МЕРЕЙ ТАСЫҒАН КҮН

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 1078
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биылғы Тұңғыш Президент күні Кербұлақ жұртшылығы үшін  мерейлі күнге айналды. Аудан орталығындағы бір көшеге хан Абылайдың шөбересі, әйгілі Тезек төренің есімі берілсе, Сарыөзекте аяқкиім тігетін цех ашылып, өңірдегі кәсіпорындар саны мен сапасының артуына сеп болды. Дәл осы күні шұбарлық тұрғындардың да қуанышы еселенді. Ауылға алғаш рет тіршілік нәрі тартылып, үйді-үйлерде мөлдір судың сылдыры естілді. 

Ұлы тұлғаның ұлағатты ғұмырын ұрпағы ұмытпақ емес. Сарыөзектіктердің көкейінде алдағы уақытта да баба есімі жаттала бермек. Оған себеп, ауыл шетіндегі жаңа шағын ауданның бір көшесіне Тезек төре есімінің берілуі. Облыстық ономастикалық комиссияның бұл шешіміне ел-жұрт дән риза. 

Салтанатты шарада сөз алған Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиев аймақ жұртшылығын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Бағдат Байшалұлы бұдан әрі батыр баба ерлігін баяндап, рухани жаңғырған елдің әмәнда рухты ерлерін іздеп, олардың ерлігін өнеге-насихат ететінін айтты. Осыған орай өлкетанушы Азамат Ақылбеков те өз лебізін ортаға салды.
– Заманында жан-жақтан анталаған жаудан қаймықпай халқына пана болған батыр бабамыз Тезек төре ерлігін есте сақтау – бүгінгі өскелең ұрпақ парызы. Ол батыр ғана емес, айтыскер ақын әрі күйші болған. Мұндай ұлы тұлғамен  әр қазақ мақтануы керек, – деді ол. 
Күреңбелдік ағайынды қуантқан тағы бір жаңалық – аудан орталығында аяқкиім тігетін цех жұмысын бастады. Шағын кәсіпорынды ашқан екінші топтағы мүгедек Асхат Талғарбаев есімді азамат. Өндіріс орнының ашылу салтанатында Бағдат Әлиев  Асхаттай азаматтың ерлігінің жұртқа үлгі болуы керектігін атап өтті. Әкім екі қолы алдына сыймай бос отырған азаматтардың қолынан да мұндай шаруалар келетінін, бірақ олардың талпынып, талаптанбайтынын тілге тиек етті. 
Асхат – бұрынғы шебер. Бүгінгі кәсіпкер. Өз ісін бастауына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ықпал еткен. Мемлекеттен  1,5 млн. теңге грант ұтып алып, қаражатқа қажетті құрал-жабдық сатып алған. Енді мұнда айына 40 жұп әртүрлі аяқкиім тігіледі. 
– Мемлекеттің жәрдемі арқасында ақыры өз кәсібімді бастадым. Қазірше мұнда тек ерлерге арнап аяқкиім тігіледі. Болашақта қыз-келіншектердің сұранысын өтемекпіз. Өзім сияқты сөйлеу қабілетінен айырылған 4 азаматты жұмысқа алып отырмын. Олар өз ісінің шеберлері, – дейді кәсіпкер. 
Сарыөзектен 100 шақырым қашықта  жатқан Шұбар ауылында да сүйіншілеткен жаңалық. Өзен бойындағы елді мекеннің өзекті мәселесі ауызсу болған. Бұдан былай шұбарлықтар суды алыстан тасып ішпейді. Екі құдықтан атқылап шыққан су екі шақырым құбыр арқылы екі жүзден астам шаңыраққа жетіп отыр. Мұндай игілікті жоба көктемде басталып, әуелгі көзделген мерзімнен бір айға жуық уақыт бұрын біткен.
Ауыл тұрғыны Нүкетай Күзембаеваның айтуынша, бұрындары Шұбар жұртшылығы суды күн сайын тасып ішіп, таңнан қара кешке дейін ауыл мен өзен ортасын жол қылған. Осылайша ұзақ жыл күткен жаңалық биылғы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай айтылып, шұбарлықтардың шүкіріне ұласты. Бейбіт еліне, берекелі жеріне, кемеңгер басшысына риза болған халық алғыстарын жаудырды.
Мұндай алғыс, тілектер Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиында да айтылды. Әбікен Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде бас қосқандар ел мен Елбасының амандығын тіледі. Соңынан көпшілік ауыл өнерпаздарының ән мен биін тамашалап, мәз-мейрам болып тарқасты.
 
Қозыбай ҚҰРМАН,
Кербұлақ ауданы.