Мал өсірсең қой өсір...

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1172
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде ауылшаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Солардың қатарында «Сыбаға» және «Алтын асық» бағдарламаларын айтуға болады. 

Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ ауылдық округіне қарасты Жалаулы ауылының тұрғыны, «Абзал» шаруа қожалығының төрағасы Қанапия Саниязов биыл мемлекеттің «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жұмысын бастады. Оның көптен бергі ізгі арманы мен биік мақсатының бірі аталған бағдарлама аясында жұмыс жүргізіп, асыл тұқымды арқар-меринос қойын өсіру және малды өз төлі есебінен көбейту болатын. Сол арманына биыл қол жеткізді. Аудандық жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын өткізіп, ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 7 жылға 6 пайызбен     5 980 мың теңге несие алды. Аталған қаражатқа 180 бас асыл тұқымды арқар-меринос саулығын, 7 қошқар сатып алып, шаруасын жүргізіп келеді. 
– Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры біз секілді мал шаруашылығын дамытуды көздеген жандарға қолайлы жағдай жасап отыр. Екі жыл үзілістен кейін несиені қайтара бастаймыз. Аман-есен қой басын өз төлі есебінен көбейте берсем, жағдай жақсара түседі деген сенімдемін. Алған несиені де қайтаратын боламыз, – дейді Қанапия Саниязов.
Аталған қожалықтың 25 гектар егістік, 15 гектар шабындық, Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінен алған 100 гектар жайылымдық жері бар. Қазір Қанапия қойын бағып, оған қажет мал азығын дайындап, жұмысты қыздыруда. Өмірлік серігі Айнұр Исаева көмекшісі. Ерлі-зайыпты еңбекқор жандар 3 қыз, 2 ұл өсіріп, қанаттандыруда. Олардың алды отау көтеріп, жоғары оқу орындарында оқып жүр. 
Атамыз қазақта «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөз бар. Өрісін қоймен көркейтіп, үлкен іске бет бұрған Қанапияның алар асулары алда деп ойлаймыз. Атакәсіп – ерге нәсіп. Ендеше, «Сыбаға» бағдарламасымен қой өсіруді қолға алған азаматтан күтеріміз көп.

Қ. САТЫБАЛДЫ
Кеген ауданы