КӨЛІК КӨПТЕП САТЫЛУДА

Уақыты: 17.02.2024
Оқылды: 418
Бөлім: ЭКОНОМИКА

2023 жылы елдегі ресми дилерлер 200 мыңға жуық автокөлік сатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 60%-ға жоғары. «Қазақстан Автокөлік одағы» мамандарының мәліметінше, бұл көлік өндірісіндегі ең жоғарғы көрсеткіш.


Бұл ретте нарықтағы отандық көліктердің үлесі 70% -ды құрады. Бүгінгі таңда қазақстандықтар қандай автокөліктерге басымдық береді? Мәселен, былтыр ел азаматтары «Hyundai», «Chevrolet» және «Kia» маркалы көліктерді көп сатып алған. Сондай-ақ, жүргізушілер «Chery», «Toyota», «Haval», «Jac», «Changan», «Jetour» және «Exeed» көліктерін таңдаған. Өткен жыл соңында 23 мың адам автокөлік кілттерінің иелері атаныпты.

«Қазақстан Автомобиль одағы» заңды тұлғалар бірлестігі өкілі Қайрат Еламановтың сөзінше, соңғы жылдары қазақстандықтардың жаңа автокөліктерге деген қызығушылығы арта түскен және оны көп сатып ала бастаған. Жыл өткен сайын «жаңаның аты жаңа» қағидатын ұстанатындар да көбеюде. Яғни, бұл автопаркті жаңартуға оң серпін береді. Автоөнеркәсіп саласы бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындарда жұмыс орындарының саны артқан. 

Қазіргі кезде аралас салалар мен дилерлік орталықтарды есепке алмағанда, онда 6 мыңға жуық адам еңбек етеді. Осыдан-ақ жаңа жобалардың жүзеге асырылуы жақсарып, сала дамуының алға басқаны байқалады. Өткен жылы елде 150 мыңға жуық автокөлік түрлері шығарылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғары. 

Сондай-ақ, компоненттер өндірісі бойынша жобалар іске асырылуда. Бұл Қостанай, Алматы қалаларында, ал Қарағанды облысының Саран қаласында шиналар өндірісі бар. Қозғалтқыш бөлшектерін өндіру жоспарлануда.

Бұдан басқа, 2025 жылы елде екі жаңа автокөлік өндірісі іске қосылмақ. Олардың бірі – Қостанайдағы зауытта, онда «Kia» маркалы машиналар шығарылады. Ал Алматыда «Chery», «Changan» және «Haval» автокөліктерін шығармақ.

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ