МАЛЫН ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРҒАН ТҰРҒЫНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 22.11.2020
Оқылды: 1244
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері малын қараусыз жіберген тұрғындарға қатаң шаралар қолдана бастады.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Көксу ауданына қарасты Мұсабек ауылдық округінің тұрғындарына аудандық полиция, прокуратура органдарының басшылығы келіп, мал ұрлығының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімінің қолдауымен әр ауылдық округте қараусыз жүрген малдар арнайы дайындалған қораларға қамалатын болады.

- Мал ұрлығының алдын алу үшін иесіз малды қамауға мәжбүрміз. Өйткені, қаңғырып жүрген мал кез келген ұрының оңай олжасы екені белгілі. Қамалған мал үшін акт жасалып, иесі анықталады. Мал иесіне 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 15-тен астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылса, кейбір тұрғынға ескерту жасалды, - деді Көксу ауданы полиция бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы, полиция майоры Нұрболат Төлебаев.

Полиция өкілдері жайылымда жүрген мал көлденең келген көк аттының жетегінде кетуімен қатар, автожолда көлік апатына себепші болуы мүмкін екенін айтты.

- Қараусыз мал автожолдарға шығып, жол-көлік апатына себеп болатын жайттар кездеседі. Биыл мал қағудың 10 дерегі тіркелді. Соның салдарынан жолаушылар әртүрлі дене жарақаттарын алды. Тұрғындардан малдарын қараусыз жібермеуді сұраймыз, - деп толықтырды Нұрболат Төлебаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан