КӨШПЕЛІ КӨРМЕ: АБАЙ МУЗЕЙІНЕ 120-ДАН АСТАМ ЖӘДІГЕР ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 02.10.2019
Оқылды: 1463
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Абайдың әдеби-мемориалды музейіне Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейі «Жетісудың жыр дүлдүлдері» атты көрме қойды.

Семей өңірінің тұрғындарына арналған көшпелі көрмеде жыр алыбы Жамбыл, қазақ жырының қара жорғасы Үмбетәлі Кәрібаев, құлагер ақын Ілияс Жансүгіров, Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаев, Сара Тастанбекқызы сынды тұлғалардың жеке заттары, қолжазбалары, музыкалық аспаптары, киімдері, тұтынған тұрмыстық бұйымдары қойылған.

Көрме қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – облысымыздың тарихы, өнері мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, тарихи тұлғалардың есімдерін дәріптеу және музейаралық байланысты нығайту. Көрмеге 120-дан астам құнды жәдігерлер қойылды.

Олжас СМАИЛОВ,

М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері