінде баурап әкететін өлең шумақтары әнге салғанда қиыспай, сұрқы қашатын кездері көп. Ондай кезде поэзияның кейбір бунақтарын, әннің кейбір иірімдерін бір ізге салып жіберуге тура келеді. Ал Абайдың бір сөзі өзгермейді. Бұл – заңдылық. Абайды өзгертсең желкеңде тұрған Тұрсынжан Шапай теріс айналып кетеді. Ол кісі орындаушыны қамшылайды, дауысын ырғақтан өткізеді, одан қалса, ашу шақырып, талап қояды. Мұндайдан орындаушы болаттай шыңдала түседі.
Рамазан дәл осындай үдерістен өтіп, иіні қанған шығарма ғана халықтың жүрегіне жететінін тарқатып берді. Ұстазы Жәнібек Кәрменов бірде бұған: «Өнерде жолбике әншілер болмауы керек», – деп айтыпты. Түсінген адамға зерделі сөзден кем емес даналық. Әсіресе, өнерді қолжаулық көретін, деңгейін түсіріп, шектен тыс шоуға бұратын кейбір «өнерпаздарға» сабақ сөз. Адамның жүрегі туғаннан өнер деп соқпаса, бәрі бекер. Өнерге жолай қосылып, жол табу үшін тыраштанудың қажеті шамалы. Ой үстінде отырған Рамазан Стамғазиев мәдениет саласындағы мәселелерді де жасырған жоқ.
– Біз халықты даңғаза мәдениетке үйретіп алдық, – деді аздаған үнсіздіктен соң тіл қатқан өнердің биік тұлғасы. – Ең өкініштісі, мемлекеттік саясаттың өзінде дәстүрлі әнге, ұлттық музыкаға көңіл бөліне бермейді. Дәл дәстүрлі әнді дәріптейтін, ұлттық әуенге жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарлама естідіңіз бе? Әрине, жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты. Алайда дәстүрлі әнге мемлекет тарапынан назар аударылғанын естіген емеспін. Мемлекеттік қолдау болмаған соң телеарна мен радио да домбыра ұстаған әншілерден теріс айналады. Шетелге көп шықтым. Ұлттық музыкасын насихаттамайтын мемлекет тек Қазақстан ғана. Көршілес Қытай елінде де тарихи әуендері шырқалып тұрады. Бұл әндер ел көп жиналатын әуежай, аялдама, метро, автобустарда қосылады. Мұндай бастама бір жағынан жастарға көңілсіз көрінсе де санасына сіңіп, ұлттық кодын сақтауға оң ықпал етпей ме?
Әншінің меңзеуінше, дәстүрді дәріптейтін бағдарламаның жоқтығынан өнерге деген көзқарас арзандапты. Өнер ордасының ұстазы Алматы қаласының әкімдігі қолға алған жаңа жобаны алға тартып, көңіліне медеу етті. Дәстүрлі орындаушылар театры ашылыпты. Ол жерде тек әншілер бас қосып қоймайды, сонымен бірге, өнертанушы ғалымдардың ғылыми зертханасы, көне аспаптар қоятын жәдігерлер бөлімі, заманауи студиялар ашылып, отандық мәдени өнімдер көрсетілмек. Бірақ бұл Алматыдай алып қалаға, одан қалса, бүкіл елге аздық ететіні анық. Рамазан Өмірәліұлы мемлекет тарапынан ұлттық мәдениетке көңіл бөлінбесе, ғаламтор арқылы халық талғамына сызат түсіретін түрлі бейнежазбалар біздің өнеріміздің өлшемі болмақ. Бұл – қасірет. Ең үлкен қасірет МС Сайлаубек есімді мағынасыз ән салатын белгісіз біреудің ел ішінде танылуымен байланысты. Мақала кейіпкері шоу-бағдарламалардың деңгейін көтеруден, халықты күлдіру мен қызықтырудан туындаған арзанқол шаралар лап етіп жанған қурай тәріздес. Сахнада жансыз дауыста ойқастап жүргендер мен Сайлаубек секілді дүбәрәлардың қасіреті де осы. Мемлекеттен мән берілген мәдениет қана алға басатынын ұмытпаған жөн.
Халық дәстүрлі әнді сағынған. Рамазан Стамғазиев мұны «Қазақстан» телеарнасында басталған «Мен – қазақпын!» мегажобасынан байқапты. Әншілер қазақтың қайнап, буырқанып, пісіп жатқан ұлттық өнерін көмейлеріне сыйдыра алмай, қара домбырамен төгілдіріп жібергенде қайран халық тапжылмай тыңдайды екен. Оның үстіне, кез келген бағыттағы әндерді шырқай жөнелетін сегіз қырлы, бір сырлы жас әншілер шетінен жанып тұр. Иә, халық телеарнадан там-тұмдап берілетін дәстүрлі әндерге қанағаттанбайды. Олар ақпарат құралдарынан қайыр болмаған соң ұлттық өнерін той-томалақтан іздейді.
Той – қалың елдің сахнасы. Әнші көпшілік қуанышта бас қосатын той алаңын кішігірім киелі сахна санайды. «Халық дәулескер күйшілерімен, күміскөмей әншілерімен, ұлттық аспапта ойнайтын өнерпаздарымен жиі қауышқысы келеді. Ал той сондай орта деп ойлаймын. Тойға біреу қорыққанынан, біреу сыйлағанынан, біреу суық есеппен, біреу ұялғаннан келеді. Әр адамда бір мақсат бар. Той өнерді арзанқол жасап жібереді деп үрке қараудың қажеті жоқ. Қайта той қалың қазақтың алтын ортасы. Тойда ән салу арқылы біз өнерді өлтірмейміз, одан әрі дамытамыз», – деген өнер иесі қазақ тарихында дүйім елдің басы қосылған жәрмеңкелерді еске алды. Сонда танымал сал-серілер айлап жатып ән салғанын алға тартты. Бүгінгі той сол кездегі жәрмеңкемен сабақтас болып дәстүрлі ән мен күйге көңіл бөлінсе  құнды мұрамыз құлдырамас еді.
Рамазан Стамғазиев атағын арқаланып, кейбір жас әншілер сияқты тойға шығу құнын белгілеп қойған адам емес. Қазақтың өнерін құрметтеген, тыңдауға шын ықылас танытқан тойларға тегін-ақ барып қайтады. Ол жерде ең бастысы – халықтың алғысын арқалау, ақсақалдардың батасын алу. Өнерге ақшамен шекара қою өз-өзіңді өлтірумен тең. Әнші шешіле сөйлеп отыр. Қалың оқырманға, тыңдармандарына жеткізгісі келетін ойы көп. Оның айтуынша, қарапайымдылық ауылдағы шалдардың шекпенінде ойнап жүрген кезден қалыптасады. Үлкендердің үлгісін көрмеген ұрпақ есейгенде есерсоқ я сәл бақ қонса кеуделеніп кететін сормаңдай болып келеді. Айтары бар өнерпаздың келесі әңгімесі әндегі мектептерге қарай ойысты. Біз әншілік мектептерді ауыстырып айта берудің қаншалықты дұрыс-бұрыстығын сұрадық.
– Мен жоғары оқу орнына түскен кезде мектеп деген ұғым болмайтын еді. Ол уақытта бәрін бір жүйеде халық әндері деп дәріс беретін. 1989 жылы жаңа кафедра ашылып, авторлардың туып-өскен жерлеріне байланысты мектептер қалыптасты. Бірақ Жетісудың әншісі Жетісу мектебінде ғана айту керек деген қағида жоқ. Десек те, өнерде жүргеніме отыз жыл толды, қанмен берілетін иірімдер бар екеніне көзім жетті. Мәселен, мен неге Үмбетәлінің әндерімен шектелуге тиіспін? Мына жақта аспанды қақ айыратын Біржан салдың шығармалары тұрса? Мен Арқаның да, Жетісудың да, батыстың да әндерін шырқай беремін. Бірақ қалай орындағаным халық беретін баға болып саналады. Ең бастысы, қай мектеп болса да қазақтың мұрасы деп қарау керек, – дейді кейіпкер.
Елу жас. Ел еркелеткен Рамазан Стамғазиев 
ердің жасына келді. Бізді орта жасқа жеткен атақты өнер адамының сахнаға шығар алдында дауысын қалай сақтайтыны қызықтырды. «Иә, елуге келгелі дауысты сақтау жағын көбірек уайымдайтыным рас. Тас шайнап, мұз түкіріп жүретін жастық шақтан өттік. Ол уақытта дауысты сақтау туралы бас қатырмаппыз да. Қолымызға домбыра ұстап, бір-екі рет қағып-қағып жібергенде дауысымыз әнге лайықталып қойыла қалатын. Ал қазір басқаша. Салқын тисе, ұйқы қанбаса дауысың бұзылды дей бер. Тамақты күнделікті шайып тұрамыз. Құлақ, мұрын, тамақ дәрігеріне айына екі рет қараламын. Оның үстіне академияда күніне кемінде төрт сағат айқайлаймыз. Алдыма келген студенттерге әннен мысал келтіре-келтіре, кешке дауысымыз қарлығып қалады әуелі», – деп күлді әнші бір шалқалап алып. Шындығында, дауысты сақтаудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, есептік концерт беруге жақын қалғанда дауысқа күтім қажет.
Иә, Рамазан Стамғазиевтың «Күзгі әуендер» атты мерейтойлық концертіне тұп-тура жеті күн қалыпты. «Концертімде өзімнің шәкірттерім және басты қонағым Ұлту Қабаева өнер көрсетеді», – деп әзілдеп қойды сұхбат соңында. Мерейтой иесінің шығармашылықта жүргеніне табаны күректей отыз жыл. Сондықтан, қос қуаныштың құрметіне орай концерт өзгеше форматта өткізілмек. Егжей-тегжейлі сұрағанымызда екі сағатқа созылатынынан ары ешнәрсе тарқатып айтпай қойды. Құпия болсын дегені. «Қандай құпия екенін білгің келсе, – деді бізге тілдей-тілдей екі билетті ұсынып. – Концертіме кел. Қара, қаусаған қарияның тістеріндей екі орын үңірейіп тұрмасын». Бәрі жарасымды. Ағаның алды – ақжайлау. Осы бір ғана жомарттығының өзі оның бүкіл адамгершілігін айшықтап қойғандай. Кіші деп кеуде керген жоқ. Баламен балаша, жаспен жастарша қоян-қолтық араласа кетеді.
Дарынды шәкірт тәрбиелеп шығаратын, кәсіби маман қалыптастыратын өнердің оқу ордасы ұстаз Рамазанның өзін күнделікті шыңдайды. Әнші өзінің Қайрат Байбосыновқа ерген шәкірттік шағын бүгінгі жастармен салыстырады. Кейде өз сөзінен өзі шошынып, жер мен көкті айтып отырғандай үнсіз қалады. Шындық сол, қазіргі жастардың өнерді игеріп кетуі қиын-ақ. Академия ұстазының айтуынша, жастардың аузына шайнап салып беру аздық етеді. Иегін қозғауға да атсалысуың керексің. Ащы шындықты Рамазан Стамғазиев астарлап, күле отырып жеткізді.
– Біздің заманда ән үйрену қиын болатын. Бір топта оқыған төрт шәкірт Қайрат Байбосынов ағамыздың аузына қарап отыратынбыз. Төртеуміз төрт жағынан қараймыз. Біреуіміз пернелерді қалай басатынын, біреуіміз қолды қалай қимылдататынын, біреуіміз дауыс ырғағын бақылаймыз. Міне, бізде сабақ осылай өтетін. Таспаға жазып алудан гөрі миға тоқу оңайырақ көрінетін. Бір таңғалатыным, сондай ұлы ұстаздарда оқыған бірде-бір бала мамандығын тастап яки басқа салаға ауытқып кеткен жоқ. Бәрі өнер саласында өз деңгейлерін бағындырды, – деді өнер академиясын әңгіме өзегіне айналдырып.
Аш қарын адамның алдына бір ғана тағамды ұсынса тойып жейді. Ал ас та төк дастарқанға жайғастырып, алдына сан түрлі тағам қойса не жерін білмей, тойған-тоймағанын сезінбей қалады. Бұл мысалды өнер иесі қазіргі шәкірттеріне қарата айтты. Киелі өнердің ұстазы алдымен алғаш қабылданған студенттерді театрға жібереді. Санаулы минутта күлдіріп те, жылатып та үлгеретін әртістердің актерлік шеберлігіне зер салып қарауға шақырады. «Өкініштісі, бір мамандықтан он бала бітірсе, соның екеуі, үшеуі ғана сахнаға жарамды. Қуаныштысы, қалғандары ғылымға кете алады. Өнерде де ақтаңдақтар өте көп. Соларды зерттеуге жол ашылады. Мәселен, екі шәкіртім магистратураға түсті. Шыңжаңдағы қазақтардың күйшілік дәстүрін ғылыми негізде бізге әкеп таныстырып жатыр. Бір шәкіртіме Қытайдың Күйтің ауылынан өнерге баулитын мектеп ашуға атсалыстық. Қазіргі таңда 200-ден асам бала сол жерде оқиды. Шәкіртімнің шәкірттері келіп осы оқуға түсе бастады», – дейді өнер академиясының кейбір мәселелерін тілге тиек еткен ұстаз.

 

Тағы бірде Қайрат ұстазы: «Әнді қазір іздеңдер. Биікке көтерілген соң ән сендерді іздейтін болады», – депті. Бүгінгі таңда халықтың өнерін ардақтаған әншіге сазгерлер мен ақындар тарапынан түрлі ұсыныс түседі. Тіпті, кейбіреуі әнді орындап берсе бейнебаянын түсіріп, материалдық жағдайын жасауға келісім сұрайтын көрінеді. Бірақ халықтың Рамазан Стамғазиевы өнер мен ақшаны айырбастамайды. Сұхбатымыз қыза түскен. Кенет есік қағылды да ішке тағы бір топ журналист кіріп келді. Түскі үзіліс болса да, қарсы алдымдағы қарапайым адам олардың да сұрақтарына жауап беруге ыңғайланып жатты. Ешкімнің меселін қайтармайтын осынау көркем мінез ауылдағы ақсақалдардың ортасынан, әже әлдиінен қалыптасқанын тағы бір мәрте ойлап өттім де сыртқа беттедім. Шалдардың шекпенінен шыққан даңқты әнші жан-жағынан қаумалаған журналистерге тағы да жауап бере бастады.

Қуаныш ТҰНҒАТАР​.