ҚИЯР ӨСІРУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Уақыты: 13.02.2024
Оқылды: 371
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кейінгі кездері шаруа бастап, еңбегін көрсетіп жатқан еңбеккерлер көп. Соның бірі Талдықорған қаласының тұрғыны - Бағдат Нұрғали. Ол жергілікті жұртшылықты қиярмен қамтамасыз етіп келеді және бұл іспен айналысқанына бірнеше жыл болған. Бұл бизнесті жүзеге асыру үшін 80 миллион теңгеге жуық жеке қаржысы мен несие қаражатын инвестициялаған. 


Бағдат Нұрғалидың жылыжайында піскен қияр жылына екі рет жиналады. Көптеген талдықорғандықтардың жаңа жылдық дастархандарына дәл осы Бағдат пен оның ағасы Ринаттың еңбегімен өскен балғын қияр тұрады. Қиярдың ендігі терімі көктемде болады, ал қазір қиярдың жаңа көшеттерін күн сайын мұқият қарап, күтуде.

- Біз голландиялық жоғары өнімді қияр өсіреміз. Тұқым мен тыңайтқыштарды Шымкенттен сатып аламыз. Наурызда біз жаңа піскен ұсақ қиярларды жергілікті нарыққа көтерме бағамен сатуды бастаймыз. Бізде бірнеше сауда нүктелерімен нақты келісім бар, бағасы маусымға байланысты. Мысалы, қыста біз 1 килограмм қиярды 900 теңгеге саттық. Егер бәрі біз ойлағандай болса, екінші терімде 50-60 тонна қияр жинауды жоспарлаудамыз. Жалпы, біз күніне шамамен 100-200 келі қияр жинаймыз. Жазда жерді демалдырамыз, тыңайтамыз, дәрумендермен құнарландырамыз, содан кейін қияр өсіруді қайта жалғастырамыз, - деп атап өтті Бағдат Нұрғали.

Кәсіпкер қияр көкөнісінен бөлек осы көктемде қияр көшеттерін де сататынын жеткізді.

Шаруа өнімділік көрсеткішін арттыру үшін биыл "Ауыл аманаты" бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр. Бағдарлама аясында жеңілдетілген пайызбен берілетін несие қаражатын жылыжайға қажетті жабдықтарды сатып алуға бағыттамақ.

Бағдат Нұрғали жылыжай қызметкерлері үшін ас үй мен жеке жуыну бөлмесі бар 6 адамға арналған шағын екі бөлмелі үй салып берген. Үй толық газбен қамтылған. Қызметкерлерге баспана тегін беріледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"