Құрылыс жобасымен танысты

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1008
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Күннен-күнге тотыдайын таранып, сәулетіне сән қосып келе жатқан Талдықорған қаласының ажары айшықтала түсуде. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары көрген жанның көңіліне қуаныш ұялатады. Осы ретте сұлу шаһардың кескініне көрік қосар жаңа және халыққа қызмет көрсету сервистік нысандарының жоба-жоспарымен облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ танысып, аталған салаға жауапты мамандарға бірқатар тапсырма жүктеді.

Ағымдағы жылы облыс орталығын абаттандыруға байланысты атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Қаладағы бірнеше көше мен аялдамаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар бірқатар жаңа нысандар ашылып, ел игілігіне берілді. Жер астымен тартылған газдандыру жұмысы да жоспарға сәйкес жүзеге асырылған. 
Облыс басшысына Талдықорған қаласы бойынша алдағы уақытта салынар құрылыс жоба-жоспарын шаһар әкімі Бағдат Қарасаев баян етті. Айтуынша Талдықорған – Үштөбе, Алматы – Талдықорған бағытындағы республикалық, облыстық маңызы бар жол бойына халыққа қызмет көрсету сервистік нысандары орнатылып, жаяу жүргіншілер өтетін көпір салынбақ. Сонымен қатар газдандыру жұмысы да қарқынды жүргізіліп, аялдамалар күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Ажарлы қаланың келбетіне көрік қосар су бұрқағы сынды бірқатар нысанның салынуы да алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа.
Алматы – Талдықорған – Өскемен бағытындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының Көксу ауданына қарасты бөлігіндегі сервистік нысандар туралы аталмыш ауданның әкімі Алмас Әділ баяндады. Алмас    Қабдұлұлының сөзінше, жол бойындағы талапқа сай келмейтін нысандар сүріліп, жаңалары салынатын болады. Сонымен қатар Балпық би кентінен Талдықорғанға дейінгі аралықта шамдар орнатылып, самаладай жарқырап тұрмақ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.