АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ ЖАҢА БАСШЫСЫН ТАНЫСТЫРДЫ

Уақыты: 17.06.2020
Оқылды: 1543
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне жаңа басшы тағайындалды. Ләззат БЕЙСЕҚҰЛОВАНЫ департамент ұжымына таныстырған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жаңа басшының жұмысына табыс, сәттілік тіледі.

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі, жаңа басшының орынбасарлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан тағайындау кезінде өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған облыс әкімі әрбір саланың жұмысын әділдік, адалдық, ашықтық ұстанымдарымен көріктендіруге болатынын атап өтті.

– Сәрсенбінің сәтті күнінде арнайы келіп, орныңызға отырғызуды жөн деп таптық. Кезінде Елбасы, одан кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлердің өзге салалардан биік тұруы керектігін ұдайы айтып келеді. Білім жағынан да, бәрінен де биік болу керек. Мемлекеттік қызметшілердің этикасы бәрімізге бұлжымас меже, айнымас бағыт болуы тиіс, – деген Амандық Ғаббасұлы жергілікті мамандарды қызметте өсіру қажеттігін алға тартты. – Әрбір маман қызметтік сатының барлық деңгейінен өтіп, сол саланың жұмысын жетік білгені дұрыс. Сонда ғана саланың тамырына қан жүгіріп, жұмысы жүреді. Сондықтан, Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан ұжымдардың бәрінде орынбасар қызметін абыроймен атқарған азаматтарға сенім білдіріп жатырмыз. Жұмыс болған соң кемшілігі мен жетістігі қатар жүреді. Оны жеткізе білу басшының ұжымды басқарудағы шеберлігіне байланысты. Сізді де сондай биіктерден көре берейік! Еңбек жолыңызға қарасақ, мемлекеттік қызмет сатыларынан өтіпсіз. Алдағы уақытта өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосады деп сенеміз!

Ресми шарада сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Ләззат Бейсеқұлова білдірілген сенім үдесінен шығуға күш салатынын жеткізіп, артылған жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін атап өтті.

Көксу ауданында дүниеге келген Ләззат Мұқатайқызы Талдықорған қаласы әкімі аппаратының бас маманы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық басқармасы персональді басқару бөлімінің кеңесшісі, облыстық департаменттің мемлекеттік қызметті өткеру бөлімінің және мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары – Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы