Жауынгер жолы

Уақыты: 06.05.2017
Оқылды: 2180
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлы Отан соғысы тарих беттерінде ұмытылмастай жазылып қалды. От пен оқтың ортасында болып, Жеңіс туын желбіретіп, туған жеріне аман-есен оралған майдангерлеріміздің қатары сиреп келеді. Қалай десек те, сол бір сұрапыл соғыс, сұрқай күндер ел басына қайта түспесе екен деп тілейсің.

Жеңіс мерекесі қарсаңында майдангерлердің қатары тағы бір адамға кеміді. Райымбек ауданындағы Саты ауылында туған Әлімжан Баймырзаұлындай  кешегі ержүрек жауынгер, ортамызда жүрген еңбек және соғыс ардагері мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Майдангер ата 1922 жылы дүниеге келген. Аудандағы Күрметі, Жалаңаш мектептерінде білім алған соң майданға аттанған. Атақты Панфилов дивизиясының 898 полкінің құрамында Харьков, Донецк, Артон қалалары маңындағы шайқастарға қатысты. Талай-талай жорық жолдарын басынан өткеріп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Жауынгерлік тапсырмаларын мұқият орындап, бөлім командирінің алғысын алды.
1946 жылы аман-есен елге оралды. Шаруашылықтарда қарапайым жұмыс істеген Әлімжан ата 1948 Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылындағы агрономдар даярлайтын мектепке оқуға түсіп, бітіріп шыққан. Алған мамандығы бойынша Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылындағы шаруашылықта бас агроном болып жемісті жұмыс істеді. Құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін «Көлбастау», «Таушелек» кеңшарында мамандығы бойынша еңбек етті. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан сырт қалған жоқ. Ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы болды. Білім шаңырақтарындағы әртүрлі кездесулерге қатысып, басынан өткен сұрапыл соғыс туралы, мынау жарық дүиенің орны, берері көп бейбіт күннің бағасын білу тұрғысында ұлағатты әңгімелерін ортаға салып жүрді. 
    Әлімжан ата қарапайым жан болды. Көпке сыйлы қарияны білетіндер, көргендер оны ұмытпақ емес. Жүрегі жұмсақ, жаны мейірімге толы қария кішіге құрметті, үлкендерге сыйлы болды. Көптің жүрегінен орын алып қалды. Ел мен жерге жасаған жақсылығы ұмытылмастай. Әсіресе, шаруашылықтарда агроном болып еңбек етіп жүрген кезіндегі егіншілікті өркендетудегі, астық пен картоптың, бидайдың берерін арттырудағы ізденісті еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Білікті маман, бірегей азаматтың еселі еңбек жолдары сол ауылдардағы өлкетану мұражайларына жазылып қалды.
– Әкеміз сондайлық кішіпейіл, мейірімді жан еді. Ешкімге жамандығы болған жоқ. Қолынан келсе әркімге жақсылығын жасағысы келіп тұратын. Бізді еңбекке тәрбиеледі. Адалдыққа баулыды. Ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті. Жоғары білімді маман болуымызға негіз қалады. Одан жаман болғамыз жоқ. Әрқайсымыз бір-бір салада еңбек етіп, үлкен өмірге жолымызды аштық. Кеше ел мен жер үшін сұрапыл соғысқа қатысып, отты кешкен, бейбіт күнде еңбектің өнегесін көрсеткен әкеміздің аты ұмытылмайды. Ол біздің жүрегіміздің төрінде мәңгі сақталады, – дейді ұрпақтары.
Майдангер ата бақытты күйінде осыдан он бес күндей бұрын ғана қайтыс болды. Он бала тәрбиелеп өсіріп, қызын қиясына, ұлын ұясына қондырған жан ұрпағымен өркенін жайды. Биік те мәуелі бәйтеректей жапырағын жая, тамырын тереңіне тарта ғұмырын көркейтті. Алтындай ұл-қыздарымен, күн мен гүлдей немере-шөберелерімен жанын жадыратты, көңілін албыратты. Қараңызшы, 40-тан асқан немере, 30-дан асқан шөбере сүю бақытына ие болды. Кешегі майдангер, соғыс ардагері үшін бұдан асқан бақыт та, байлық та жоқ шығар. 
Сұрапыл соғыста көрсеткен ерліктері, бейбіт өмірдегі еселі еңбектері үшін майдангер қарт, ардақты жан көптеген медальдармен марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Еңбек ардагері атанды. Бірнеше ауданның Құрметті азаматы атанды.
Рас, майдангердің даңқы өшпек емес. Ол ел жадында, ұрпақ жүрегінде жүреді. Тарих болып сыр шертіп тұрады. Ең бастысы, сол бір соғыстағы Жеңіс жер бетінде бейбітшілік орнатты. Сол Жеңістен нұрланған дала жасарып, жаңғырып, адамзат ұрпағымен көгеріп-көктеуде. Жеңіске үлесін қосқан Әлімжан атамыз ұрпағымен ғұмырын мәңгілік етті. Ұлағаты мол ақсақал, берері көп майдангердің ұрпағы кешегі оқ пен оттың ортасында Отан үшін от кешкен әкелерін әрдайым естеріне алып, аруағына Құран бағыштатып, есімін ұмытпай, қадірлеп жүретін болады. Бұл – майдангер қарттың бақыты.


Қанат БІРЖАНСАЛ.
Райымбек ауданы.