Жеті қыз - аспандағы жұлдыз, жағадағы құндыз

Уақыты: 30.04.2017
Оқылды: 2761
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып, ізгі ұрпақ тәрбиелеу үшін қолыңызда қос-қостан дипломның болуы маңызды емес. «Әркімнің өзіне лайық үлгісі бар, ол біреуге тар, біреуге кең келеді» дегендей, ешқандай оқу, білім, ғылымсыз-ақ ұрпақ тәрбиесі, шаңырақ беріктігі хақында алтын қазық – тәрбие діңін қалыптастырған біздің халықтың көрегендігі мен данышпандығына таң қалмау мүмкін емес. Ата-бабаның қанымен бойымызға сіңген салт-дәстүрді көненің көзіндей сақтаған кейіпкеріміз Марат БІЛМЕСХАННЫҢ отбасы Сарқан ауданындағы Бірлік ауылында тұрады.

БІЗ – БАҚЫТТЫМЫЗ
Моңғолияның Баянөлгей жерінде дүниеге келген Марат Білмесхан мен Март Ағбай бір ауылда, бір мектепте оқып, тай-құлындай тебісіп өсті. Бала күнінен бірін-бірі жақын таныған оларға тағдыр өзінің үлкен сыйын тарту етті. Он тоғыз жасында екі жас үлкен өмірге қол ұстасып, бірге аттанды. Шаңырақ көтерді. Бұл 1999 жыл болатын. Содан бері тұп-тура он сегіз жыл артта қалды. Екі арада қаншама су ақты, өмір өзгерді. Бірінің артынан бірі қыздары Ләззат, Бекзат, Тойлым, Сайрангүл, Үміткер, Айғаным, Мөлдір өмірге келді. 
– Бір отбасында алты қыз, алты ұл болдық. Мен отбасындағы үшінші ұлмын. Әкенің қатал, ананың мейірімге толы мектебінен өттік. Өмірдің тәттісін де, ащысын да бір кісідей көрдік. Қазір Қазақстанда үш әпкем, екі қарындасым тұрады. Біздің қалтада миллион ақша, төскейде мыңғырған мал, басымызда баспана болмаса да біз бай адамдар қатарынанбыз. Себебі, мені жарық дүниеге алып келген ата-анам, бауырларым бар. Қандай кез болса да бір-бірімізге тіреу болатын, менің туыстарымды құдайдай сыйлайтын адал жарым және өмірімнің жалғасы болатын ұрпағым бар. Осылардың амандығы үшін мен жан беріп жұмыс істеймін. Қыздарым жыламаса, таршылық көрмесе дейміз, – дейді Марат. Иә, әрбір ата-ана өзінде болмаса да балаларының қамын бірінші ойлайды. Осындай асылдарымызға бар құрмет пен қошеметті көрсетуді ұмытпасақ екен.   
«Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «Көп бала көгергенімізге жақсы» деп жатамыз. Біздің кейіпкерлердің де ата-анасы бар байлығымыз балаларымыз деп көптеп ұрпақ өрбіткен жандар.
– Еркелеп өскен отбасымда он сегіз ағайынды болдық. Қазір он төртіміз аманбыз. Менің мұндай көп отбасынан шығып, тағы да көп балалы отбасына барғаным Тәңірдің маған берген үлкен сыйы деп білемін. Бағыма орай, ата-енем де бір алтын адамдар қатарынан болды, – дейді Март өткенді еске алып. – Мен он сегіз жыл ол кісілердің алдын кесіп өтпек түгілі, тіке қарап, сөз сөйлеп көрген жоқпын. Атам алдыңғы жылы дүние саларда отағасы Моңғолияға барған. Сол кезде атам марқұм: «Келініме үш қайтара сәлем айтшы. Өмірде ұлым болмады деп қиналмасын, қайғырмасын. Алла берген жеті қызын жақсы тәрбиелесін, сол жеті қызға Жаратқан шекесі торсықтай ұл берер. Ұрпақ солай жалғасады. Келініме разымын», – деп ауырып жатса да үлкен сәлем жолдапты. Қазір шама-шарқым келгенше сол кісінің сөзіне сүйеніп, қыздарыма барынша түзу тәрбие беріп келемін. Енем Баянөлгейде тұрады. Анамдай болып кеткен жан. Қазақтың мықты жігіттеріне бергісіз. Асыл ана. Сол кісіге ұқсап бағамын, – дейді ата аруағына Құран бағыштап, жеті шелпегін пісіруді бұлжымас әдетіне айналдырған текті жердің келіні. Жеті баланың анасы небәрі 37 жаста.
Отбасы деген мемлекеттің құрылып, тәй-тәйлап аяқ басқан жолында кездескен қыратты, таулы, жазық жолдардан бірге өткен біздің кейіпкерлер өмірдің бар сынын көтеруге дайын. Ал біз сөз еткен үлкен әулеттің отанасы тар құрсақты кеңейтіп, тас емшекті жібітіп, жеті қызды өмірге алып келгені үшін Президент Жарлығымен «Алтын алқа» алқасын жарқыратып жүрек тұсына қадаған БАТЫР АНА.   
ТАЛБЕСІК
Бұл отбасында қыз балалар ешқашан да әке мен шешеден бұрын сөйлемейді. Март ананың бойына сіңген ұлттық тәрбиемен сусындаған әр қыз бірінші сөз бастамайды. Қызғалдақтай құлпырған қыздарын жас та болса қос ата-ана қырық үйден тыйып келеді. Ата-баба салған сара жолмен, ұлттық салт-дәстүрмен жүріп-тұрған кешегі күннің аналары жайлы не айтсақ та, қандай мақтау жаудырсақ та артық емес. Осыны алға тартқан олар қыздарын ата-баба айтқан жолмен тәрбиелеуде. 
Баланы көргенді ету үшін алдымен адам өзіне шек қою керектігін сөз еткен отағасы қыздарына анасын үлгі етеді. Қызына ауыл-үйдің бозбалаларын иектетпеу үшін ана бұрынғы алаңсыз ұйқысын азайтқан. 
Шеше өзі білетін өнерін – ісмерлікті, не кісі сыйлап қонақ күте білуді, астың бабын, дастарқанның мәзірін қызына үйретуге міндетті. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш»  деген осыдан шыққан. Анасы аяулы, әкесі ардақты бала әдепсіздікке бара қоймайды. Әке мен шеше бұл билікке бір жағынан баласының қамына бола ұмтылады. Қыз бала тәрбиесі – ата-ананың мойнындағы үлкен аманат. 
– Қыздарым күн өскен сайын бойжетіп келеді. Оларға тек анасын үлгі етемін. Дәл сондай қыз, келін, ана болса ол бір-бір шаңырақтың ибалы да инабатты келіні болады деп сенемін. Әкем марқұм қыз бала тәрбиесіне қатты мән берген. Оларды кеш бата қалса далаға жалғыз шығармайтын. Бастаңғы ұйымдастырылса әпкемнің етегіне жабысып мен қалмайтынмын. Қарындастар ағаның қабағына қарап өсті. Осындай ұлттық тәрбиені қайта жаңғыртсақ, қыз бала ұлт атына кір келтірмес еді. Қыз баланың дауыс шығарып күлгенінің өзі ата-анаға үлкен сын болған. Ұл болсын, қыз болсын ол Алланың әке мен шешенің мойнына артқан аманаты, – дейді қыз бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын әке. 
Әке мен ананың бар сенімі тұңғыш қызы Ләззатта. Ол мектепке дейінгі даярлық мамандығы бойынша Сарқан аудандық колледжінде білім алуда. Үлкен қызынан бастап кенжесіне дейін Март үй шаруасының барлық түріне үйреткен. Қыздары шетінен бесаспап десе де болады.  Одан кейін қыз Бекзат 7-сыныпта оқиды. Бар арманы – әнші болу. Таяуда облыстық «Сырым бар жүрегімде» атты байқауға қатысып, жүлделі орын алған. Жеті қыздың арасы небәрі 1-2 жастан. Олар бір-біріне қамқор. Үй шаруасын да бірге істейді. Үлкеннің бір ауыз сөзі бәріне заң. Тек Қазақстанға келгенде өмірге келген сүт кенже Мөлдір ғана еркетотай. Бесінші көктемін қарсы алған кішкентайды еркелетіп «Қазақстан қыз» деп атағандарының өзі жүрекке жылы тиді. Қызғалдақтай құлпырған қыздары ата-ана сеніміне селкеу түсірмей, үмітін ақтасын деп тіледік. 

БАСПАНА БЕРСЕ...
Жеті қызын ұзатып, құтты орнына қондырса, Марат аға мен Март ана жеті рулы елмен құда болмақ. Көрінген таудың да алыстығы жоқ. Ертең-ақ осы шаңырақтың үкілеген арулары оң босағадан ұзатылады. Осы жолда әсіресе, АНА қандай дайындық жасап жатқандығын білу мақсатында қыз жасауы тұрғысында біраз ой бөлістік. 
Алты жастан жасаса артылатын, жеті жастан жасаса жететін қыз жасауының талабы мен шарты уақыт өткен сайын ұстараның жүзіндей мың құбылып тұрғаны бәрімізге аян. Әркім көрпесіне қарай көсілсе дейсің. Бірақ баласы үшін жанын беруге дайын ата-ана бар жақсыны жарқыратып қыз артынан апарғысы-ақ келеді. Оның бәрі қалтаға салмақ салатыны тағы бар. Кейде жасауды бағалап отырған қауым: «Бір көрпесі кем келіпті», «Ыдыс-аяғы нашарлау екен», – деп беттерін шымшып жатады. Бұл екі жақтың ата-анасын былай қойғанда, тәй-тәй басқан бала секілді жаңадан отау құрып жатқан екі жастың арасына сызат түсіреді. Қандай жағдай болса да қос ғашықтың отбасы болып, аяқтан тұрып кетуінің бәрінен маңызды екенін есте ұстаған жөн. Бірақ көпті көрген ана оған бола бас қатырмайды. Әйел адамға тән барлық ісмерлік қолынан келгендіктен, қазіргі шыққан сәнді де қоса ала жүріп, өз қолынан жасалған бұйымдарды қыз жасауына ұсынғысы келеді. Қыз бала үшін ең қымбат әрі бағалы болып саналатын махаббат көрпесін өз қолымен жасайтын күнді асыға күтіп жүргенін айтты. 
Шаңырақтың тірегі, нәзік жандыларға сүйеу, қамқоршы болып жүрген отағасы жамағайынның азын аулық малын бағады. Қолынан келген істі істеп, тапқанын ұқсатып отырған әйел адамның берекесіне қарап қызығасыз. Қазақ әйеліне тән барлық асыл қасиетті бір бойына жинаған ананың сабыры мен төзімінен үлкен, берік қамал орнатуға болар деген ой түйдік. Өйткені біздің кейіпкерлер елге оралғалы жетінші көктемін тағы да өзгенің баспанасында қарсы алуда. Олар  келген күннен бастап пәтер мәселесін шеше алмаған. Тек бала басына берілетін екі мың, яғни, он төрт мың теңгені қанағат тұтуда. Бірақ ол ақшаның жанында денсаулығы сыр берген жас қыздың жағдайы әлдеқайда маңызды. Жақында Алматыға барып ота жасатқан. Біраз қиналды. Қуанышына орай бала аман. Енді дәрі-дәрмегіне төленетін мемлекеттің беретін денсаулығына байланысты зейнетке шығуы үшін құжат жинап, жүгіріп жүрген ана ертеңгі күннен еш үміт үзбейді. Барына шүкір еткен отбасының мықты қаруы – сабыр. 
Қазір бар күш Мараттың мойнына артылған. Ол кісі шаруа қожалығында мал қарайды. Алайда ақы алмайды. Тек сүтін алып, балалардың аузын ақтан айырмасақ дейді. Бір басында қаншама ауыр мәселе төрттағандап тұрса да қолда барын дастарқанға жайып, кісі күтуге дайын үйдің берекесін еселеп отырған Март ананың ерлігіне қайранбыз. Кеудеде бүлкілдеген жұдырықтай жүрек күніне қанша қуанып, қанша мұңайса да Марат пен Март еш сыр білдірмейді. Бір ғана дүние ақиқат. Ол – ЖАРАТҚАН БҰЛ СЫНАҚТЫ СҮЙГЕН ҚҰЛЫНА ТЕК УАҚЫТША БЕРГЕНІ.
 

АДАМҒА ПАЙДАҢ ТИСІН. Осы сөз біздің жүректі қарайтудан сақтап тұр. Бірақ елім, жерім деп келіп, шиеттей бала-шағасымен әр босағаны тоздырып жүрген отбасының тағдыры бәрінен маңызды. Өзгенің басына түскен сын ертең сізге келмесіне кепіл жоқ. Сол үшін де ел дамуына үлес қосып келе жатқан көпбалалы отбасына өңір азаматтары қол ұшын созып, жоқ дегенде бір бөлме болса да өз шаңырақтарында алаңсыз өмір сүрсе дейміз. Қайғыра жүріп жұбанатын, майысса да сынбайтын қазақтың тегінен шыққан көпбалалы отбасы көпшілік арқасында аяққа тік тұрса деген арман бар. Біз іздеген ШАТТЫҚ, біз байқаған БАҚЫТ, біз куә болған ЖАРАСЫМДЫЛЫҚ, біз көрген ҚУАНЫШТЫҢ барлығы осы әулетке келіп қонақтағандай. Осындай берекелі отбасына шапағатшы болуға асығайық.

Еңлік Кенебаева