Құлақ тесудің де тәрбиелік мәні бар

Уақыты: 03.07.2017
Оқылды: 3574
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қыз тәрбиесі қашанда көпшілікті толғандырған мәселе. Әсіресе әже-аналарымыз қыздың әрбір қылығын көзден таса қылмай бақылап отырған. Оның ертең бір шаңырақтың түтінін түтетер келін боларын есіне салып, соған дайындаған. Бүгінде ұрпақ тәрбиесін өзіне аманат еткен, ата-бабамыздың ізгі жолын жалғап келе жатқан жандар жас ұрпаққа дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар беруде. Сондай ұлағатты анамыз – Зейнеп Ахметова. Ұлттық тәрбие шырақшысы  жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойларын былайша өрбітті. 

– Қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағудың үлкен тәрбиелік мәні бар. Қазіргі ата-аналар оны жай нәрсе көреді. Әлі есі толық кірмеген екі-үш жасар қыздың құлағын тесіп жатады. Құлақ тесу ұл баланы сүндеттегенмен бірдей. Өйткені, сүндеттеген кезде баланың бойында бірден өзгеріс пайда болады. Оған дейін де оны аталары «сен жігіт боласың» деп құлағына құйып, психологиялық тұрғыда дайындайды. Сол сияқты  алты-жеті жасқа дейін қуыршақпен ойнап, секеңдеп жүрген қызға да анасы «сен сырғалы қыз боласың, енді кесте тігіп, ою оясың» деп құлағына құяды. Сөйтіп, әйелдер жиналып «құлақ тесер» тойын жасайды. Осылайша, қыздың бойында үлкен өзгеріс пайда болады. Сыңғыр-сыңғыр еткен, шашбау мен сырға қыз баланың жүрісін ретке келтіріп отырған. Қалай болса солай жүретін қыздардың сырға, шашбауы салдыр-сұлдыр етіп, ретсіз дыбыс шығарады. Ал кербезденіп, сызылып басқан қыздың жүрісінен керемет сазды әуен естіледі. Сырғаның тәрбиелік мәні Кеңес өкіметі кезінде жойылды. Оны ескіліктің қалдығы деп білді. Мектепке сырға тағуды тәрбиесіздік көріп, ондай қыздарды пионерге өтпейсің деп қорқытты. Тіпті, студент кезімізде де сырға тақпадық, комсомолға жат қылық саналды. Оны тек сахнадағы әртістер сәндік үшін тағады деп ойладық. 
«Қызға қырық үйден тыйым» жасау дегеніміздің өзі осы сырға салудан басталады. Басына үкілі тақия, комзол кигізіп, сырға тағып, «міне, енді қыз болдың» деп барлығы соған назар аударады. «Қырық үйден тыю» қызды отырса опақ, тұрса сопақ жасау емес қой. Ол қырық үйден бір өнеге көру, қала берсе қара күңнен бір өнеге көру дегенді меңзейді. Бұл да тәрбиенің бір өзегі болған. 
Қазір байлығын көрсету үшін бе, екі жасар қыздың құлағын тесіп, тіпті қымбат, гауһар тасты сырғаны тағып қояды. Бұл баланың балалығын ұрлау болып табылмай ма? Керісінше, 7-ге келген кезінде қызды дайындап, барып сырға тақса, бұл рәсімнің де қыз үшін маңызы зор болады.   
Халқымызда кішінің, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, келіннің атаның кебісіне аяқ сұқпайтын, ененің төсегіне отырмайтын әдептілік үлгісі бар. Жалпы қазақта әйелдер отбасының ғана емес, ағайын-туыстың ұйытқысы болған. Киіз үйді тіккенде шаңырақты ер-азамат көтерсе, оның іші-сыртын сәндеуден бастап барлық үй тірлігін әйелдер атқарған. Сондықтан біз ер-азаматты «шаңырақ иесі», әйелді «ошақ иесі» дейміз. Әсте «он еркек толтыра алмаған үйді бір әйел толтырады». Алла тағала ер мен әйелді екі әлем етіп жаратқан. Екеуінің міндеттерін белгілеп берген. Сол екі әлем бірігіп, тұрмыс құрып, ұрпақ өсіреді. Әйелдер – ерекше жаратылған халық, ұлы күш, шындап келгенде олардың қолынан келмейтіні жоқ. Ақылды әйел кез келген еркекті иілдіре біледі, ал мықты еркектің өзі жаман әйелді түзей алмайды. «Әйел еркектің қабырғасынан жаралған» деп жатады, «қабырғаңмен кеңес» дейді, ол әйеліңмен ақылдас дегені. Қабырғаны иіп көрші, ол иіліп қалған нәрсе ғой, оны ары қарай исең сынады. Қабырғаны түзеуге болмайды. Сондықтан оны әдемілеп, сылап-сипап, майлап, содан кейін дегеніңе көндіруге болады. 
Жалпы әйел – еркектің қасиеті. Соңғы жылдары біз ер-азаматтардың беделін түсіріп алдық. Анау 90-шы жылдардағы қиыншылық кезінде әйел базаршы, еркек қазаншы болды. Ерлер істеп жатқан жұмысынан айырылып, үйде отырып қалды, әйел байғұс ала қоржынын арқалап бір жағы Қытай, бір жағы Түркия асты. Сол кезде біз бүтін бір ұрпақтың тәрбиесін қолдан шығарып алдық. 
Біздің кішкентай кезімізде анамыз «әкең келе жатыр» дегенде үйді жинап, шашылып жатқан ештеңе жоқ па деп айналамызға қарап, бүкіл отбасы тік тұрып қарсы алатынбыз. Сонда әкеміз қатал емес, бірақ  анамыз соншалықты ардақтап, ол кісіні зор етіп көрсететін. Бір жаққа барайын десең, әкеңнен сұрайын дейді. Бір нәрсе қажет болса, әкеңе айтайын дейді. Ер-азаматтың басын зор ететін де, қор ететін де әйел. Ал ол баласының көзінше «сен сорлысың, ақша-таппайсың» деп отырса, ол үйдің баласы әкесін қадірлемейді. Ал сол үйдің қызы өскенде күйеуін сыйламайды. 
Қазіргі қыздардың тәрбиесіне қарап жүрегім ауырады. Бұл өте күрделі нәрсе. Қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді, тұнығы лайланады, толысы төгіледі. Әйелге көп нәрсе байланысты. Қыздың тәрбиесі қандай болғаны келін болып барған жерден көрінеді. Бала тәрбиесі дұрыс болсын десек, қоғамдағы ана жағдайын жақсарту керек. 
Қазақ халқы өзінің ұрпағын тек, «ұят болады» деген бірауыз сөзбен тәрбиелеген. Тек демеген бала тексіз болады. Бүгінде жастарымыз үндінің «холли» мерекесі сынды өзге ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрін сіңіріп алып жатыр. Біз оларға тоқтау сала алмай отырмыз. Мәселен, гүл лақтырып тосып алу, торт кесіп жегізу сынды үрдістер батыстан келген.  Қалыңдық гүл лақтырған кезде қыздар байсырап өліп бара жатқандай әлгіге таласады. Бұл әрбірден соң ұят. Осыған ұқсас, бірақ әдемі орындалатын  ырымдар қазақта да бар. Ұзатылатын қыз келін болған соң үкі тақпайды. Ол енді бөрік, тақия кимейді. Сондықтан өзінен кейінгі сіңлілеріне менің жолымды берсін деп үкісін таратып берген. Соны істеуге болмай ма? Әрине, болар еді. 
Жаңа түскен келін бір-екі күн сәукеле киіп, одан кейін желек салады. Сәукеледегі бет жабатын орамалды «желек» дейді. «Әлі желегі түспеген жас келін» дейтіні сол. Жас келін жыл бойы желек салып жүреді. Ал қазір келін түскенде басына ақ орамал жауып жатады. Ол дұрыс емес. Негізінде ақ орамалды «Сен де ақ жаулықты ана болдың» деп бірінші баласын туғанда қыздың анасы алып келіп салған. Жас келінге жапқан желектің өзі ақ болмаған, көгілдір, күлгін түстес болып келген. 
Бәрі бар қазақта. Тек бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастыра білу керек. Басқа кезде болмаса да Наурыз мерекесінде жаппай ұлттық киім киюімізге болады ғой. Ұлттық киім десе біз етектен жерге дейін далақтап, жеңі салбыраған көйлектерді көзге елестетеміз. Ол кезіндегі орыс, еврей суретшілерінің театрға арнап жасаған көйлектері болатын. Ал қазақтың көйлегі қос етек, камзолы қынама бел, жүріп-тұрғанға ыңғайлы жинақы болған. Қос бұрымды қыздардың шашының өзі осы киімге көрік бере түскен. Ал қазір қарасақ қыздарымыз шашын жайып жүреді. Салтымыз бойынша күйеуі өлген кезде ғана шаш жайып, қара салады. Кейінгі кезде бұл тіпті сәнге айналды. Жалпы шаш жаю дұрыс емес, жайылған шаш біраз уақыттан кейін құрғап, түсе бастайды. Шаштың өзінің бір тоқ секілді тылсым күші бар. Қартайған адамның ұмытшақ келетіні де шашы түсіп, сиреп қалуынан екен.
Біздің бала кезімізде шаш жаю сұмдық өрескел қылық болып көрінетін. Өйткені, тек күйеуі өлген әйел ғана шаш жаяды. Күйеуі өлді, ол енді сәнденуге тиіс емес дегенді білдіреді. Сөйтіп ол бір жыл қаралығы түскенше  жайылып жүреді, қаралығы түскеннен кейін абысындары шашын өреді. 
Үндінің сериалдарында қыз-келіншектердің шаш жайып жүргенін көреміз. Соны көрген біздің жастар еліктейді. Олар бұл сериалдарды біз үшін емес, өздері үшін, өздерінің жастарын батыстық мәдениеттен қайтару үшін түсірді. Әйтпесе, олар күнде ондай ұлттық киім киіп жүрмейді. Бірақ олар сериалдарда көрсету арқылы ұлттық дәстүрлерін балаларының бойына сіңіріп жатыр. Қашан көрсең шырақ жағып, табақтарын ұстап алып, бастарынан айналдырып, құдайына сыйынып тұрады. Неге біз де киноларымызға сыналап ұлттық құндылықтарымызды енгізбеске? Киноға қаншама қаражат бөлініп жатыр, соның ішіне неге ұлттық қадір-қасиетті сұқбасқа? Өзбектің халықтық кино дегендері бар. Соны рахаттанып көресің. Мысалы, «Супер келінді» алайық. Қаншама ұлағат бар сол кинода. Келініне  қиянат көрсетпек болғанымен өзінің міндетін мінсіз орындаған келіннен енесі қателігін түсініп кешірім сұрайды. Бала тумай жатып бесік сатып алу жаман ырым екендігі де көрсетіледі. Қарасаң, ырымдарын да киноға кіргізу арқылы ұлттық менталитетін де көрсетіп жатыр. Неге бізге де сондай кино түсірмеске? 
Мың рет айтқаннан бір рет көрсеткен артық. Тәрбие айтуда ғана емес, көрсетуде. Алдымен жастарға үлгі-өнегеңді бер, бойына сіңір. Әйтпесе, ол қайдан алады, ұлттық тәрбие сабағы не балабақшада, не мектепте жоқ. Менің халық педагогикасынан сабақ өтілу керек деп айтып келе жатқаныма 26 жылдың жүзі болды. Ұлттық құндылық десе қайта-қайта тұсаукесерді, беташарды көрсетумен шектелеміз. Ұлттық құндылық – ең алдымен тіл. Тілсіз ұлт болмайды, одан кейінгі қасиетті Жер-Ана. Жері жоқ ұлт – үй-күйсіз, панасыз жүрген адамдай. Тіл арқылы адамның дүниетанымы, ой-санасы қалыптасады. Ал күнделікті өмір тәжірибесінен салт-дәстүр пайда болған. 
Ұл-қыздарымызға ұлттық намыс керек. Ұлттық намыс дегеніміз – ол өзіңнің қазақ екеніңді, қазақтың қандай болатынын өзгеге таныта білу. Өзбекті қарасақ ала тақиясын, қырғыздар ақ қалпағын тастамайды. Біздің де сөйтіп ұлттық киімімізді ұлықтауымызға болады ғой. Әлбетте бұрынғыдай қос етек көйлек кие алмаймыз, бірақ, ұлттық нақыштағы оюы бар, қазіргі заманға лайықталып тігілген киімдер неге кимеске? Ол бізді басқалардан дараландырып тұрады. Сонда біздің қазақ екенімізді өзге ел жазбай танитын еді. 
Бүкіл әйел шалбарланды. Ол ұлттық этикаға жата ма? Еркек келе жатады, қасында тура өзінен айнымайтын шалбар киген әйелі еріп келеді. Сонда еркек әйеліне «Менің қасымда жүргенде көйлек киші, айналайын, менімен бірдей болмашы» деп неге айтпайды. Мұны мәдениет көреді. Ол басқа елден келген мәдениет. Сондықтан ол бізге жараспайды, есекке үкі таққандай немесе сиырға кілем жапқандай болып тұрады. Міне, осылайша, ұлттық менталитетімізден айырылып жатырмыз.
Ең болмаса тойда қыздар кеудесі ашық ақ көйлек кимей-ақ, өзіміздің ұлттық киімімізді, әдемі сәукелені неге кимейді? Ашуланғанда денесі ашық келінге неменеге беташар жасап, әуре болып жүрсіңдер дейтінім бар. Қалыңдық қайынатасымен би билейді. Қайынатасында да ес жоқ, келіннің жалаңаш тәнін ұстап би билеп жүрген. «Әй, мынау менің келінім ғой, оның тәнін балам ұстау керек қой» деп ойланбайды. Міне, осының бәрінің қате екенін жастарға айтып, жеткізуіміз қажет. Ақпарат құралдары да сол бағытта жұмыс істеуі тиіс. Қазақстанды айналып, шақырған жерлерге барып, екі күнде бірнеше кездесу өткіземін, осының бәрі жас ұрпақ үшін. Олардың біреуі болмаса біреуі құлағына іліп қалсын, тыңдап қалсын деймін. «Білгеніңді айтпасаң ол да күнә» дейді. Маған ата аманаты қалды. Ол кісі халықтық салт-дәстүрді сақтауды өзіне парыз санаған. Атаның өсиет еткен «мен саған айтамын, сен балаңа айтасың, ол өзінің баласына айтады, сөйтіп, ең болмаса бір шаңырақта ұлттық құндылық сақталады» деген сөзі бар. 
Ырымдар да, тыйымдар да жайдан-жай шыққан жоқ, оның бәрінің белгілі бір себептері бар. Мәселен, орыстың баласының тұсауын кеспесең зыр жүгіреді, қазақтың баласы жығыла береді. Өйткені, бізде тұсаукесер ырымы қаншама уақыттан бері қайталана киеге, ұлы күшке айналып кеткен. Ол бізге ғана жұғысты, басқа ұлтқа жұғысты емес. Орыстың салтын қабылдамақ болуға тырыссаң да олай болмайды, өйткені ол тарихи жадыңда жоқ. Ол сенікі емес. Ал мәңгүрт болып жүретіндер өзінің энергетикасынан шығып қалып, өзгелерге кіріге алмағандар. Егер сен ұлтыңның дәстүрін барлық ережесімен қабылдап, орындайтын болсаң, сонда ғана жолымыз ашық болып, елімізді әлемге танытатын жас ұрпақ тәрбиелей аламыз. 
Орыстар айна сынса, естері шығады «к несчастью» деп. Қазақ айна сынса қуанған. Өйткені, ол тылсым нәрсе үйдегі жанды адамдарға келе жатқан бір қатерді айна ұстап қалды деп түсінген. Сол заматта сынған затты жинап, басынан айналдырып аулаққа апарып тастаған. Сынған ыдысқа, ол тіпті әдемі қимас затың болса да қуан. Өйткені ол белгілі бір қиындықтан сені сақтап қалғаны. 
Өзімізде барын қаңсық, өзгенікін таңсық көру жақсылыққа жетелемейді. Мұны дін жолында басқа бағыттарды ұстанған жастарға қарата да айтуға болады. 
Шындығында дін мәселесі қазіргі сәттегі ушығып тұрған мәселе. Біз 70 жыл бойы құдайсыз қоғамда өмір сүрдік те басымызға бостандық келген кезде балаларымыздың көбін сыртқа діннен білім алсын, оқып келсін, халыққа дін шашыратсын деп шетелге жібердік. Өкінішке орай, олар басқаша тәрбие алып, бағыт ұстанып келді-дағы, керісінше, қазақтың бүтіндігін бұзды. Бүкіл қазақтың салт-дәстүріне қарсы шықты. Бұл халқымыздың тұтастығына үлкен қауіп төндіріп отыр. Адасып жүргендер: «келінге сәлем салуға болмайды, өйткені ол құдайға қосақ қосқан, атаңа ас берме, өлген заматта жерле, бұл исламда жоқ» деген уағыз айтады. 
Мен айтар едім, қазақтың дәстүр-салты, ырым-тыйымдарының бірі де исламға қарсы келмейді. Мәселе – арабтың дәстүрін бізге әкеліп тықпалауында. Қазақ ешқашан адамға табынған емес. «Жаманға жалынба, адамға табынба» дейді. Келін келген жеріне бас иіп, ата-енесін, туған-туыстарын сыйлап тұруы керек. Келмей жатып тайраңдаса, сәлем салуға да белі бүгілмей жатса, оның несі келін? Бұл құдайға серік қосу емес, үлкенді құрметтеу, сыйлау.  «Әкеңе ас берме» дейді. Ата-бабалар рухына бағыштап құран оқысам, өзім тазарып, жан дүнием нұрлана түспей ме? Арабтарда өлген адамның жетісін, қырқын беру дәстүрі жоқ, ол түркі халықтарында ғана бар. Егер біз ата-баба жолынан жаңылып, өз дәстүрлерімізден бас тартсақ, мәңгүрт болып кетпейміз бе? 
«Адамды өлген кезде бірден көму исламда жоқ» дейді. Арабтың жері 50-60 градус ыстық, мәйіт шыдамайтын, бірер сағатта иістенетін болғандықтан олар бірден көмеді. Тіпті медицинаның өзінде адамды екі күнге дейін жерлемей күтеді. Өйткені әртүрлі жағдай орын алады, екі күннің ішінде адам қайта тіріліп кететін жайттар болып жатады. Қазақ екі-үш күн алыстағы-жақындағы туыстарының келіп, бір уыс топырақ салуын күтеді. Әрі адам мұндай сәттерде өзінің де ажалды екенін есіне түсіріп, тәубеге келеді. Одан не жамандық көріп тұр? 
Бастарына қара орамал салу мұсылмандықтың белгісі емес. Мұны олар өздерін ерекшелеп көрсету үшін ойлап тапқан. Әйтпесе, оранғандардың бәрі құдайшыл деп айта алмаймыз. Әрқайсысы бірнеше рет талақ тасталған. Біреуі екінші, біреуі үшінші әйелі. Ондайлардың арасын біраз зерттегенмін. Қазақта күйеуі өлген әйелдер ғана қара салған. Оны «қаралы әйел» деп атаған. Бір жыл қара салып, одан кейін қаралығын түсіріп, басқа орамал салған. Қазақтың қыздарына не жоқ, бастарына қайғы тілеп, қара орамал салып немесе сөлпең-сөлпең еткен көйлек киіп. Салтымыз бойынша қыздар тіпті тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салған жоқ. Кәмшәт, құндыз бөрік, үкілі тақия киді. Осының бәрін ұмытуымыз керек пе? Немесе қазақтың керемет сүмбіл шаш, алтын шаш өрімдері, оған тағатын қаншама дүниелері бар, шашбау, шаштеңге, шолпы сынды. Діншіл боламыз деп осылардың барлығын құртуымыз қажет пе? Болмайды. Ол ата-бабамыздан қалған мұра. Олар дінді ұлттың үстіне шығарғысы келеді. Егер дін ұлттың үстіне шығып, үстемдік алатын болса, онда ұлт жойылады. Дін – әрбір адамның өзінің иманы, сенімі. Бүкіл адамзат жиналып, бір түйір құмды жарата алмайды, міне, сізге Алланың құдіреті. Ислам діні өте таза, мөлдір қасиетті дін. Соны түсініп қабылдауымыз керек, бірақ дін мен дәстүрді шатастырып алмайық. Менің айтарым, жүректі тыңдауға тиіспіз. Мұсылман болу үшін араб болудың қажеті жоқ.

Анадан ақыл

Зейнеп Бауыржанкеліні:
– Жас кезімізде ата неге сонша қатал екен деп ойлайтынмын. Мақтау айтатын кездерден ұрысатын кезі көп болатын. Бірақ ол қаталдық емес, ата бізді солай шыңдаған екен.
Сонда айтқан өсиеттері: «алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айтуға тайсалма», «жақсы адамның жақсылығын айтқын, мейірленсін, бірақ жағымпазданба», «жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да жала жаппа» «өзіңді ұнатқан жерге жылтыңдап бара берме, қадірің кетеді», «сақалдының бәрі ақылды емес, сақал текеде де бар». Бұдан артық қандай ақыл керек ойланатын адамға. Осы үлгілі, өнегелі сөздер маған атам қалдырған аманат- тай.