Жақсы құрбы жанға сая

Уақыты: 07.08.2017
Оқылды: 3308
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Халқымызда «Қыздың жолы – жіңішке» деген мәні терең сөз бар. Бұл аталы сөзді көпшілік «қыз – қонақ, сондықтан оны сыйлап, бірінші болып жол беріп, құрметтеу керек» деп түсініп жатады. Шындығында, қыз жолының  жіңішкелігі оның алдағы жолына, тағдырына байланысты айтылған. Қыздың жолы жай жол емес, тайғақты, тар жол. Бойжеткен абайлап, әрбір қадамын аңдап баспаса өмірден опық жеп қалуы әбден мүмкін. Ондай тағдырлар да аз емес.

 

Қыздың қандай болмағы жүрген ортасына, араласқан құрбыларына байланысты. Бұл өмірде қаншама рет дәлелденген ақиқат. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» демекші, өзімен-өзі жүрген қызды елітіп, соңынан ертіп, арандатып кетіп жататын көп жағдайда қасында жүрген құрбылары болмақ. Бұдан барлық құрбы жаман деген ой тумауы керек. Десе де, өмірлік жағдаяттардан да сабақ алып тұрсақ артық болмайды. Осыған орай сүрініп кетіп бүлінген қыздардың тағдыры туралы баяндап өтпекпіз. 
* * *
Сайран бір отбасының үміт артар қызы. Әнді де домбырамен әуелете шырқайды, көрген жігіттің бірден-ақ көңілі құлайтындай көркі бар уылжып тұрған бойжеткен. Ата-ананың берген тәрбиесі бойына әбден сіңісті болған Сайран жеңілтек қыздардан бойын мейлінше аулақ ұстайтын. Жатақханада бірге тұратын құрбысы Сайранның осынау байыпты қалпы мен тәкаппар да өр мінезіне қызыға қарайтын. Сол құрбысы Сайранды өзінің ескі достарымен таныстырмақ болып, «бармаймын» дегеніне қоймастан сыныптастар басқосуына алып барды. Әрине, жастар болғандықтан сыра, ішімдік ішілді. Бір үйді жалдап бас қосқан қыздар мен жігіттер таңға шулап отырды. Мұндай отырысқа еті үйренбеген Сайран басы ауырып, бос тұрған бөлмеге ұйықтап қалған. Бір мезетте денесін ауырлық басып оянып кетті. Бір жігіттің өзін бас салып, ұйпалап-тұйпалап жатқанын көріп, есі шықты. Жанұшырып, құшағынан сытылып шықпақ болып еді, әл-дәрмені жетпеді.  Аузын жауып булықтырған жігіт қыздың айқайлауға да күшін жеткізбей өз дегенін жүзеге асырды. Сайранның әлсіз шыққан дауысын уда-шу болып жатқан қарсы бөлмедегілердің бірі де естімеді. Құрбысы Сайранның осындай жағдайға тап болғанын бөлмеге кіріп келіп, егіле жылап жатқанын көргенде ғана білді. Бұрыннан мінезі бұзықтау сыныптасын іздеп сыртқа шығып еді, оның тіпті ізін суытып үлгергенін сезді. Осылайша бейкүнә құрбысының тағдырын тас-талқан еткен ол өкінгенмен бұл күнді қайта кері қайтара алмасын біліп, дел-сал күй кешті. Ал, Сайранның осы кештен кейін болашаққа деген бар арманы тас-талқан болғандай бірнеше күн ессіз-түссіз сұлық жатты. 
Уақыт өте басын көтеріп, өмір ырғағына қайта ілесті. Күндердің бір күні өзі армандағандай байыпты, байсалды, білімге құштар, өмірлік сенімді серік бола алатын жігітпен танысты. Күнара кездесіп, сыр алысып жүрді. Енді өміріне әр кірді-ау деп жүргенде жігіт Сайран үшін ауыр тиетін тақырыпты қозғап, оның өмірлік жарының барлық жағынан пәк, таза болуы қажеттігін жеткізді. Сайран жігітке бар асылынан айрылып қалғанын айтқанда ол қыздан еріксіз бас тартты. Сайран осылайша дос құрбысының көңілін жықпаймын деп қате басқан бір қадамы үшін бармағын тістеп қалды. 
Алуа да дос қызының құрған тұзағына қалай түскенін білмей қалды. Күнде бірге жүріп, бар сырын бөлісетін құрбысы сол күні кештете туған күнге шақыра келді. Алуаны анасының жібермеймін деген қарсылығына қарамастан өзі жауап беретінін айтып, келісімін алды.  Қос құрбы сыртқа шыққанда екі атты жігіт тұр екен. Алуа оларды бірден таныды. Өздерінен бір сынып жоғары оқыған, мектеп бітіріп кеткен ұлдар. Құрбысы солардың бірінің алдына барып жайғасты да, Алуаға екінші аттағы жігіттің алдына отыруын тапсырды. Олай етпеске болмайтынын, туған күннің бұл ауылда емес, көрші ауылда өтетінін, оған атпен ғана жете алатындарын айтты. Ауыл шетіне шыққанда құрбысы мен атты жігіт «басқа балаларды күтіп аламыз» деп шауып кетті. Ал, Алуа әлгі жігіттің қармағында қалды. Көрші ауылға қарай беттеп келеді. Дәл екі ауылдың ортасына жеткенде қыздың дауысын ешкім естімейтінін, ешбір жанның көмекке жете алмайтынын білген жігіт оны құшағына қысып, сезімін білдіре бастады. Қыз болса аттан қарғып түсіп қашты. Бірақ жаяу қайда қашар дейсің, жігіт тез-ақ жетіп, аттан қарғып түсіп, қызды алып ұрды. Іс біткен соң қызды атқа отырғызып, есігінің алдына әкеліп тастады. 
Алуаның бар арманы осымен аяқасты болды. Өйткені, сүйген, сөз байласқан жігіті бар еді. Биыл мектеп бітіріп, сол жігітке тұрмысқа шығатын күнді асыға күтіп жүрген. Ал мұны қорлаған жігіт ауылдастарына болған жайды мақтанышпен баяндап берген. Бұл сөз Алуаның жігітіне де жетті. Ол бар жайтты қыздың өз аузынан естігенімен кешіре алмайтынын, оның намысы тапталғанын айтып, өз жөнімен кете барды. Алуа болса, мектеп бітірісімен қалаға кетті. Өз өмірінің соқпағын соқты. Бірақ, ауылдағы болған оқиға оның өмірінде мәңгілік із қалдырды. Одан кейін ешбір жанды сүйе алмады. Достарға да сене алмады. Мұның бәрі Алуаның бақытын қызғанып, оны жігітінен бөлу үшін құрбысының құрған жоспары екенін тым кеш білді. Өйткені, біраз уақыт өткен соң бұрынғы жігіті мен құрбысының қол ұстасып, бірге серуендеп жүргенін көрді. Бірақ, олардың да қуанышы ұзаққа созылмапты. Біреуді жылатып, біреудің бақытқа жете алмасы анық. 
Өмір болған соң әрқилы тағдыр болады. Адамдардың да бәрі бірдей емес. Біреуі әсершіл, тым сенгіш, біреуі қызғаншақ, көре алмас, арам ниетті болып келеді. Адал жандар көбіне арам пиғылдылардың қақпанына түсіп қалып жатады. Сұлу қызға сұқтанған ер адамдар да оның болашақ тағдырын ойламастан тас-талқан ете салады. Мұндайға төтеп беру үшін қыздарға өте қырағы болу қажет. Әркімге сеніп, жетегіне ере бермей әр ісін оймен өлшеп барып қана әрекет етуі тиіс.
Шындығы керек, қазіргі қыздардың ойлағаны басқа нәрсе. Жас шағымда ойнап-күліп, көңілді өмір сүріп қалсам деген оймен желік қуып жүр. «Жан-жағымды байқайын, әр қадамымды абайлап басайын» деген ой кіріп-шығып та жатқан жоқ. Бұл тәрбиенің нашарлығынан ба, яки қыздарымыздың ақылының таяздығынан ба, әлде  қоғамның ағысы солай ма деген сауалға жауап табу қиын. Бәрінің де әсері бары рас. 
Бажайлап қарайықшы, кейбір ата-ана өз қыздарын жақсы біле бермейді. Оның басқа жерде не тындырып, қандай іс бітіріп жатқандығына бас ауыртып жатпайды. Баратын жеріне барып келгені, аман-есен жеткені көңіліне медеу. «Қыз қылығы түзде» демекші, бойжеткендеріміздің көбі сыртта түрлі қылық көрсетіп, ойына келген әрекеттерді жасап, жалғанды жалпағынан басып жүреді. Оның бәрінен ата-ана хабарсыз. Қыздарының түнімен қыдырып, темекі шегіп, ішімдік ішіп жүргенін мойындағысы келмейді. Немесе заманның ағысы солай, ода тұрған не бар деп ойлайды. Оның соңы немен тынарын, қызының болашақ өміріне қаншалықты әсер ететінін пайымдай бермейді.
Қыз тәрбиесі – аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін мәселе. Қыздың ерекшелігіне қарай даралап тәрбие беру қазақта ежелден бар үрдіс. Сонау дәуірлерден дәуірлерге, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан халықтық тәрбие жүйесінде «қызға қырық үйден тыйым» жасау қатарына бүгін сөз етілген құрбы-құрдас, замандастармен араласуда да белгілі бір тыйымның болғанын айта кеткен жөн. Ол  қызғалдақтай жайқалып өскен қыздарымыздың ерте солып немесе нәрін жоғалтып алуынан сақтайтын бірден-бір жол.
 
Анадан ақыл
Мәрзия Ақшолақова, көп балалы ана:
–  Достың да досы, құрбының да құрбысы бар. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Өз басым дос қызымның арқасында шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болдым. Студент кезімнен таныс құрбым маған әрдайым «сені ағама алып беремін» деп жүретін. Мен қалжың ғой деп елемейтінмін. Оқуды бітіріп, жан-жаққа кеттік. Бірде ол тұрмысқа шығып, мені тойына шақырды. Тойға барғанымда ағасымен таныстым. Бірден-ақ бұрыннан таныс адамдай ұғынысып кеттік. Оған себепші болған осы құрбым еді. Ол екеуміздің оңаша қалуымызға мүмкіндік жасап, табысып кетуімізді шын тіледі. Бүгінге дейін қайынсіңлім әрі құрбым, өмірдегі ең адал досым болып демеп келеді. Бәрі де адамның ақ ниетіне байланысты. Жақсы құрбы кездессе, қыздың жолы болғаны, ал жаман достың кез келген жерде орға жығып кетері ақиқат. Сондықтан да қыздарға дос-құрбы таңдауда қателеспеу керек дер едім. 
 
Қыз тәрбиесі – аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін мәселе. Қыздың ерекшелігіне қарай даралап тәрбие беру қазақта ежелден бар үрдіс. Сонау дәуірлерден дәуірлерге, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан халықтық тәрбие жүйесінде «қызға қырық үйден тыйым» жасау қатарына бүгін сөз етілген құрбы-құрдас, замандастармен араласуда да белгілі бір тыйымның болғанын айта кеткен жөн. Ол  қызғалдақтай жайқалып өскен қыздарымыздың ерте солып немесе нәрін жоғалтып алуынан сақтайтын бірден-бір жол.
Алма ЕСЕНБАЕВА