ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 06.11.2017
Оқылды: 1290

     Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мерекелік жиыны өтті. Салтанатты басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және осы салада нәтижелі еңбек етіп жүрген әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

 

     Мемлекет басшысының әлеуметтік жаңғырту саясатын жүзеге асыру бағытында облыстың әлеуметтік саласында 3 мың 301 қызметкер еңбек етеді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 9 арнайы қызмет көрсету мен 3 күндізгі болу орталықтары және аудандар мен қалаларда 51 бөлімше жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 2 мың 570 әлеуметтік сала қызметкерлері нәтижелі еңбек етуде. Олар түрлі ауруға шалдыққан 6 мың 500-ге жуық адамға арнаулы қызмет көрсетеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне сүйенер болсақ, 2017 жылы арнаулы әлеуметтік қызметпен 6 мың 330 адам қамтылған. Нәтижесінде аталған қызметпен қамтылғандардың үлес салмағы 1, 5 пайыз артып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін әлеуметтік ұйымдардың желісі кеңейтілуде.
– Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Баршаңызды мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің қай саласын алып қарасақ та әлеуметтік салаға артылған жүктің салмағы ауыр. Тағдыр тауқыметін тартқан жандарға күн демей, түн демей қол ұшын беріп, қолдау көрсетіп жүрген еңбектеріңіз ешқашанда елеусіз қалмайды. Сіздердің жан жылуларыңыз бен аялы алақандарыңыздан күш-қуат алған жандардың өмірге деген құлшыныстары артатыны белгілі. Тәні ауырған жандардың жанын жабырқатпай, мейір шапағатын төгіп жүргендеріңіз үшін облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан алғыс білдіремін. Қоғамымыздың тұрақтылығы мен тұрғындардың жақсы өмір сүруі үшін әлеуметтік салаға баса көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілете беруіміз қажет. Осыған сіздер де барынша үлес қоссаңыздар біз биік белесті қомақты нәтижемен бағындыратынымыз анық, – деді Жақсылық Мұқашұлы.
     Салтанатты жиында Жақсылық Омар әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі, көп жылғы адал еңбегі үшін бір топ қызметкерге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, «Еңбек ардагері» медалі мен «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісін тапсырып, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады. 
    Облыстық «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» байқауында «Әлеуметтік сақтандыру саласының үздік қызметкері» номинациясы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының маманы Бауыржан Қабдрахманов, «Еңбек инспекциясы саласының үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» номинациясы бойынша Раушан Абданбаева жеңімпаз деп танылып, «Үміт» күндізгі болу орталығының әлеуметтік қызметкері Жібек Әлкенова «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанды. Байқауға қатысушылардың барлығына 100 мың теңге сертификат табыс етілді. Сондай-ақ, «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» атанған «Бәйтерек» күндізгі болу орталығы 300 мың теңгені иеленді.
    Халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда жоғары нәтиже көрсеткен Іле аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Көксу аудандық жұмыспен қамту орталығы 200 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларды іске асыруда белсенділік танытқан «Ерлік», «Спорттық сауықтыру орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігі мен «Талдықорған аймақтық еңбекке орналастыруға жәрдем көрсету қоры» 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. 
    Мерекелік шарада Райымбек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде ұзақ жыл еңбек еткен, бүгінде зейнет демалысындағы ардагер, саналы ғұмырын әлеуметтік салаға арнаған Махмұдбек Жұмағұлов жастарға күрделі де жауапты қызмет жайында кеңінен түсіндіріп, әлеуметтік сала қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаса, «Бәйтерек» күндізгі болу орталығының дефектолог маманы Ақбота Бауыржанқызы үлкен құрметке лайық жандардың еңбектеріне табыс тіледі. 
Кеш Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасты.

Еңлік КЕНЕБАЕВА.