Қазақ тілі қабілетімді ашты

Уақыты: 30.04.2017
Оқылды: 1839
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ертеңгілік «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасын  көрмейтін қазақ жоқ шығар. Олай болса сізге тележүргізуші, журналист Ирина Теннің есімі таныс деп ойлаймыз. Қазақша көсіле сөйлейтін кәріс қызының хабары, сөз жоқ, көңіліңізден шығады. Ал жеке толғаныстары туралы сыр шертіскенімізде біліміне, рухани байлығына қаныға түстік. Ендеше, оны өз аузынан естиік.

– Ирина, қашанда ұлтаралық достықтың жолы үлкен, Түбі терең. Ол – татулық пен бірліктің кепілі. Сіз бұл сөзге өз тарапыңыздан не қосар едіңіз?
– Меніңше, қай дәрежедегі достық болмасын, оның ниеті ақ, мұраты шындыққа жақ болуы керек. Шын сыйластық еркіндік, теңдік жағдайында ғана жарасымын табады. Біздің әулет оның сан түрлі оқиғаларына куә болған.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттар достығы жаңаша сипатқа ие болды. Оның қағидалары кеңестік кезеңдегіден мүлдем бөлек. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның мазмұны мен бағыты көпшіліктің көңілінен шықты. Қазір бұл ұйымды алыс, жақын шетелдердің өзі үлгі тұтуда.
Себебі, қазақстандық патриотизм идеясы осындай еркіндіктің аясында дамиды. Сондықтан ұлт өкілдерінің көзқарасы мен таңдауына шек қойылған жоқ. Тегіңді, мәдениетіңді, дәстүріңді танып, оны сақтау керек. Оны жас ұрпаққа үйретуге жол ашылды. Мұның ортақ істерге ешқандай зияны тимейді. Қайта өз тарихын дұрыс білген ұлт өзгенің қадіріне жетеді. Өмірдің өзі осыны анық көрсетіп отыр.
Журналист ретінде көп нәрсені саралап, көп нәрсені бағалауға тура келеді. Мен – қазақтың даласы қандай кең болса, халқының құшағы да сондай деп сеніммен айта аламын. Ондай күйді кезінде ата-анам да бастарынан кешірген. Қазақ бауырларымның шапағаты маған да бұйырды.
Бойымдағы қабілетім қазақ тілі арқылы бүр жарды. Ағалар алақанының арқасында қызметімді елге таныттым. Алар асулар әлі алда. Қазақстан – менің болашағым.
– Сіз Сыр өңірінің перзентісіз. Қазақ Сыр елін жыр еліне теңеген. Соның әсері сіздің де бойыңызға дарыған шығар?
– Дұрыс айтасыз, мен Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келдім. Ол жерге деген сағыныш ешқашан сарқылмайды. Сәті түскен сайын туған жерге баруға асығамын. Балалық шақты бірге өткізген құрбы-достармен дастарқанда отырып әңгімелескенге не жетсін?
Сол кезде біз баяғыдай Аралдың құмын табанымызбен басамыз. Теңізді тамашалаймыз. Шағалалар қашан көрінеді деп толқыны толқынға жалғасқан көкжиекке көз тігеміз.
Қазақстанда сұлулығы естен тандыратын шұрайлы жерлер көп. Алайда мен үшін Аралымның жөні бөлек. Оған арналған махаббаттан Отанға деген сүйіспеншілік туындайды. «Мен сағынбас адамдармен дос емен», – деп ақын Төлеген Айбергенов бекерге жырламаған ғой.
Сыр елі – менің бақытым. Сонда туып, сонда өсу мүмкіндігі пешенеме бұйырыпты. Жыр елінің қызы бола тұра қолыма қалам ұстамасам ұят секілді. Журналистік мамандықты таңдап, шығармашылық жолға түскенім сондықтан.
Қазақтың көркем тілімен майын тамыза сөйлейтін тележүргізуші болсам деп армандадым. Ата-анам мені Арал қаласындағы орыс мектебіне ауыстырғанда да алға қойған осы мақсатымды өзгертпедім. Нәтижесінде дегеніме жеттім.
Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыдым. 17 жасымда «Таң» телеарнасына жұмысқа шақырылып, тәжірибеден өттім. Қазір «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпанда» хабар жүргізушімін. Осының бәрі қазақ тілінің арқасында келген жеңістер.
– Елбасы ұлттық рухты шыңдауға қатысты мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Рух шыңдалса, ұлттық бірлік те нығаяды. Осы туралы не дейсіз?
– Қазақ тілінің қасиетті екенін тағы да қайталап айтамын. Осы тілмен өрнектелген салт-дәстүр ережелері жүрегіңе ұялап, сүйегіңе сіңеді. Оның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында айқын көрсетілген. Ендігі жерде жаңаша жаңғырулардың арқасында қазақстандық патриотизм қалыптаспақ. Мақаланың негізгі мәні осында. Ондағы сөздерде Қазақстандағы барлық ұлтты бір тудың астына берік топтастыра алатын қуат бар.
Өзі өмір сүріп отырған қоғамның игілігін көрсек деу – барлық адамның арманы. – Татулық, бірлік сол үшін де керек. Айналаға зер салып қараңызшы, даму бар, кері кету жоқ. Әрине, осындай үдерістердің арасында кейбір кемшіліктердің кездесетіні заңдылық. «Көш жүре түзеледіні» қазақ атамыз баяғыда-ақ өзі айтып, тиісті сұрақтарға жауабын қайтарып та қойған.
Ұлттық салт-дәстүр – үлкен философиялық мектеп. Оның тәлімі жанымызға жақын. Мәселен, анам түс көрсе, оны жақсылыққа жорығысы келсе қазақтың дәстүріне жүгінетін. Көз тимесін деп жеті нан пісіріп көршілерге тарататын. Көршілер батасын беретін. Бұл жұмысты көбінесе мен атқарушы едім.
Көрдіңіз бе, дәмнің киесі адамдарды жақындастырады. Мұны философия демегенде не дейсіз?! Мен осы елдің қызы болғаныма шаттанамын.
– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен Болат МӘЖИТ.