ҚОЙДЫ ҚОЛДАН ҰРЫҚТАНДЫРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Уақыты: 04.02.2019
Оқылды: 3829
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Әлемдік нарықтағы бәсекелестік мал шаруашылығы өнімін өндіруде отандық тұқым мен әлемдік тектікқорды ғана емес, сонымен бірге заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, ғылыми-өндірістік жұмысты ұштастыра жүргізуді талап етеді. Статистикалық есеп бойынша биылдың қаңтар айында елде 16,4 млн. бас қой бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 2,2 пайызға жоғары.

Былтырғы көктем-жаз мерзімінде ел бойынша 38,2 мың тонна жүн қырқылды, бұл 2017 жылға қарағанда 0,8 пайызға артық. Қой саны бойынша алғашқы үш орынды Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары иемденді. Осы аймақтардың отандық жүн өндірісіндегі үлесі 56,5 пайыз. Жүн өндірісі бойынша Алматы облысының орны ерекше. Жетісу жерінде қазақтың биязы жүнді қойы мен қазақтың арқар-мериносы және етті мериносы кең тараған. Қой шаруашылығы саласындағы селекциялық, технологиялық зерттеудің бас үйлестіруші мекемесі, байырғы ғылыми орталық – Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ филиалы, Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының осы облыста орналасып, шаруашылықтармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуі биязы жүнді қой шаруашылығының сақталуы мен дамуына елеулі ықпал етуде.

Қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру, қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ ғалымдары «Жайылымдық қой шаруашылығына арналған машина жүйесі мен тиімді технологияны игеру (қойды қолдан ұрықтандыру, жүн қырқу, үлбірлі тері және тон шикізатын сақтаудың жылжымалы бекеттері)» тақырыбындағы ғылыми жобаны жүзеге асыруға күш салуда. Жобаның мақсаты – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жайылымдық қой шаруашылығына арналған машиналар жүйесі мен тиімді технологияларды игеру және өндіріске ендіру. Жоба осыған  байланысты шығынның қысқа мерзімде қайтарылуын қамтамасыз етеді.

Жүн қырқу мен қойды қолдан ұрықтандырудың жылжымалы бекетін игеріп, өндіріске енгізу аймақтардағы мал тұқымы өнімділігінің құндылығын бағалап, оның ішінде бағалы қошқарды, аймақтың табиғи жағдайы мен аналық мал басының ерекшелігін ескере отырып ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Бағалы генотипті мал жыныстық жасушасын биотехнологиялық әдіс арқылы жоғары өнімді қойды жылдам көбейту үшін пайдалануға бағытталған ғылыми ізденістің өміршеңдігі күмән тудырмайды. Қашырым кезіндегі малдың қоңдылық деңгейі олардың төлшеңдігіне үлкен әсерін тигізеді. Қойды қолдан ұрықтандырудың жылжымалы бекеті, мал қоңдылығын жоғары деңгейде ұстауды қамтамасыз ететін алыс жайлымды тиімді пайдалануға жол ашады. Қой шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік беретін технологиялар мен машиналар жүйесін игеруге бағытталған ізденістерді саралауда Австралия, Жаңазеландия және отандық жүн дайындау технологиялары салыстырыла талданды.

Нәтижесінде, қойды қолдан ұрықтандыру, жүн қырқу, үлбірлі тері, тон шикізаттарын сақтауда жылжымалы бекеттерді игерудің ғылыми тәжірибелік мәнінің зор екеніне көз жеткізілді. Технология қой тұқымын асылдандыру, жүн қырқу және оны тасымалдау мен өңдеу фабрикаларында шикізатты сақтау жұмысын тығыз байланыста жүргізуге мүмкіндік береді. Көшпелі қой шаруашылығын қайта жаңғыртуға бағытталған ізденіс аталған саланы дамытудың заманауи талабына сай. Сонымен бірге қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Р. ОМАРОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор

Т. КЕНЖЕБАЕВ,

ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты