ҰЛТТЫҚ СТАНДАРТҚА СӘЙКЕСТЕНДІРМЕК

Уақыты: 03.11.2017
Оқылды: 1016

    «Олардың бірінде азық-түлік дүкені жоқ болса, енді бірінде дәретхана қарастырылмаған. Талап бойынша жолдан 25 метрге қашық салынатын нысандардың кейбірі күрежолдың шетінде тұр.  Есіктен шыға келген адамды жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік іліп әкетеді», – дейді облыс әкімінің орынбасары. 
     Отырыста Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Сатубеков: «Ауданда 2016 жылдан бастап жол бойындағы нысандардың заңға сәйкестігін анықтау ісі қолға алынды. Бүгінде 38 нысанның ұлттық стандартқа сәйкес еместігі анықталып, оның   16-ы түзетілді. Қалған 22 нысанның айналасында дау-дамай көп болмағандықтан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына, 4 нысанға қатысты облыстық аумақтық жер инспекциясына хат жолданды. Құзырлы мекеменің шешіміне сай жұмыс барысын реттейтін боламыз», – десе, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Кеңес одағы кезінде салынып, бүгінде бос тұрған үш жанар-жағармай құю бекетінің иесі табылмай жатқанын жеткізді. Алайда Айдарбек Естебекұлы қандай жағдай туындаса да маңызды жұмысты кейінге шегеруге болмайтынын қадап айтты. 
     Облыс әкімінің орынбасары халықаралық, республикалық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік дәлізі мен Алматы – Қапшағай күрежолының бойына салынатын сервистік нысандардың орнын анықтау, құрылыс жұмысын қадағалау міндетін ҚР Ұлттық экономика министрлігі өзінің құзыретіне қалдырып отырғанын айта келіп:
Панфилов, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл аудандары жол бойынан бірсүйем жерді де өз еркімен басқаларға бөліп бере алмайды, – деп сөзін түйіндеді.

Қажет АНДАС.