Сайлаубектің сандырағы немесе бүгінгі халық талғамы қандай?

Уақыты: 11.08.2017
Оқылды: 1760
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Көзі көгерген, басында қыстық баскиімі бар, үстіне жұқалау келген көк күртеше киіп, өзі де, өзге де түсінбейтін беймәлім дыбыспен былдырлайтын «МС Сайлаубек» есімді «өнерпазды» екі жыл бұрын бүкіл ел тыңдағаны, әсіресе, жастар жағы төбесіне көтеріп әкеткені бұлтартпас шындық. Бірақ қызық үшін қарады деп жылы жауып қойғанымызбен, бұл құбылыс бүгінгі қазақ өнерінің қандай дәрежеде екенін көрсетіп берді. Сайлаубектің ғаламтор бетінде тараған бейне материалдарын көргендердің саны бүгінде он миллионға жуықтапты. Әрине, алғашқы екпінге қарағанда саябырсыды. Бүгінде оның ЕСІМІ атала да бермейді. Десе де, бірі дауысын жоғары бағалап, бірі ұшқын атқан дарынына бас иіп, тіпті, мағыналы сөздермен бейнебаян түсіруге талпынған «өнер иесі» сахнадағы әншілердің ортақ образын паш еткендей. Бұл халық талғамының өскені ме, өшкені ме?

 

Сайлаубектің былдыры қазақ әншілерін шаң қаптырды. Танымалдылық тыңдарманның қызығушылығынан туындады. Қаралымы күннен-күнге көбейіп отырды. Бір жайт анық: Сайлаубек бейнеге кім, не үшін түсіргенін білмейді. Танымайды. Масаң күйде еріккен жас балаларға жолықты, оларға «репертуарынан» бір-екі «рэпті» орындап жіберді. Бейтаныстар бейнекамераға жазып алды, ғаламторға жүктеді. Егер заң жүзінде қудаласақ түсіріп тұрғандарды жауапкершілікке тартып, екінші мәрте түсірмейтіндей айыппұл төлетуге, мастығын пайдаланғаны үшін тағы да заң алдында жауап беруге тиіс пе еді, бәлкім? Ол үшін бейнеге жазылған адамның шағымы керек. Осы тұста қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, оның қолына қылыш берсең, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», – деген сөзі оралады. Бейнеге түсіріп тұрғандардың сықылықтаған күлкісіне қарап жас балалар екенін анық аңғаруға болады. Жаза неге қолданбасқа? Бүгін ғаламторға Сайлаубек шықты, ертең ыржиып-тыржиып екіншісі шығады.
Ең алғаш сахнаға Сайлаубектің өзінен бұрын әні шықты. «Орда» тобы Алматыда болған ашық аспан астындағы кеште ұғынықсыз сөздерден құралған әнге биледі. Ол аз десеңіз, Сайлаубектің өзі бірінші 2015 жылы күзде ұйымдастырылған «Гәкку дауысы» жобасына қатысты. Тыңдармандар арасында ерекше құбылыс болып есептелді. Бірнеше бағдарламаларға қатысты. Ресейдің аты шулы «Пусть говорят», еліміздегі «Айтуға оңай» жобаларына арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сол сәтте ел аузында жүрген Арман Қоңырбаев пен Аша Матайдың тойына шақыртумен барып, «той көрігін қыздырды». Сайлаубектің «өнердегі» алғашқы баспалдақтары осындай.
Біз өнерге кіршіксіз, аппақ деп қараймыз. Ежелден қанға сіңген өнерді жоғары бағалаймыз. Бірақ бүгінде тыңдармандар кімді тыңдап, кімнің әнімен ұйықтап-тұрып жүргенін ұмытып қалғандай. Ұйқасы осал мәтін, дүңк-дүңк еткен музыка өріп жүр. Сахна мәдениетінен бұрын тойдың қамын қатты ойлайтын құлқындылар пайда болды.  Бұл қатарға Сайлаубекті де қосыңыз. Ешкім айтып жатқанын түсінбесе де, есі кеткенше былдырлағанына билеп жүр. Тыңдарман талғамы тозды ма?
Жақында Қуандық Рахымның орындауында «Өлмейтіндер» әні тыңдарманға жол тартты. Сол әннің сөзін жазған айтыс ақыны Нұржан Өмірбайдан: «Соңғы бес жылда қазақ сахнасында айтылған әндердің сөздерін салыстыра келіп, рейтинг жасау мүмкіндігі туса, қайсы әндерді алға шығарар едіңіз?» – деген сауал қойдық. «Рейтинг жасау қиын-ақ. Бірақ Тұрсынжан Шапай мен Қадырғали Көбентайдың әндерін айтпай кетуге болмайды. Ал ақындардан Ринат пен Қалқаман, Ершат пен Қайнардың сөздері мірдің оғындай. Соңғы бес жыл емес, жалпы, қазақ эстрадасында тыңдаудан жалықтырмас Шәмші мен Нұрғиса, Қадір мен Тұманбайлардың туындылары өлмейтін өнер ғой. Жалпы, қазір ән мәтіні мән-мағынасын тауып келе жатыр. Есенқұлдардан кейін ессізденіп кеткен эстрадаға жаңа леп әкелген Талант Арғынғали, Ринат Зайытов, Қалқаман Сариндерге қарыздармыз», – деп түйді.  Өзі ән жазарда басты назарға ұстайтыны: «Басты назар сөз сапасына, мәтіннің мағыналы болуына бағытталады. Әнді әнші орындағанымен, сөз турасындағы сыни сөздердің маған келетінін сезінемін, салмағын да білемін. Сосын әр ән тәрбие құралы болғасын, тәрбиелік мән жағын жіті қадағалаймын. Өз туындыларым перзенттерімдей ғой». Міне, көп ақындарымыз ұмытқан тәрбиелік мән. Осы тұрғыда жастарымыздан Сайлаубектің берер тәрбиесі қайсы деп сұрағың келеді.
Жыры қайда Тұманбай мен  Қадырдың?
Нұрғисалар жалауы еді жанымның.
Есер әуен төрге шығып,
есті алғанда пендешілік.
Сағындым ғой мен сіздерді, сағындым, –
деп ашынады Нұржан Өмірбай ақын. Тауып айтылған шумақ халық талғамына оң өзгеріс әкеле ме, әкелмей ме, ол жағы бізге беймәлім. Біз Сайлаубек қазақ эстрадасының образын айшықтап берді ме деген ой айтқымыз келді. Егер расымен осылай болса, онда әу демейтін қазағы жоқ қоғам әлдеқашан келмеске кеткенін мойындайтын уақыттың жеткендігі де.
Осы орайда әйгілі әнші Мейрамбек Беспаевтің сұхбатынан тағы бір үзінді келтірсек: «Бала кезде шынында да гастрольдік сапарлар көп болды.  Әсіресе ауылды жерлерге көп баратынбыз. Қазіргідей тек қаланың, болмаса аудан орталығынан қайтпаймыз. Ол кезде еліміздің түкпір-түкіпірінде болдық. Домбырамен ғана өтетін концерттер еді ғой. Бір микрофон, кішкене ғана бір колонка болса жететін. Сондықтан бізге ыңғайлы еді. Машинамызға көкем екеуміз отырып аламыз да, кез келген ауылға кіріп кетіп концерт қоя беретінбіз. Қиын-қыстау заманда да біз гастрольге шығып жүрдік. Тегін концерттер бердік. Болмаса кейбіреулер тауық алып келіп, жұмыртқа беріп немесе жолда керектеріңізге жарар деп әртүрлі нәрселер беретін. Ондай да кездер болған. Бірақ сол кездегі көрерменнің өнерге деген сүйіспеншілігі өте ерекше болатын. Әсіресе домбыраға, домбырамен айтылатын есті әуендерге, ескі әндерге халықтың көңілі өте ерекше болатын.  Қазір енді мүлдем өзгеріп кетті ғой заман. Тыңдарманның талғамы басқа болып кетті. Сондықтан мен айтқандай гастрольдер өте сирек. Сол күндерді қатты сағынамын», – дейді. Біз де сағынамыз, әрине. Осындай ойлы сөздерінен кейін Мейрамбекті бұрынғы дарындардың соңғы тұяғы ма деп қалатынымыз да жасырын емес.
Жуырда Мейрамбек Беспаев «Жұлдыз ТВ» арнасына берген сұхбатында Сайлаубек туралы кеңінен айтып өтті. Оның айтуынша, қазақ өнерін аяққа таптағысы келетін теріс пиғылдылар жоқ емес. Солардың кесірінен осындай түсініксіз сөздермен ән айтатын адам танымалдылыққа ие болған. «Концертте «МС Сайлаубек» деген шықты. Не тілін түсінбейсің, не өзінің айтып тұрғанын түсіндіре алмайды. Сол концертке қатар бірге шықтық. Мен ананың дәрежесіне түстім демеймін. Біздің дәрежені, бүкіл әншілерді сол дәрежеге түсірді. Сондай істер жасап жатқан арамызда шапанын теріс киіп алған алаяқтар бар», – дейді Мейрамбек.
Абай айтпақшы, әннің де естісі бар, есері бар. Ақан Сері мен Біржан Сал салған сара жол кейінгі жансыз дауыспен шырқай жөнелетін арзанқол әншілердің бұралаң күйіне түскендей. Өзін-өзі алдаса бір жөн дейміз ғой өкініп. Ең сорақысы, әділ таразы саналатын халықты алдап тұрғанына ешбір саспайтын эстрада жұлдыздары пайда болды емес пе? Әлде, халықтың талғамы да неғұрлым мағынасыз, ұйқассыз сөздерге жазылған жеңілтек әндерге қарай ойысты ма? Түсініксіз.
Біз өнерге кіршіксіз, аппақ деп қараймыз. Ежелден қанға сіңген өнерді жоғары бағалаймыз. Бірақ бүгінде тыңдармандар кімді тыңдап, кімнің әнімен ұйықтап-тұрып жүргенін ұмытып қалғандай. Ұйқасы осал мәтін, дүңк-дүңк еткен музыка өріп жүр.
Абай айтпақшы, әннің де естісі бар, есері бар. Ақан Сері мен Біржан Сал салған сара жол кейінгі жансыз дауыспен шырқай жөнелетін арзанқол әншілердің бұралаң күйіне түскендей.  
 
Қазақтың қазіргі заманғы әні, сахнасы, өнері Сайлаубекпен тұйықталып, біржолата тоқтап қалғандай. Кейде фонограммамен қалың елдің алдында селкілдеп билеп, ән салып жүрген «өнерпаздарды» көргенде Сайлаубек елестейді. Сөзі мен мағынасына мән бермейтін әншілердің бәрін Сайлаубектің қатарына қосқың келіп кетеді. Айырмасы Сайлаубек – арзан өнердің шарықтау шегі, ал дарынсыз әншілер – шарықтау шегіне дейінгілер. Иә, қазақтың тұнық әніне кір жағып жүргендерді «сайлаубекшілер» деп атағанымыз абзал-ау.
 
Серік  ҚАНТАЕВ