Талдықорғанда қызылшамен ауырғандар саны 150-ге жетті

Уақыты: 07.11.2023
Оқылды: 891
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Биыл қызылшамен ауырған адамдардың саны Талдықорған қаласының өзінде 150-ге жетті.  Жыл әлі аяқталған жоқ, ал, жұқпаның өршуі тоқтар емес. Оның алдын алу мен ауыздықтаудың бір ғана жолы - сәбилер мен 30 жасқа дейінгі азаматтарды жаппай егу.

Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің  2023 жыл 01 қарашадағы «Қызылшаға қарсы санитарлық-эпидемиялық және санитарлық- профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы»  №7 Қаулысы  шыққан.  Осы ресми құжаттың негізінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге  толған сәбилерге, сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық иммундаудан қалыс қалған 30 жасқа дейінгі азаматтар, медициналық қызметкерлерді қызылша жұқпасына жаппай иммундау науқаны басталмақ.

Сәбилердің ата-аналары, заңды өкілдері, көздері ашық, көкірегі ояу азаматтар дұрыс шешім қабылдап, екпеден тыс қалмай, қатерлі жұқпаның алдын алуға өз үлестерін қосады деген сенімдеміз.

Екпе медициналық мекемеде тегін жүргізіледі, барлық емханаларда екпе егу бөлімдері ұйымдастырылған.

А. Смайлова,
дәрігер эпидемиолог
Талдықорған қаласы

Сурет: көрнекілікке алынды