КӨП ҮЙ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 25.02.2019
Оқылды: 837
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елбасы Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасына сай баспана мәселесін бір жүйеге келтіру мақсатында «7-20-25» бағдарламасы қабылданып, көптеген қазақстандық үшін жаңа мүмкіндікке жол ашылған болатын. Алакөл ауданында да жаңа бағдарламаға қатысты жағымды жаңалық бар.

 

Атап өтсек, алғашқылардың бірі болып «Бағалы Алакөл» ЖШС Үшарал қаласында салынған 6 тұрғын үйді аталған бағдарлама арқылы сатылымға қоймақ. Қазіргі таңда үйлердің құрылысы толық аяқталды, су мен жарық мәселесінде де олқылық жоқ. Үш бөлмелі баспаналардың құжат рәсімдеу мен банкпен келісімге отыру сынды ресми бөлігі ғана қалды. 

Осы айтылған дүниелер реттеліп, банк тарапынан келісім берілсе, аталмыш бағдарлама арқылы үйлі болуға ниет білдірген 21 азаматтың алтауының арманы орындалмақ. Үйлердің мөлшерлі құны 7-8,5 млн. теңге көлемінде болмақ. «Көктем шыға аталған серіктестік тағы 17 үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Нысандар Үшарал шаһарының шығыс беткейінде орналасқан ықшамауданның аумағында салынбақ. Бұл үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, олардың құны шамамен 8-10 млн. теңгені құрайтын болады»,– дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Жұмаділов. 

Жаңа бастаманың мән-жайын түсіндіру бойынша біршама жұмыс атқарылуда. Алдағы уақытта ниет білдірушілердің саны артқан сайын жеке кәсіпкерлермен келісе отырып, тұрғын үйлер көптеп салынатын болды

Алмат ЕСЕНБЕК.