Каратэден жетісулықтар жеңімпаз атанды

Уақыты: 09.03.2024
Оқылды: 489

Талдықорғанда каратэден (WKF)-тен юниорлар және жастар арасында ҚР чемпионаты өтті. Ақпан  айының 16, 17, 18 күндері өткен байрақты бәсекеге еліміздің 17 облысынан әртүрлі салмақтағы 500-ден астам споршы қатысып өзара бақ сынасты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл сайысқа түсетін саңылақтарға сәттілік тіліп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Осы орайда шаһар басшысы бүгінде Жетісу жерінде спортты дамытуға баса көңіл бөлініп, көптеген спорттық шаралар қолға алынып жатқанын тілге тиек етіп, болашақта аймақ жастарының әлемдік жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, толағай жеңістерге жететіне сенім білдірді.

Мамандардың мәліметінше, өткен жылы Жетісу облысының спортшылары барлық деңгейдегі жарыстарда 600-ден астам  алтын, 605-күміс, 55-сі қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, аймақта 400-ге жуық  халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық және ауылдық іс-шаралар ұйымдастырылған. Ал, осы жолғы 3 күн бойы жалғасып, тартымды да тартысты өткен каратэ жарысында әр салмақ дәрежесі бойынша жетісулық 5 спортшы жүлдегер атанған. Атап айтсақ, 18-20 жас арасындағылар арасынан 84 келілік салмақ дәреджесінен сынға түскен Жақсылық Эльдар жеңімпаз атанып 1 орынды еншілесе, 14-15 жастағылар арасынан 42 келілік салмақтан Бұхарбай Аружан, 57 келі бойынша Дәлелхан Мұхаметәли, 61 келілік салмақтан Қабытай Индара, 70 келілік салмақтан Жұмағазы Әлғали  жүлделі үшінші 3 орындарға ие болды.

Айдын КӘЛІМХАН