КҮЗЕТШІЛЕРДІҢ АЙЛЫҒЫ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 26.02.2019
Оқылды: 1587
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстандықтардың табысын арттыру жөніндегі Елбасының тапсырмасы жер-жерде қолдау табуда. Бұл бастаманы Қарасай ауданында тіркелген «Мұсахан секьюрити ЛТД» ЖШС де жүзеге асырып келеді.

 

2007 жылы күштік құрылымдарда еңбек еткен кәсіби мамандардың бастамасымен құрылып, тиісті сертификат алған компания бүгінде Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс орталықтарында филиалдарын ашқан. Компания негізінен «Қазпошта», «Ембімұнайгаз» сияқты ірі өндіріс орындарымен қатар мұнай ұңғылары мен тасымалдау құбырларын, кәсіпорындар мен жекеменшік нысандарды күзетумен айналысады. Жұмыс ауқымының артуына байланысты мұнда бүгінде 2 мыңнан аса адам еңбек етуде.

– Бір тәулік кезекшілікте болып, екі және үш тәулік демалатын күзет мамандарының жұмысы сырттай қараған адамға оңай болып көрінуі  мүмкін, – дейді компанияның бас директоры Саят Оразов. - Алайда ел игілігін қорғауды мойынға алған бұл қызметтің жауапкершілігі жоғары. Орташа жалақы мөлшері 60-70 мың теңгені құрайтын серіктестікте бұрын ең төменгі айлық ел бойынша бекітілген 30 мың теңгенің төңірегінде болған. Еңбекақының көтерілуіне байланысты енді бұл көрсеткіш 42 мың теңгеге жетті. Біз осы игі бастаманы алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Әрине, бір отбасын толықтай қамтамасыз ету үшін аталған жалақы аздық етеді. Сондықтан, «Мұсахан секьюрити ЛТД» ЖШС бизнестің әлеуметтік саясатын үнемі назарда ұстап келеді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы