БОЙЖЕТКЕННІҢ ТЕМІР ТҰЛПАРЫН ҰРЛАҒАН ЖІГІТ КІНӘСІН ТОЛЫҚ МОЙЫНДАДЫ

Уақыты: 31.08.2020
Оқылды: 947
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған полицейлері ұрланған скутерді (мотокөліктің бір түрі) тауып, иесіне қайтарды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Шығыс қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 23 жастағы бойжеткен хабарласып, өзіне тиесілі скутерді белгісіз біреудің ұрлап кеткенін жеткізген. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында қолды болған скутер қала маңындағы саяжайлардың бірінен табылды. Тәртіп сақшылары скутер иесін алып, жедел түрде аталған жерге жетті. Бойжеткен өзінің темір тұлпарын жазбай таныды.

Скутерді тізгіндеген облыс орталығының 27 жастағы тұрғыны полицейлер келтірген айғақтардан кейін ұрлық жасағанын мойындады. Ұсталған азаматтың бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Сот шешімімен күдікті үйқамаққа алынды.

Жәбірленуші өзінің бейнеүндеуінде полиция қызметкерлерінің жәдел әрі нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"