Ұлттың коды тілінде

Уақыты: 29.05.2017
Оқылды: 1988
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жақсы сөз – көңілдің құлпын ашатын кілт. Дәл осы сөзге ешкімнің түсіндірме күтпеуі де – қазақтың қанға сіңді сөзге сүлей болмысынан болса керек. Әйтеуір, дүниенің қай түкпірінде болмасын сөздің аты аталса, қазақтың аты аталғандай елестейді бізге. Әлде, біз өзімізді-өзіміз жақсы көрудің осынша ғаламат жосығын ерте жасаған ұлт па едік, кім біліпті?! Бұл жақсы сөздің төңірегінде топталып өрбіген бір-ақ ойдың ұшығы екенін айта отырып, сол сөз дегеніңіз жаманға айналса не болатынын ойлап көрдіңіз бе бір сәтке? Ойға не келмейді мұндайда. Отырар кітапханасын дәл бүгін жоғалтқандай күй кешерсіз-кешпессіз. Тым болмаса жетеқабыл. Бәлкім, жақсы сөзіңіз – жарым ырысыңыз селге кетер ме еді көз алдыңызда? Бұл – сөздің құдіреті! 

 

Біз неге
самғаймыз? 
Сіз, бірден бұл сауалдың сөзге қандай қатысы бар деп сұрауға қақылысыз. Оның жауабын осы тараушаның соңын ала бағамдарсыз, бағарсыз. Ол әзірге басқа әңгіме. Газетіміздің өткен сандарының бірінде қалықтау, шарықтау сөздеріндегі «қалық», «шарық» атауларының аспанды білдіретінін тілге тиек еткен болатынбыз. Осы ретте, сол сөздермен мәндес, тіндес «самғау» сөзіндегі «сам» сөзінің де аспанды, кеңістікті білдіретінін айта кеткіміз келеді. Мәселен, «сам жамырау» деген сөз тіркесінде де бұл сөздің аспан ұғымын білдіретінін байқаймыз. Әрине, мұндайда «самаладай жап-жарық» деген сөзді негіз етіп, бұл  сөзді жұлдызбен байланыстыруға да болар ма еді, тәйірі. «Самала» сөзі дербес өзі жарық ұғымын білдірмегенде. 
Енді, осындағы «сама» сөзіне де тоқталғанымыз жөн болар. Ол да қазақы ұғымда аспан ұғымын береді.  Арабша  (сама’ун) сөзінің аспан, көк мағынасын білдіретінін білеміз. Әрі оны бөтенсіп, бөгдеситін қазақ жоқ. Себебі, оның арғы тіні тағы өзіндегі «сам» сөзінде жатса керек. Бұған ерте тарихтағы өзара кірігіп, бөлініп, бірігіп өзгеше лексикологиясын қалыптаған араб, парсы, түрік сөздерінің бүгінгі тұлғалық көрінісі куә болмақ. Бұл тақырып төңірегінде талай қалам тербеліп, сан сұрақтың жауабы берілгені де анық.
Мұндай сөздер әдетте халықтың мәдениетінің жауһары болған ақындар өлеңінде көптеп кездесетіні рас. Соның мысалы,  атақты Кете Жүсіптің: 
Өтілім өз басына жүрсе ұзатпай, 
Жұлдызға тигіз қолды самадағы. 
Хатыма қайтар жауап
            бұл жазылған, 
Ұсталған алтын оқам қамадағы, – 
деген өлеңі. Мұнда ақын «Жұлдызға тигіз қолды самадағы» деп кестелейді. Демек, «сам» немесе «сама» сөзі болсын тек аспан ұғымын білдіреді деген сөз. Осыдан барып «самаладай» (жап-жарық), «самалалы»  (жарығы мол) деген сөздердің туындағанын аңғаруға болады.  
Аңғару демекші, көнеде қазақта «самалық» деген де сөз болған. Оның мағынасы ұрпақ, зәузат, тұқым, үрім-бұтақ, зүрият дегенге сайыпты. Біз қал-қадірімізше індеткен «сама» сөзінің осы атаумен бір байланысы бар сияқтанатыны бар. Оның үстіне қазақтың зүриятын – самалығын «жарығым» деп асыра әлпештеуінің, жеткізе ардақтауының бір мәнісі осында ма еді – кім білген? Біздікі тек зерттеудің аясында зейінді оқырманға бір ойдың сұлбасын сызып, білем деген адамға біреулеп болса да ой түрткі ұсынудың әлпеті-тін.

Тураның
мәні неде?
Бұл сөзге келгенде көптің бірден «Ол енді кәдімгі әділ, анық, ақиқат деген мәндегі сөз ғой» деп шуласуы да, енді бір топтың «аты айтып тұрғандай турау мәніндегі сөз емес пе?» деп екілене жауап беруіне жорық көп. Өйткені жұрт жадында, ел елегінде осы бір сөз осылай ғана сақталып қалғаны жасырын емес-ті. Бұл тақырыпты талқыламас бұрын мына бір жайға назар аударғанымыз жөн бе дедік. Мәселен, осында «екіжүзді» деп неге айтамыз?» деп қайыра тағы сауал қойсаңыз, оған да жаңағыдай жансар бір жауап аларыңыз кәдіксіз. (Әрине, бұл көптің бәрі бұл сөзді білмейді деген ағат көзқарас емес-ті).
Әсілі, «екіжүзді» сөзі әуелде семсер атауын білдірген. Оның аты айтып тұрғандай екі жағында да жүзі бар, қалай сілтесеңіз де икеміңізге қарай «иілетін» таптырмас соғыс құралының өзі-ақ. Яғни, білек қалай сілтесе оның нысанасы сол жақта. Нағыз бүгінгі ауыспалы мағынасындағы екіжүздінің өзі осы семсер деп біліңіз. Мұнан соң «тура» туралы толымды сөзді, тұшымды ойды өзіңіз де тұспалдап үлгерген боларсыз. Дәп солай. Бұрындары «тура» деп жалаң жүзді, түзу қылышты айтқан. Көшпелі де жауынгер халық – біздің қазақ осыдан барып «тура» зат есімін түрлендіріп, өзге сөз табы сыңайында да өз сөздік қорына үстеп алады. Айталық, «Тура биде туған жоқ» деген де осыдан соң тым түсінікті көрінсе ләзім-ақ. Шіркін деңіз: біз де бүгін дәл осылай өз сөздік қорымызды сүбелі де сом сүйекті сөзбен толықтырсақ, молықтырсақ бірсәрі ғой...  
Қыздар неге
«Сәулім»-ге толмайды?
Ұлттың кодын ашу, жадын жаңғырту дегенді біздің де қол соға құп алатынымыздың сыры көп-ақ. Басқасын айтпағанда, ел мен жер тарихынан, ұлт болмысынан сыр шертетін халық әнінің өзі көненің көзі дерсіз. Ыңылдап айтсаңыз, ыңғай бір ырысты тарих суырылып сөйлейді сізге. Естисіз, ойланасыз. Өткенді ойша шолып бір қайтасыз тағы. Қарапайым ғана мына бір өлеңге назар аударып көріңіз. Баяғы бір халық өлеңінің екі тармағы «Қыздар сәулім болғанда жүріс түзер, жүріс түзеп, жігітке көзін сүзер» деп келеді. Бұдан қандай тарихты айтып отырсыз деп тасыр түсінікке ешкім бармас: мұнда қазақтың салты, салтымен қоса сары алтындай салмақты сөзі жатыр бізше. 
Бүгінде бізде ұл да, қыз да балиғатқа толып-толып шығады-ау бір. Ешкім қызға бөлек айтылады ғой деп тектемегесін солай ма, әлде әлбетте деп әлденеше рет еселеп айтқың келетін немкеттілік пен салғырттықтың салқыны ма білмейміз. Айтарманның аузы да, жазарманның жазуы да соны хабарлайды бізге. Солар бақса, қазақтар 15-ке толған қызды «сәулім болып бойжетті» деп есептеген бір кезде. Оны, тіпті халық әні дәйектеп-ақ тұр. «Алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деп жатжұрттық жаны – сәуліміне де осылай дайындалған ғой дана қазақ. 
Сәулімді айтпақшы, бұл сөзді қазақтың қызға қаратып, қисық сөзге қиыстырмай ардақтағаны сол, кей қазақ ат байлары – бұрымдысының атын да кейде осылай атаған. Алысқа, ерте тарихқа жүгінбей-ақ, Сәкен Сейфулиннің басынан өткен бір жайды мысал етсек жеткілікті-ақ. Сәкен серінің «Біздің жақта» деген әні Қарағанды облысында тұрған Сәулім Балабайқызына арналады. Бірақ тағдырдың сызығы екі басқа сызылған деседі білетіндер. Сәкен сүйген арулар туралы алдүзік ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен аялаған арулар» атты кітабы да бар. Бұл енді басқа әңгіме...

«Сел» десе білген, «сер» десе күлген
Иә, сел десеңіз, ешкімнің селт етпесі, қатардағы бір сөз ретінде қабылдай салып өзіңе қарап тұратыны екібастан. Ал осыған ұйқас «сер» десеңіз, құлағынан сенбей бір аңырып, сенген сыңаймен екі күліп айтар ойыңызды әуелде-ақ рәсуә еткісі келетіні бар. Ондайда әзіл, бәлки жұмбақ рәуіште бір сөз айтқандай сөздің аяғын өзің жұтып аласың. Түсінбегені – «қазақтың көрмегенге көсеу таң»-ның кебі-дағы. Басқа дәнеңе жоқ. 
Мүбәда, оған нөсер деген сөздегі кіріккен соңғы «сер» тіркесін «жаңбыр» атауын білдіреді деп айтсаң, «әп, бәсе» деп әп-сәтте, ой қорытатыны анық. Ал алдыңғы «нө» сөзінің «нөпір» сөзіндегі көптің анықтауыш екенін аңғару қиын болмаса керек. Яки, көне заманда «нө+сер» сөзі «қалың+жаңбыр» деген сөзді дәйектегені белгілі. Біздің пайымызша, осыдан барып «әсер» (жаңбырдай төгілген күй), «сері» (төкпеші) сынды біраз сөз қалыптасқан. «Серлету» сөзі де осыдан шыққан. Оның айқын дәлелі – Базар жыраудың мына бір ауыз өлеңі деуге болады. 
Жырау онда: «серлеттім сөздің түрлерін, әр саладан қамтылған» деп төгіп-төгіп алады. Мұнда да «сер» түбірінен жаңбыр исі аңқиды бізге. Тіпті, Базар жыраудың жыраулығы да осында болса керек. Абайша айтқанда, әр сөзді өз кетігіне қалайды. Міне, бұл дала ділмарларының сөзге ұста, ойға жүйрік, ақылға кенен байтақ кеуделілігі.
Қазсаңыз, қазақта қазыналы сөз көп-ақ. Іздеген сайын өз тұнығына тартады. Бәрін айтқың келеді. Келесі бір тақырыпқа жүк болсын деген мақсатпен кейін «сырып», келесі біріне аттасаң, ол да үлкен тақырыпқа сұрана кететіні бар. Осы ретте сөзіміздің  нүктесін “суыртпақ» сөзімен қойып, бір тыныстауды жөн деп таптық. Ел аузында «суыртпақтап айтты», «суыртпақтап жүріп білді» деген сөз жиі айтылатыны рас. Оның түпкі мәніне тағы көп ойланып жатпайтыны анық. Оның түпкі мағынасын білудің де оңай жолы бар. Тағы да халықтың қамбасына «ұрлыққа» түскеніңіз абзал. Атам қазақ «суыртпақтан жинасаң, сорлыға көйлек болады» деп тегін айтты дейсіз бе? Гәптің бәрі осында жатқан жоқ па. Демек, суыртпақ – кездеменің жіңішке қиындысы деген сөз. Сөздікке сүйенсеңіз де осыдан асып ештеңе айтпасы тағы шындық. 

Асылы, біздің мақсат та сын сорып, көптің көлденең бір сөзінен мін қазу емес. Балталаса болмысы бұзылмастай қайран қазақ сөзінің бөлініп ұшқан бір жаңқасын өзіне қосудың жандалбасы деп біліңіз. Пайымды сөздің парқы, мәйекті сөздің нарқы, қайратты сөздің қалпы да қазақта болыпты бұрын. Сенбесеңіз, бізбен бірге сіз де өткен тарихтың тамырын басып көріңіз. Ұлттың коды сөзінде екенін сезінерсіз, бәлкім?!