Теңгемен сауда жасайық

Уақыты: 17.10.2018
Оқылды: 855
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ұзынағаштың базары аптасына алты күн жұмыс істейді. Тұтынушылардың қатары үзілмейді, саудагерлердің саудасы қызып тұр. Жақында халықаралық валюта – доллар бағамының күрт өсуіне байланысты шетелден әкелінетін киім-кешектің, тіпті, өзімізде өсірілген жеміс-жидек, көкөністің бағасы қымбаттады.

Саудагерлерден: «Неге бағаны көтеріп қойдыңыз?» – деп сұрасақ, барлығынан бірыңғай: «Доллар бағамының өсуіне байланысты», – деген жауап естиміз. Доллардың құны шетелден әкелінетін тауарларға қатысы бар делік, ал отандық өнімдерге оның қандай әсері тимек? 
Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын доллар бірден екі есе көтерілген шақта: «Әрқайсымыздың сөздік қорымыздан «Теңге» сөзі түспеуі тиіс. Доллар ол шеттен тауар алатындар үшін. Қазақстандықтар осыған бейімделуі керек. Біздің елдің ұлттық валютасы теңге екенін ешқашан ұмытуға болмайды», – деген болатын. 
Сонда да халықаралық валютаның рөлі түсер емес. Қарапайым халық оның мән-жайына терең бара бермейді. Бірақ іштей күйзеледі. Саудагерлерге «доллар бағамы өсіпті» деген сөз тіркесі жақсы сылтау болды. Оңай олжа кімге опа әперген, осы жағын да ойланса ғой. Осыдан соң баға тұрақтылығын қадағалайтын құзырлы органдар қайда қарап отыр деген заңды сауал туатыны рас. Дағдарысқа қарсы стимул тудыру үшін жалақы да бағамен қатар өсіп отырған жоқ. Санадағы осындай сан сұрақпен Ұзынағаштың базарына қарай жол тарттық. Ондағы мақсат – саудагерлермен сұхбаттасу, олардың ойын білу. 
Саудагер Роза Шакирова: «Біз тауарды Түркия мемлекетінен алып келеміз. Барып-келетін жол ақысы және басқа да шығындарымыз бар.  Сондықтан бағаның қымбаттауы дұрыс деп ойлаймын. Ал енді бақшасына егілген немесе шаруа қожалықтар өсірген жеміс-жидек, көкөністің, ет-сүт өнімдерінің долларға тәуелділігі дұрыс емес. Жыл сайын беріп жатқан өнімнің бағасын өсірудің қажеті жоқ. Доллар бағамының көтерілуіне байланысты бағаның өзгеруі тек шетелден әкелінетін тауарларға ғана қатысты, ал Қазақстанда өндірілген кез келген тауарға әсері жоқ. Себебі, Қазақстан республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде ұлттық валютасы – теңге. Теңгемен ғана сауда жасау туралы Елбасымыз да айтқан. Өзіме келсем, мендегі тауар бағасының өсуіне әсер ететін бір фактор ол – доллар бағамының көтерілуі. Себебі, халықаралық валюта курсының өсуіне байланысты Түркиядағы біз сатып алып келетін тауарлардың бағасы да қымбаттады. Сауда отбасымдағы жалғыз күнкөріс көзі болғандықтан тауарды өз бағасынан арзан сатуға мүмкіндігім жоқ. Сауданың аты сауда ғой. Егер доллар тұрақты болса, онда тауардың бағасы да тұрақты. Бағаны көтеруге ешкімнің құлқы жоқ. Тауар бағасы қымбаттаған сайын тұтынушылардың саны азаяды. Іштей ұлттық валютаның рөлі күшейгенін тілеймін. Сауданы теңгемен ғана жүргізгім келеді, бірақ, өкінішке қарай, ақша айырбастау пункттерінен доллар сатып алуға мәжбүрмін. Қосымша қаржыны да доллармен сақтаймын. Себебі, жинағаным тиын болып қалудан қорқамын», – дейді. 
Міне, саудагерлердің пікірі осындай. Дағдарысқа қарсы қолданатын қару –  теңгені сауда айналымынан шығармау, «Қазақстанда жасалған» деген бренд  санын арттыру, патриотизмді күшейту болмақ. 

Меруерт ЕСЕЙ
Жамбыл ауданы