АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕСЕП БЕРДІ (толық нұсқасы)

Уақыты: 20.02.2019
Оқылды: 1711
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ ел алдындағы есеп беру жиыны Б.Римова атындағы облыстық драма театрында өтті. Әкімнің есебін тыңдауға, елдің аманатын жеткізуге жер-жерден келгендердің қарасы көп болды. Облыс әкімі халық алдындағы есеп беруінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын жан-жақты сөз етті.

– Барша жетісулықтардың бірігіп атқарған еңбегінің арқасында өткен жылы экономиканың негізгі салаларында оң динамика сақталды, – деп бастады сөзін Амандық Ғаббасұлы. – Жалпы өңірлік өнім 3,5 пайызға өсіп, 2,7 трлн. теңгеге жетті. Ауылшаруашылығы, өнеркәсіп салаларында өсім байқалып,  бөлшек тауар айналымы, құрылыс жұмыстарының көлемі артты. Облысымызға 574 млрд. теңге инвестиция тартылып, 31 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, бұл жоспардан 5,8 мыңға артық, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді. Бюджетке 387 млрд. теңге түсті.

Өткен жыл облысымыз үшін табысты болды. Солардың қатарында жетісулықтарға қуаныш сыйлаған оқиғаларды атап өткім келеді.

Біріншіден, халықтың ұзақ жылғы қалауы орындалып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Райымбек және Кеген аудандары қайта құрылды. Соның нәтижесінде 700-ге жуық адам өз туған жерлеріне қайта оралды.

Екіншіден, халық – біздің басты байлығымыз. Осы орайда, облыс тұрғындарының саны 2 миллионнан асып, республикадағы ең ірі аймаққа айналдық.

Үшіншіден, Елордамыздың 20 жылдығына байланысты Астананың төрінде Жетісудың тұмарындай болған «Жетісу» саябағын жаңарттық. Саябақтың жаңа келбеті астаналықтарды қуантып, Елбасы облыс жұртшылығының еңбегіне жоғары баға берді.

Облыс экономикасының тұрақты өсімі Мемлекет басшысының Жолдауларын, Бес әлеуметтік бастамасы мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы қамтамасыз етілді. Өз Жолдауында Елбасы индустрияландырудың жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан, еңбек өнімділігі жоғары өңдеу секторына баса назар аударылуы тиіс. Ол облыс өнеркәсібінің 86 пайызын құрайды.

Ірі кәсіпорындарда цифрландыру мен инновациялық технологияларды пайдалану есебінен өнеркәсіп өнімінің көлемі 884 млрд. теңгеге жетті, биыл 1 триллионға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Өткен жылы трансұлттық компаниялардың қатысуымен 9 жобаның (республикалық тізімге енгені 16) екеуі жүзеге асты. Бұл – Іле ауданындағы сорғы құрылғыларын шығаратын  немістің «WILO» компаниясы және Қапшағай қаласындағы отандық ұннан азық-түлік және жартылай фабрикаттар дайындайтын «Маревен Фуд» зауыты.  Мұнда шығарылатын өнімнің 80 пайызы Орталық Азия елдеріне «Қазақстанда жасалған» деген сауда белгісімен экспортталатын болады. Биыл экспортқа бағдарланған тағы үш ірі кәсіпорын ашу жоспарда бар. Нақты айтатын болсақ, «Лукойл» ресейлік компаниясы Іле ауданында майлау материалдарын шығаратын зауытты,  Сингапур-Қытай компаниясы Кербұлақ ауданында  «АлаЦем» кірпіш зауытын,  Біріккен Араб Әмірліктерінің «Феникс» және «Заря» компаниялары «Қорғас – Шығыс» қақпасы арнайы экономикалық аймағы аумағында екі құрама жем зауытын іске қоспақшы.  Нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіпке 87 млрд. теңге инвестиция тартылып, экспорт көлемі 6 пайызға өсіп, 395 млн. долларды құрайтын болады. Өткен жылы бұл орайдағы көрсеткіш 298,3 млн. доллар болған.

Облысымыздың басты драйвері – ауылшаруашылығы. Халықтың 80 пайызы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауылдарға жағдай жасау – басты міндетіміз болуы керек. Дамыған елдердің тәжірибесінде, мысалы, Норвегияның мұнай-газ саласында табысқа жеткен бизнесмендері қаржысын ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағыттайды. Бізде де осындай озық тәжірибе жоқ емес.

Жақында Кеген ауданына барғанымда бұрын мұнай саласында жұмыс істеген кәсіпкерлердің қомақты қаражатқа ірі қара мал өсіру және оның етін өңдейтін кешен салғанын көріп, риза болдым.

Бүгінгі күні 6 мың бас ірі қара бордақыда тұр. Болашақта жоғары сапалы «мрамор» етін өндіріп, экспортқа шығаратын болады.

Алдағы уақытта облыстың барлық аймағында ірі кәсіпкерлерді ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тартып, қолдау көрсетуіміз керек. Сонда жаңа жұмыс орындары ашылса, жастарымыз ауылдан кетпей, тұрақты еңбек етер еді.

Бұдан кейінгі сөзін  ауылшаруашылығы саласында атқарылған істерге бағыттаған облыс басшысы жалпы өнім көлемінің 700 млрд. теңгеден асып, агроөнеркәсіп кешеніне 82 млрд. теңге инвестиция тартылғанын атап өтті. Егіс алқабы ұлғайтылып, қант қызылшасын өсіруге айрықша көңіл бөлінгеніне тоқталды. Атап айтар болсақ, 442 мың тонна қызылша жиналып, орташа өнімділігі әр гектардан 400 центнерге жеткен, ал Ескелді ауданында 520 центнерден өнім алынған. Көксу және Ақсу қант зауыттары 42 мың тонна қант өндірген. Биыл қант қызылшасының көлемін 14 мың гектарға жеткізіп, 485 мың тонна тәтті түбір алу жоспарланып отыр. Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын қалпына келтіру, Қапшағай қаласында жаңа қант зауытын салу көзделуде.

Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізудің нәтижесінде соңғы он жылда жүгерінің өнімділігі арта түскен. Райымбек ауданында картоп өсіру қолға алынған. 26 бірлік техника мен картоптың элиталық тұқымдары сатылып алынып, екі сервистік-дайындау орталығы құрылған. Алғашқы 100 гектарда өнімділігі 300 центнерді құраған, бұл әдеттегіден 2 есе жоғары.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ирригациялық желілерді қалпына келтіру ісі басталып, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. 15 мың гектардан астам суармалы жер қалпына келтірілген. Биыл 25 мың гектарды қалпына келтіру жоспарланып отыр. 2022 жылға дейін бұрын айналымнан шыққан 126 мың гектар суармалы жер пайдалануға берілмек.

Облыста мал мен құс басы көбейген, ет, сүт, жұмыртқа өндірісі арта түскен. Мың тонна ірі қара мал еті экспортталып, биыл оның көлемін 4 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы өңделген ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты 28 пайызға артып, 60 млн.  АҚШ долларына жеткен.

Ауылшаруашылығы өнімдерін егістіктен тікелей дүкенге дейін жеткізу үшін оңтайлы логистика құру қажеттілігі артуда. Бұл мақсатта әлемге танымал "Ранжис" француз компаниясымен бірлесіп, күніне 1000 жүк көлігін өткізе алатын сауда-логистикалық хабтың құрылысы басталмақ.

Халықтың өзін-өзі қамтуына жол ашатын бірден-бір сала –шағын және орта бизнес. Онда 115 мың адам еңбек етеді, бұл облысымыздың әрбір төртінші тұрғынының кәсіпкерлікке бет бұрғанын көрсетеді.  Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы» шеңберінде 4,4 млрд. теңгеге 265 субъекті қолдау тауып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 1339 адам 6,1 млрд. теңгенің  шағын несиесін алған. Мұнымен қатар «Даму қоры арқылы 6,4 млрд. теңгенің көмегі көрсетілген.

Облыс экономикасына туризмнің қосар үлесі жылдан жылға артып келеді. Биыл туристердің саны 2 миллионға жетіп, Алакөлге келушілер саны бір миллионнан асқан. Елбасының Алакөлге келген сапарында берген тапсырмасына орай Үкіметтің қолдауымен бірқатар мәселелер шешімін табуда. Демек, ұшып-қону алаңы қайта құрылымдалып, жағалауды бекіту, кәріз жүйесін тарту және сумен қамтамасыз ету  жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, туризм саласы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «ҚазақТуризмнің» бірлесе әрекет етуімен тау кластері құрылуда. Жыл басында «Ой-Қарағай – Лесная сказка» тау шаңғысы кешені ашылды. 2020 жылға дейін тау шаңғысы курорттарының  жұмысын жандандырып, келушілер қатарын екі есеге арттыру жоспарда бар.

Баяндамасында халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылған, қолға алынатын шараларды айтып өткен Амандық Ғаббасұлы:

– Қуанышпен айтар бір жаңалық, өткен жылы шағын және орта бизнесті дамытуда 100 жаңа кәсіпорын ашу сынды ауқымды істі қолға алып, оны толықтай жүзеге асырдық. Соның арқасында 25,5 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарласақ, 31 мыңнан аса жұмыс орнын құрдық.

2019 жыл «Халықтың әл-ауқатының өсуі, өмір сапасы мен табыстарының артуы» деген ұранмен өтпек. Қазір біз үй құрылысына, жол жөндеу, газдандыру, ауыз сумен қамту, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына қолдау көрсету мәселелеріне көңіл бөлудеміз.  Облыс бюджеті оған толық мүмкіндік береді.

Біріншісі, қолжетімді баспана. Былтыр қаржыландырудың барлық көздерінен 713,2 мың шаршы метр баспана салынып, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 39 мың шаршы метр үй тұрғызылды. Бұл аз. Бізде баспана кезегіне тұрушылар саны артып келеді. Қазіргі таңда бұл қатарды құраушылар 43,3 мың адам, ал жер телімдері бойынша 151,6 мың адам кезекте тұр. Сондықтан биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұмысты екі есеге арттырмақпыз. Мұнымен қатар несиелік, арендалық, коммуналдық үйлер, барлығы 924 пәтер тұрғызылатын болады.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша үй салынатын жерлер анықталып, 2025 жылға дейін 4 млн. шаршы метр баспана тұрғызылып, 104 мың отбасы үйлі болмақ. Алғашқы жарнасын төлеу үшін 1 млрд. тенге бөлінген. Баспана алатындардың қатарына мұғалімдер, медицина қызметкерлерімен қатар халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына жататындар, оның ішінде көпбалалы отбасылар да енгізілді.

Екіншісі, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау. Ол үшін облыстың Әлеуметтік картасы жасалуда. Өткен жылы әлеуметтік көмектің әр түрімен 234 мың адам қамтылса, бұл мақсатқа 13,8 млрд. теңге жұмсалды. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Одан бөлек, бұл санаттағы тұрғындарды қолдауға 3 млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу мүмкіндігі қаралды.

Көпбалалы отбасылар үшін облыс орталығында екі көпэтажды тұрғын үйді жобалау жұмысы басталды және коттеджді қалашықтан баспана да ұсынылмақ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 млн. теңгеден, барлығы 300 млн. тенгенің тұрғын үй сертификатын бермекпіз.  Табиғи газға қосу бойынша да жеңілдіктер қарастырылуда, бұл мақсатқа 500 млн. теңге бөлінеді. 16 мың жеке тұрғын үйге пештен ыс шыққанын айқындайтын құрылғылар орнатылады. Жыл сайын көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларының жоғары оқу орнына түсуі үшін 100 грант бөлінеді. Қазіргі таңда грант бойынша 246 бала білім алуда. Жағдайы төмен отбасының балалары мектепте 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бүгінде 32 мың бала тегін ыстық тамақпен, мектеп формасы мен, жазғы демалыспен  қамтамасыз етілген.

Көпбалалы аналардың қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қаралатын болады. Бүгінге дейін мұндай жеңілдік түріне зейнеткерлер, студенттер мен оқушылар ие болып келді.

Балабақшалардағы көпбалалы және аз қамтылған отбасы жеткіншектерінің тамағын субсидиялауға да  1,2 млрд. теңге қарастыру көзделуде. Ол арқылы ата-аналардың балабақша төлемақасының 50 пайызын ғана төлеуіне мүмкіндік ашылмақ.

Әр аудан, ауылдық округтерде электронды әлеуметтік карта жасалады. Мұнымен қатар облыс және аудан орталықтарында «Бір терезе» қағидаты бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына қызмет көрсету орталығы ашылмақ.

Қазіргі уақытта орын алған әлеуметтік жағдай тұрғындардың түсінбестігінен туындап отыр. Осы мәселені шешуге Елбасы нақты тапсырмалар берді. Облыс, аудан, ауылдық округтер әкімдері бұл тапсырмаларды орындау жолдарын қарастырып жатыр.

- Бізде барлық мүмкіндік бар. Тек, бұл мәселеге терең үңіліп, үлкен жауапкершілікпен және адамгершілік тұрғыдан қарау керек. Сонымен қатар, сабыр сақтап, төзімділік таныту да мәселені шешуге оң ықпал етеді деп ойлаймын. Шешілмейтін мәселе жоқ. Түйінді мәселелерді дұрыс әрі тиімді шешу үшін біз бар күш-жігерімізді салатын боламыз, - деді облыс басшысы.

СҰРАҚ-ЖАУАП

Есепті кездесуде облыс әкімі Амандық БАТАЛОВҚА аймақтың әр өңірінен келген тұрғындар, әсіресе, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандар көкейінде жүрген сауалдарын қойды. Оң шешімін табуы тиіс сан сұраққа құлақ асқан Амандық Ғаббасұлы оларға тұщымды әрі мазмұнды жауап берді. Әкімге қойылған сұрақтардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге қатысты өрбіді.

Әкім есебінде автокөлік жолдарын жөндеу, таза ауыз су және баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үйлерге газ тарту, жер мәселесі, үй ауласын абаттандыру, өнер, туризм саласын дамыту, жаңа қазандықтар орнату, ұрлық-қарлықты болдырмау мәселелеріне назар аударылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын жандандыру, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, алдағы уақытта апатты жағдайда және сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан үйлердің жайына ден қойылды. Бұған қоса «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға мән берілді. Халықтың ішінде жылдан-жылға құлпырып, көркейген Талдықорған қаласында кино түсіруге қызығушылық танытып отырғандар да табылды. Осы орайда, Алматы қаласынан келген өнер иесі Рүстем Омаров жаңа түсіріліп жатқан фильмінің бесінші маусымын Жетісудың кіндік қаласында түсірсем деген ойын білдірді. Бұл әкім тарапынан қолдау тауып, ол қаламызда былтыр күзде ашылып, пайдалануға берілген субұрқақ сияқты жаңа нысандарды бейкөрініске түсіруді ұсынды.

Жиында бірқатар ана әкімге кіріп, мәселелерін айту үшін кезекте айлап тұратындарын айтты. Бұл сауалға жауап қайтарған Амандық Ғаббасұлы көп кешікпей оларды қабылдайтынын жеткізді. Сонымен бірге, халық тарапынан жазбаша қойылған сұрақтарға да жауаптар қайтарылды.

     Қуаныш ҚАПАНОВ, жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

– Зағип жандарға оқу үшін тифло-техникалық құрылығы алуға қаржылай қол ұшын берсеңіздер.

     Амандық Ғаббасұлы:

– Әрине, осы бойынша арнайы бағдарлама бар. Қаражат қарастырып, міндетті түрде көмек көрсетеміз.

     Қуат КҮНБОЛАТОВ:

– Су құбыры мен кәріз жүйелерінің қақпақтарын ұрлауға құмартатындардың қатары көп. Сол себепті аталған жүйелер ашық қалып, адам өміріне қауіп туындайды. Осындай жолмен келген қақпақтарды қабылдамайтындай шаралар қолданылып, арнайы белгісі бар, яғни, Үкіметтің қолданысындағы қақпақтар бөлек болса, ұрлық-қарлыққа жол берілмейтін еді деген ойымыз бар. 

      Амандық Ғаббасұлы:

– Біз әрқашан осындай жағдайдан сабақ алып, дер кезінде қажетті шараларды қолға алуға тиіспіз. Сондықтан, техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, салаға жауапты қызметкерлер бұған ерекше көңіл бөлулері керек. Қазір осы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар жүріп жатыр. Бұл үнемі назарда.

      Қала тұрғыны:

 Күйеуім «Талдықорған Көркейту» ЖШС-нде жұмыс істейді. Айтайын дегенім, аталған мекемеде күн-түнге қарамастан демалыссыз еңбек еткен асыраушымызды жолда автокөлік қағып, қазіргі кезде ауыр халде жатыр. Осы дұрыс па, адам белгіленген уақытта демалып, жұмысты да өз ретімен істеу керек қой. Осыған шара қолдансаңыз деп едім. Балам екінші дәрежелі мүгедек. Пәтер кезегі де жылжымады. Басшысы да жағдайымызды сұрауға жарамады. «Үйімізді су басып жатыр», деп қала әкімінен де көмек сұрадық. Еш нәтиже жоқ.

     Амандық Ғаббасұлы:

– Келіп, жағдайыңызды айтқаныңызға рахмет!. Жолдасыңызға амандық-саулық тілеймін. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, осы мәселе бойынша қажетті жағдайдың бәрін жасап, көмектесіңіздер. Бұл мәселе назарда болады.

     Тұрсын ӘБДУӘЛИЕВ, зейнеткер:

– Қалада тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлерін газбен қамтамасыз етуге қандай жеңілдіктер қарастырылған және шаһарды газдандыру жұмысы қашан аяқталады?

      Амандық Ғаббасұлы:

– Өздеріңіз білесіздер, бүгінде газдандыру бойынша жұмыстар өз ретімен жүріп жатыр. Ал, газға қосу жұмыстары өте төмен деңгейде. Осы бойынша салаға жауап беретін тұлғаларға тапсырмалар бердім. Газға қосылатын барлық абоненттің саны елу мыңнан асады. Соның ішінде сіздер де барсыздар. Осы жұмыстарды тездетіп жүргізу үшін бес жүз миллион теңге қаражат бөлдік.

     Светлана СӘДУАҚАСОВА, қала тұрғыны:

– Анам екінші дәрежелі мүгедек. Өткен жылы шипажайға жолдама алу үшін есепте тұруға өтініш жаздық. Бірақ, кезегімізді әлі тосудамыз. Осы жылы анам жолдама алуға мүмкіндігі бар ма? 

     Амандық Ғаббасұлы:

– Әрине, болады. Себебі, біз осы бойынша қаражат көлемін екі есеге ұлғайттық. Аты-жөніңізді жазып қалдырыңыз.

     Ғалымжан ҚАРАМАНҰЛЫ, журналист:

– Соңғы жылдары мынандай жағдайлар байқалады. Мәселен, кейбір жас әкімдер мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды өздерін дәріптеу мақсатына қолданады. Ал сіз ғаламтор желілерінде көп көріне бермейсіз, бірақ танымал сайттардың бірінде рейтінгісі жоғары көшбасшы әкімдердің қатарындасыз. Айтыңызшы, мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз? Сондай-ақ, сіздің журналистеріңіз Америка, Жапония сияқты шет елдерде өтетін семинарларға қатысу үшін жиі сапарлайды. Мұндай жақсы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба ма?

     Амандық Ғаббасұлы:

– Жалғасады. Бізде талантты журналистер өте көп. Сондықтан, олардың талабын ұштап, дамыту үшін шетелдерге жіберіп, оқытып, тәжірибе алмасып тұруымыз керек. Нәтижесі жаман емес. Мәселен, былтыр облыстық «Жетісу» телеарнасы «Үздік өңірлік телеарна» атанса, облыстық «Жетісу» қоғамдық-саяси газеті «Үздік аймақтық басылым» деп танылды. Бұл - біз үшін үлкен мақтаныш. Ал маған ешқандай PR-дың керегі жоқ. Менің кім екенімді бәрі біледі. Сондықтан, айтатыным, тек нақты істермен шұғылдану керек.

     Жанат БУРАХАНОВ, Кербұлақ ауданының тұрғыны:

– Кербұлақ ауданында Еңкөл және Аралтөбе деген су қоймалары бар. Бұлар талай жылдан бері іске қосылмай тұр. Осы екеуі жұмыс істесе, үш мың гектарға жуық суармалы жер іске қосылып, ауылшаруашылығы өнімдері өсірілетін еді. Осыған өзіңіз қолдау танытсаңыз.

Амандық Ғаббасұлы:

– Мен осы су қоймаларының бәрін білемін. Облыста 144 су қоймасы бар. Аталған су қоймалары осының ішінде. 17 мың шақырым ирригациялық желілер бар. Сондықтан, біз инвентиризация жасап, 126 мың гектар жерді іске қосамыз. Биыл соның 25-сын іске қосу жоспарда бар.

     Көпбалалы ана:

– Сонау шалғай ауылдан келіп отырмын. Өзім Жалаңашта тұрамын. Елбасына рахмет, өңіріміз Нарынқол және Кеген ауданы болып екіге бөлінді. Бізде қазір жастардың туу көрсеткіші жоғары. Жалаңаш ауылында үлкен әрі жаңа аурухана бар. Іші қажетті құрал-жабдықтармен де толық қамтылған. Сол жерден әйелдер туатын бір орын ашылса деген өтінішім бар. Сонымен бірге, Шоқан Уәлиханов атындағы ескерткішті жөндеп, жолын жөндеуге қол ұшын созсаңыз.       

     Амандық Ғаббасұлы:

 Шынымен сіз айтқан жерде әйелдер туатын орын жоқ. Сондықтан, бөлімше ашуға байланысты туындаған сұрақты қарастырып, жауабын береміз. Ал ескерткішке байланысты жұмысты нақтылап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырамыз.

     Асхат ЫСҚАҚОВ, Сарқан ауданының тұрғыны:

– Балқаш көлі Алакөлден еш кем емес. Суы мөлдір әрі денсаулыққа да пайдалы. Осы ретте бірнеше кәсіпкер жағалауды талапқа сай демалатын орынға айналдыру үшін сұраныс танытып отыр. Ал мұндай жұмыстарды іске асыруға инфрақұрылым мәселесі қиындық туғыып отыр. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз.

     Амандық Ғаббасұлы:

– Қазіргі кезде облыс бойынша туризм саласын дамыту бағытында көптеген жұмыс қолға алынып, жүріп жатыр. Сондықтан, Алакөл сияқты Балқаш көлінің жағалауын жасауға да көңіл бөлінетін болады. Осы бойынша бас жоспардың жобасы қайта қаралып, қолға алынуда.   

     Сандуғаш ДҮЙСЕНОВА, журналист:

– Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға психологиялық тұрғыдан көмек керек. Сондықтан, Талдықорған қаласынан оңалту орталығын ашуға қол ұшын созсаңыз. Мұндай орын елде жоқ.

     Амандық Ғаббасұлы:

– Бұл өте ауыр сұрақ. Қандай жағдай болсын балаларымыздың осындай жағдайға ұшырамауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Сондықтан, бізге мұндай орталық өте қажет және оған қолдау танытамын.      

     Қала тұрғыны:

– Мен саяжай тұрғындарының атынан келіп тұрмын. «Мерекелік» деп аталатын саяжайымыздың құрылғанына отыз жеті жыл. Осы уақытқа дейін ауыз су мәселесі қиындық туғызуда. Саяжайда екі жүз алпыс отбасы шоғырланған. Бірақ, біз екі шақырым жерде орналасқан жалғыз колонкадан су тасып ішеміз. Ал қыс мезгілінде ол қатып қалады. Осыған байланысты суды Қаратал өзенінен тасуға мәжбүрміз. Сонымен бірге, бізде ұрлық жасау да көбейді. Осының салдарынан ұсақ мал мен ірі қара көптеп жоғалады. Аталған мәселелер бойынша тиісті орындардың бәріне бардық. Бірақ, нәтижесі шамалы. Үй жалдап тұратын көпбалалы отбасылар да бар. Осы адамдардың үй мәселесі жандарына батады. Осының оң шешімін табуына көмек берсеңіз.

     Амандық Ғаббасұлы:

– Қала шетіндегі шалғай жатқан саяжайдың бәрін аралап, жауаптыларға тапсырма бергенмін. Осы бойынша жоба-жоспарларымыз бар. Қажетті қаражатты бөліп, ауыз су мәселесін шешіп береміз. Ұрлық мәселесі де назарда. Мұндай жағдайға жол бергендердің мәселесімен өзім айналысамын және олардың істері дәлелденсе, лайықты жазаларын алады.

     Қала тұрғыны:

– Талдықорған қаласындағы Қабанбай батыр көшесін қайта жаңғыртып, кеңейту жұмыстарына байланысты тұрғын үйлер мен ғимараттар бұзыла ма?

     Амандық Ғаббасұлы:

–  Оларды бұзуға жол берілмейді. Тек, көше талапқа сай тәртіпке келтіріліп, қайта жаңартылады.

     Ызғарбек БЕКТҰРСЫНОВ, зейнеткер:

– Ұйғыр ауданында орналасқан құс фабрикасының әлеуеті зор. Ол 45 мың тоннаға дейін құс етін өндірген. Мыңнан аса адам жұмыс істеді. Осы кешенді іске қосуға ықпал етсеңіз. Өзіңіз білесіз, Шарын шатқалы табиғат байлығы. Енді осының жолын жөндеп, инфрақұрылымын жасауға көңіл бөлінсе деген өтінішім бар.

     Амандық Ғаббасұлы:

– Құс фабрикасы әрдайым назарда. Кәсіпкерлер қазір осы бойынша жұмыс бастап, істі қолға алды. Сондықтан бұл кешен көп ұзамай іске қосылады. Шарынның инфрақұрылымы да жасалады.     

     Қозыбай ҚҰРМАН, журналист:

– Көксу мен Қаратал аудандарының арасында алтын көпір болып отырған жолды жасауға назар аударылып, ақын Жұматай Жақыпбаев атына бір көше берілсе деген тілегім бар.

     Амандық Ғаббасұлы:

– Қазіргі кезде жергілікті жолдарды жөндеуге қомақты қаражат бөлініп, бұл жұмыстар ретімен шешілуде. Сондықтан, аталған жолды жөндеуге де көңіл бөлінетін болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жетісу жерінен шыққан Жұматай Жақыпбаевтың атына бір көше беріледі. 

Тұрғындардың  өмір сүру жағдайын жақсарту үшін «Нұрлы жол»  бағдарламасы аясында инфрақұрылымдар тартылады.  Аталмыш бағдарлама аясында соңғы төрт жылда 36 мектеп, үш балабақша, үш қазандық және 244 шақырымдық инженерлік жүйе іске қосылды. Тартылған инвестиция көлемі 79,6 млрд. теңге. Нәтижесінде 22,7 мың  жұмыс орны ашылды. «Нұрлы жол» бағдарлама транзиттік мүмкіндігімізді арттырды. Автомобиль жолының сапасы артты. Жолдарға жөндеп және ұстап тұру үшін жыл сайын 30 млрд. теңге бөлініп келеді.

- Бүгінде облыс жолының 78 пайызы жақсы, қанағаттанарлық жағдайда, - дей келе облыс басшысы биыл «Талдықорған – Өскемен», Үшарал – Достық», "Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш  – Отар» жолдарын қайта жөндеуден өткізуге  арналған ірі жобаның қолға алынғандығын айтты.

Баяндамашының сөзінше, «Алтын Орда» базары арқылы өтетін жол қайта жөндеуден өтіп, 10 жолаққа кеңейтілмекші.  Тек, осы жобаға 2019 жылы 50,6 млрд. теңге инвестиция тартылады.  Бұл іс-шараны жүзеге асыру үшін  облыстың 4,5 мың адамы жұмысқа алынады. Тағы бір өзекті мәселе, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету.  Бұл орайда да мән-жай толыққанды баяндалды.

Бүгінде облыстың 2216 шақырымдық су жүйесі қайта жаңартылған. Елдімекендерге барлығы 279  мың су есептегіш құрал орнатылды. Облыс халқын орталықтандырылған су  жүйесіне қосу 89,6 пайызға жеткізілді. Бұл - республика көлемінде ең жоғарғы көрсеткіш.  Алдағы 2-3 жылда  68 ауылды орталықтандырылған су жүйесіне қосылмақшы. Шағын қалаларда нысандарды орталық жылу жүйесіне қосу барысында ұзақ мерзімді  бағдарлама жасалды.

Былтыр Талғар қаласында газбен жұмыс істейтін 6 қазандық іске қосылды. Оған 258 тұрғыны бар  23 көпқабатты тұрғын үй қосылды. Биыл  орталықтандырылған қазандыққа Талғардағы 84 үйді және Қаскелеңдегі 4 үйді қосу жоспарлануда. Ойымызды Ел Президентінің сөзімен толықтырсақ, «жайлылық – қауіпсіз аула мен ыңғайлы және сапалы инфрақұрылымды пайдалану». Өткен 2018 жылы көгалдандыруға  11,5 млрд. теңге бөлініп, 57 аулалық балалар  алаңқайы, 19 шақырымдық арық жүйесі тартылып, 150 шақырымға жарықшам қойылды.

Биыл 8 саябақ, 13 сквер және аллея Алакөл, Ақсу, Қарасай, Талғар аудандары мен Қапшағай, Талдықорған  қалаларында орналастырылады. Сонымен қатар елдімекендерді газдандыру шарасы жалғасын табады. Облыстағы тағы бір өзекті мәселе - газдандыру. Мұнда жетістіртер де, кемшіліктер де бар. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы көгілдір отынды жеткізу мен тартудың жай-жапсарына кеңінен тоқталды.

- Былтыр жеке инвесторлардың күшімен Текелі қаласына қарай магистральді газ жүйесі тартылды. Газ қаланың ішіндегі жеке үйлерді қамтиды. Алдағы уақытта  Ескелді, Көксу аудандары да газдандырылады. Биыл Балқаш, Қаратал, Кербұлақ аудандарында «Сарыөзек», «Балқаш» және «Үштөбеде» автоматтандырылған газ бөлу стансысының құрылысы жүргізілуде. Нысан жылдың бірінші жартысында іске қосылады. Былтыр, яғни, 2018 жылы газдандыруға облыс бюджетінен 13,2 млрд. теңге бөлінді. Талдықорған қаласында газдандыру бойынша жұмыс баяу жүргізілуде. Осы күнге дейін шаһар  бар-жоғы 2622 абонент орталық газға қосылды.  Жұмысты жандандыру керек. Әлеуметтік жағдайы ауыр отбасыларға газ қосып беру үшін бюджеттен 500 млн. теңге бөліп отырмыз.  Көпқабатты үйлерге газ қосу үшін төленетін 30 мың теңге 8 мыңға түсірілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай коммуналдық қызмет ақысы төмендетілді. Соның нәтижесінде  жылуға төлейтін қаржы – 19,4 пайыз, ыстық су пайдалану – 24 пайыз, сумен қамту – 9,3 пайыз, су тарту – 9,6 пайыз, электрмен қамтамасыз ету –10,4 пайызға төмендеді. Осылармен бірге, жеке тұрғын үй кооперативінің қызметі 10 пайыз, жеделсаты қызметі 15 пайызға арзандады,– деді биылғы жаңалықты қайталай жеткізіп. Халықты жұмыспен қамту өзектілігін жоймайтын мәселе. Жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады.  Нәтижелі жұмыспен қамту және жапапй кәсіпкерлікті дамытудың  үш бағыты бойынша  27,7 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Оған  10,5 млрд. теңге бөлінді. Есептік жиында білім беру саласындағы  жаңалықтар да айтылды. Білім беру саласына барынша жағдай жасалып жатқанын көріп жүрміз.

Мысалы, биылдың өзінде 9 орта мектеп  салынып, 30 нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Облыс әкімі облыс мектептерінің оқулықтар, компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілгенін және интернетке толығымен қосылғандығын айтты. Осындай жағдайлардың  нәтижесінде білім сапасы  артып келеді.  Қуанарлық жайтқа ерекше тоқталған облыстың бірінші басшысы Амандық Ғаббасұлы өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуден балалар орташа 85,1 балл жинағанын, 5231 түлектің жоғары оқу орнына түскенін айтты.  Көрсеткіш  өткен жылмен салыстырғанда  35 пайызға артық.  Баяндамашының айтуынша,  үш ауысымды оқытуды жою үшін жаңадан төрт мектеп салынған.  Әлі де сондай 34 мектептің тұрғызылатынын жеткізді. Олардың тоғызының құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлінген. Алтауы биыл пайдалануға беріледі.  Білім министрлігінен тағы 13 мектеп салуға  қосымша  13,5 млрд. теңгеге алуға өтінім тапсырылған.  Үш ауысым мәселесі кезең-кезеңмен шешіліп келеді.

Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 188 жекеменшік балабақша ашылып, балабақшамен қамту деңгейі  98,5 пайызға жеткен. Биыл тағы 65 жекеменшік балабақша ашылып, қамту деңгейін 100 пайызға жеткізілмекші. Бүгінгі таңда цифрландыру аясында балабақшаға кезекке қою электронды негізде жүргізіледі. Осы орайда облысымызда «Күнделік» жүйесіне мектептердің 86 пайызы қосылған.  Электрондық білім беру ресурстарына мектептердің 97 пайызы қол жеткізді. Балалардың қауіпсіздігі үшін 1092  білім беру ошағында бейнебақылау камералары орнатылды.  Құрылғымен қамту 67 пайыз.  Ағымдағы жылы камерамен қамту 100 пайызға жеткізіледі. Басты байлық – денсаулық. Сондықтан, денсаулық сақтау мекемелерін жаңалау уақыт күттірмес мәселелердің қатарына жатады. Өткен жылы денсаулық сақтау саласына 15 нысан салынды. Биыл тағы 12 нысанның құрылысы жүргізіледі. Ұзынағаш ауылында перзентхана, Сарқан қаласында аудандық аурухана, Шелек ауылдық ауруханасы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ұзынағашта тағы емхана құрылысы басталады.  Облыстың бірінші басшысы денсаулық сақтау саласында медициналық жабдықтармен  қамтамасыз ету деңгейі 83 пайыз,  санитарлық автокөлікпен 78 пайызға дейін жеткізілетінін айтты. Салаға «Жетісу» медициналық-ақпараттық жүйе енгізілді. Бүгінгі таңда денсаулық паспорты тұрғындардың 83 пайызында бар.  Медициналық мекемелердің 53 пайызы қағазсыз құжат жүргізеді. «Көмек 103» жүйесі  ауылдық жерде жедел жәрдемнің көмекке келу уақытын 15 минутқа,  ал қалада 7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Көрсеткіштерге тоқталған баяндамашы осындай көмектердің арқасында халықтың денсаулығының жақсарып келе жатқандығын айтты.  Мәселен, жалпы өлім-жітім 3,6 пайыз, нәресте шетінеуі –7,2 пайыз, қан айналым жүйесі сырқатынан қайтыс болу –7,9 пайыз, қатерлі ісіктен қайтыс болу – 13,3 пайызға төмендеген.  Өткен жылы «Талдықорған қаласының көпсалалы ауруханасы» базасында  бізге онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша ахуалдық орталық құрылып және 13 медициналық орталық іске қосылды.

Ағымдағы жылы позитронды эмиссиялық томография орталығын ашу жоспарланып отыр.  Екі жоба да мемлекеттік - жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылды. Серктестік негізінде жұмыс істеудің нәтижесінде білім, денсаулық сақтау салаларында айтарлықтай жаңалықтар көп. Мемлекет басшысының денсаулық-сауықтыру кешенінінің санын 100 -ден азайтпау жөніндегі тапсырмасына орай Алакөл, Қарасай, Талғар аудандарында үш кешен іске қосылды. Биыл Ақсу, Қарасай, Көксу, Кеген, Райымбек аудандары мен Қапшағай қаласында 7 сауықтыру орны ашылды. Оның  төртеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асырылады. Ал 2022 жылға дейін барлық аудан орталықтарында денсаулық - сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Соңғы үш жылда ішкі істер органдарына құрал - жабдық алу үшін  10 млрд. теңге, биылдың өзінде осы мақсатқа  – 4,4 млрд. теңге бөлінді. Бүгінде ішкі істер саласының барлық қызметкері автотранспорт, бейнетіркеу, бейнежетондармен қамтамасыз етілді.  Полицияның учаскелік инспекторларына арналып тұрғын үйімен бірге 162 учаскелік пункт салынды.  Алдағы жылы тағы 58 пункт пайдалануға берілмекші. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық орындарға 968 бейнебақылау камералары орнатылды.

Биыл Қапшағай, Қаскелең және Жаркентте 500 камера орнатылды. Баяндамашы осындай жағдайлардың жасалып жатқандығына қарамай, облыста қылмыстың өршіп тұрғанына тоқталды.

– Өкінішке орай, қылмыс көбейіп отыр. Жол-көлік оқиғасының да  саны артқан.  Осыған орай, құқыққорғау органдары бұзақылықтың алдын алу, қылмысты ашу жұмыстарын жандандыру керек.  Тұрғындармен және оқу орындарында  алдын алу шаралары жүргізілсін. Облыстық әкімдікте  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысында «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Былтыр әртүрлі жағдайлармен  503 қызметкер қызметінен босатылды. Оның 8-і жағымсыз  істері үшін жұмыстан шығарылды, – деді баяндамашы. Бұдан әрі қарай облыстың бірінші басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралармен таныстырды. Өткен жылы 4,8 млрд. теңгені құрайтын 255 жоба іске асырылды.  Қазақстанда тұңғыш рет Талдықорған қаласында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай «Ұлы жебе» мемориалдық кешені ашылды. Талғар ауданының Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі салынды.  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыруда «Жетісудың жеті кереметі» ашық аспан астындағы археологиялық саябақтар мұражайға айналады. Сондай-ақ, «Жетісудың жеті өнері» атты ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар, «Цветение яблони Сиверса» туристік фестивалі және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Бәрлеріңізге белгілі, 2019 жылды Мемлекет басшысы «Жастар жылы» деп жариялады. Осы жылы қазақстандық жастардың сапалы білім, жұмыс,  және тұрғын үй алуына жағдай жасалады. «Жол картасы» бойынша бизнесті қаржыландыруға бөлінетін қаржы екі есе өседі. Үш жылда 12 мың жасты оқыту көзделінуде. Олардың  4,5 мыңы өз бизнесін іске қосады.Талдықорған қаласында ауыз толытырып айтарлықтай жұмыстардың жасалып жатқаны белгілі. Бұл орайда соңғы уақытта қалада екі 1200 орынды мектеп салынса, оның бірі - республика бойынша бірден-бір ІТ-лицейі. Сондай-ақ, 300 орынды музыка мектебі қала тұрғындарын қуанышқа бөледі. Облыстық балалар ауруханасында неонатальді хирургия орталығы ашылды. Қаланың кіре берісінің жаңарып, жайнағаны баршаға аян. Енді айналма жолдың қасынан жүзу бассейні және «Қаратал» шағын ауданынан  студенттік жатақхана салынады.

ТҮЙІН: Ашық микрофон алаңында көкейдегі сауалдарын қойып, мазалаған мәселелерін ортаға салған халықтың қарасы көп болды. Сұрақ берушілерге шектеу қойылған жоқӘсіресе, көпбалалы, мүгедек жеткіншектерді бағып отырған аналар өздерін толғантып жүрген жайларды жеткізді. Әрбір сұрақ, ұсыныс-тілекке нақты жауап берген облыс әкімі шешілуі тиіс мәселелерді сол жерде жауапты мамандарға жүктеді. Облыстың жай-жапсарын жақсы білетін әкім қойылған сұрақтарға жан-жақты, тұшымды жауап қайтарды. Оған қашанқанша қаржы бөлінгенін, енді қанша қаражат керектігін нақты айтып берді. Әкімнің жұмысына оң баға беріп, облыс экономикасын алға бастырып, әлеуметтік салаға  айрықша көңіл бөліп жатқаны үшін алғыс айтқандар да жетерлік. Әсіресе, жаңадан құрылған Кеген, Райымбек аудандарының тұрғындары атынан алғыс айтып, өңірдің одан арғы дамуына қатысты ой-пікірлерін ортаға салғандардың ризашылықтары жүздерінен аңғарылып тұрды. Әкім есебінің соңынан "Жетісу" газетінің меншікті тілшісі, елімізге белгілі ақын Мақпал Мыса бірауыз лебізін білдіріп, осыдан бірнеше күн бұрын Елбасын тебіренткен өлеңін төгілте оқып берді. «Бірлікке ұйыған елге береке ұялайды» демекші, осынау атқарылған игі істің бәрі де халықтың түсіністікпен тірлік кешуінің арқасында мүмкін болуда. Ел бірлігі мен берекесін арттырып, етене еңбек ете берсек, бұдан да биік нәтижеге  жетеріміз сөзсіз.

Гүлжан ТҰРСЫН,

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

"Жетісу" газетінің арнаулы тілшілері