СИЫРЛАР АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ САУЫЛАДЫ

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 1238
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ пен Бектас БЕКНАЗАРОВ жұмыс сапарымен Жетісу өңіріне келді. Сапар барысында бірқатар нысанды аралап, ұжымының тыныс-тіршіліктерімен танысты.

 

Лауазымды топ алдымен Балпық би ауылынан орын тепкен «Уыз Май Industru» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, жұмысшылармен жүздесті. Депутаттарды аталмыш серіктестіктің атқарушы директоры Ербол Тоқтағұлов қарсы алды. Ербол Нұрбекұлы бүгінгі атқарып жатқан шаруаларын әңгімелеп, зауыт жұмыстарын көрсетті. Байқағанымыздай, майбұршақ өңдейтін кәсіпорында қазір жөндеу жұмыстары жүруде. Зауыт жылына 40 800 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Ал тәуліктік қуаты - 400 тонна. Аудан экономикасының дамуына септігін тигізіп отырған өндіріс орнында жартылай майлы экспандирленген майбұршақ, майбұршақ шроты, сондай-ақ, майбұршақ майы өндіріледі. Жүзден аса адам жұмыспен қамтылған. Айлық жалақылары - жетпіс бес мың теңге.

Кәсіпорындағы тіршілікпен танысқан депутаттар іссапармен келудегі басты мақсат-міндеттерін түсіндіріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Депутаттар: «қандай проблема бар, нендей мәселе мазалайды, қандай қолдау қажет, тағы басқа қандай өтініш, талап-тілектер бар?» деген сауалдардың оң шешімін табуына мүмкіндігінше көмек көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді. Қос тарап осыған байланысты жан-жақты әңгіме өрбітті. Ербол Нұрбекұлы майбұршақ өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарына төленетін субсидия көлемі бірнеше пайызға арттырылса деген өтінішін жеткізді. Айтылған әрбір мәселені мұқият тыңдаған депутаттар жергілікті жерде шешілуі тиіс мәселелерді жауапты мамандарға тапсырып, өзектілерін өздеріне түртіп алды.

Сенат депутаттары ақылды технологиялармен басқарылып отырған «Каримов» жеке кәсіпкерлігінің төрт жүз басқа арналған тауарлы-сүт фермасының жұмысын көрді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылған шаруашылық бүгінде сүтті бағыттағы ірі қара мал ұстап отыр. Заманауи үлгіде салынған бұл кешен 2017 жылы іске қосылыпты. Онда малға жайлы жағдайдың бәрі қарастырылған. Мал тұратын орынның  температурасы да бірқалыпты. Бірнеше желдеткіш орнатылған. Фермадағы тұқымы асыл «Голштин» ірі қарасы Германиядан сатып алыныпты. Сиыр сауатын төрт роботтандырылған жабдық орнатылған. Желіні сүтке толған сиыр арнайы орынға келеді. Бұдан соң оның емшегі жаңа құрылғылар арқылы автоматты түрде жуылып-шайылып, тазаланады. Содан соң арнайы құрылғымен сауылады. Ферма басшысы Рахым Кәрімовтың сөзінше, бір сиыр күніне 40 литр сүт береді. Өнім Талдықорған қаласындағы «JLC Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізіледі. Депутаттарға талап-тілегін жеткізген шаруашылық басшысы инвестициялық субсидия арқылы 200 млн. теңге ақшасын екі жылдан бері ала алмай жүргенін жеткізді. Оған себеп Ауылшаруашылығы министрлігіндегі өзгерістер дейді.

Лауазымды топ аудандық емхананы да көріп қайтты. Ақ халатты дәрігерлер мұндағы жұмыстарды жан-жақты таныстырды. Емхананың кіреберісінде цифрлық сауаттылық пункті, CALL-орталығы қызмет көрсетеді. Депутаттар заманауи құрылғылармен жабдықталған емхананың әр бөлмесін аралады. Дәрігерлердің қабылдауына келген жұртшылықтың да қал-жағдайын сұрап, тілдесті. Үш қабатты, жүз жиырма бес орынды жаңа емханада хирургия, терапия, әйелдер босанатын, гинекологиялық, инфекциялық және балалар бөлімшелері бар. Қазір мұнда бес жүзден аса дәрігер қызмет көрсетеді. Цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы бөлмеде дәрігерлер оқытылып, үйретіледі.

Бұдан соң депутаттар аудан активімен кездесті. Онда Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша берген тапсырмаларын орындау тетіктері түсіндірілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА