Павлодар жұмысқа шақырады

Уақыты: 07.12.2017
Оқылды: 1272
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Павлодар облысынан келген арнайы делегация Шелек ауылында болып, өңіраралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Делегацияның құрамында ондағы жұмыспен қамту орталығының өкілдері, ауыл әкімдері, білім мен денсаулық сақтау және ауылшаруашылығы мекемелерінің басшы қызметкерлері болды. Солтүстіктен келген топтың бұл аймақты таңдауының себептері жоқ емес. Біріншіден, ауданда халық тығыз орналасқан. Екіншіден, біздің өңірде халықшаруашылығына қажетті мамандар, жас кадрлар шоғыры жеткілікті.

Ауыл әкімдігінің мәжіліс залында өткен өңіраралық жәрмеңкеге қатысушылардың қарасы мол болды. Ең алдымен сөз алған Павлодар облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева жиналған жұртқа аталған шараның екі жаққа да тигізетін пайдасы туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, оңтүстікте жұмыс күші көп. Есесіне, солтүстік аймақта мамандар тапшы. Сондықтан, жәрмеңке барысында өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген азаматтарға жол ашылатынын сөз етті.
Бұдан кейін жұмыс беруші топ келушілердің әрқайсысымен бетпе-бет сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оларға көрсетілетін жеңілдіктер жайында жан-жақты мағлұмат берді. Мәселен, әр азаматқа көшіп барғаны үшін жолдың және бір жылдық пәтер ақысы мемлекет есебінен төленетіні айтылды. 
Өңіраралық жәрмеңкеде 195 бос жұмыс орны келушілердің назарына ұсынылды. Оның ішінде, әсіресе, мұғалім, балабақша тәрбиешісі, механизатор, дәнекерлеуші және наубайшы сияқты мамандықтарға сұраныс көп екен.
– Биыл Еңбекшіқазақ ауданы бойынша біздің мекемеге 4106 адамнан өтініш түскен еді. Солардың 1615 адамы тұрақты жұмыспен қамтылды. Енді осынау ортақ іске өңіраралық жәрмеңке өз пайдасын тигізіп отыр. Соның нәтижесінде 5 отбасы Баянауыл ауданына қоныс аударды. Павлодар облысынан келген жұмыс беруші топ бұған дейін де ауданымызда болып, насихат жұмысын жүргізген. Алдағы уақытта да осындай іскерлік байланыстар жалғаса бермек. Соның арқасында жұмыссыздар саны азая түсетіні анық, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарла-        малар бөлімінің басшысы Қалдыкүл Айсина.

Болат МӘЖИТ.
Еңбекшіқазақ ауданы.