ТЕЗЕК ТӨРЕНІҢ 200 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЭКСПЕДИЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 09.07.2021
Оқылды: 2701
Бөлім: ТҮПСАНА

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында қаншама асылдарымызбен табысып, ұлттық құндылығымызды ұлықтауға мүмкіндік туды. Осы ретте Кербұлақ ауданында Тезек төренің 200, Құдиярхан Тезекұлының 170 жылдығына орай ғылыми-танымдық экспедиция өтті. Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар САРЫБАЕВ экспедиция мүшелерімен кездесіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол Күреңбел өңірінен шыққан ұлы тұлғаларды ұлықтау, қасиетті нысандарды анықтау, оны ел игілігіне беру бағытындағы істерді баяндады.

Аталған экспедиция Тезек төренің туғанына 200 жыл және саяси қуғын-сүргін құрбаны Құдиярхан Тезекұлының 170 жыл толуына байланысты Тезек төрені зерттеушілер ағайынды Азамат, Бағдат Ақылбековтердің бастамасымен және “Тезек төре" қорыны қолдауымен жоспарланды. Бұл бастама белгілі қоғам қайраткері, жазушы, академик, ЮНЕСКО-ның мәдениетті жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері Нағашыбек Қапалбекұлының тікелей қолдауына ие болды. Экспедицияның сәтті өтуіне Әділ төре ұрпақтары Жанат, Болат Бурахановтар, Азамат, Бағдат Ақылбековтер, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, белгілі ақын-жазушы Әли Ысқабай, Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев, мемлекеттік қызметшілер, тағы басқа елге танымал, беделді ауыл азаматтары атсалысты. Аталмыш шара қасиетті жұма күніне және Тезек төре қайтыс болған шілде айына тұспа-тұс келгеді.

Экспедиция құрамына ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев, филология ғылымының докторы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегенов,  ҚазҰУ тарих факультетінің деканы, профессор Меңдігүл Ноғайбаева, ҚазҰУ профессоры Тәттігүл Қартаева, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаев, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының ғылыми хатшысы Салтанат Әшімова, филолог-ғалым, профессор Анарбай Бұлдыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әпсәметов, Сүйінбай музейінің директоры Мұрат Мұқашұлы, Үмбетәлі музейінің директоры Әуелбек Ысқақов енгізілді.

Экспедиция жұмысы ең алдымен Алтынемел асуының етегінде орналасқан Қарлығаш ауылының маңындағы “Тезек төре қорымы” деп аталатын зиратта басталды. Ұйымдастырушылар тарапынан алдын ала тыңғылықты атқарылған дайындық жұмысы көрініп тұрды. Қорым алдындағы алаңда төрт ақпараттық тақта ілініп, ғалымдардың зерттеу жұмысына керекті ақпараттар алуына тиімді болды.  Экспедиция мүшелері Тезек төре мен оның ұлы Құдиярхан Тезекұлының құлпытасы алдына тізелерін бүгіп, аруақтарға арнап Құран бағыштады. Одан кейін бағдарлама бойынша “Тезек төре” кітабының авторы Азамат Ақылбеков ел жағдайын, жер тарихын таныстырып,  Тезек төренің өмірбаяны туралы толық ақпарат берді.Тезек төретанушы, бірнеше мақаланың авторы, облыс әкімі аппараты талдау бөлімінің басшысы Бағдат Ақылбеков экспедиция мүшелеріне “Тезек төре қорымы” туралы баяндама жасады.

Қорымның қазіргі аянышты жағдайын көрген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт:

– Бұл біздің баршамызға, әсіресе, ардагерлерге сын болды. Тезек төремен бірге жасасқан ақын, күйші, батыр, шешен, билерге ауыл, мектеп, көше атауын беріп, ескерткіштер тұрғызып тастадық. Ал ханның өзіне бірде-бір елді мекен атауын бермей, ескерткішін орната алмағанымыз ұят болған екен, – деп өкінішін білдірді. Оның сөзін Әли Ысқабай ақсақал да қолдады.

Осыдан кейін экспедиция Алтынемел асуының баурайында 2010 жылы орнатылған Тезек төре мен Бөлтірік шешенге арналған ескерткішті көрді және оның маңындағы тарихи жерлерге шолу жасады.  Келесі кезекте экспедиция мүшелерінің назарына тағы бір тарихи нысан ұсынылды. Оны жергілікті тұрғындар “Жошы ханның оры” деп атайды екен. Өзара пікір алмасу барысында ғалымдар бұл ор шамамен осыдан жеті жүз жыл бұрын қазылған болуы керек деген тұжырым айтты.

Осыдан кейін экспедиция жұмысы қазақ халқының ұлы тұлғасы, ағартушы-ғалымы, тарихшы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың ескерткіші маңында жалғасты. Бұл жер «Көшен тоған» деп аталады. Сол заманда тоған салып, жергілікті халықты суармалы егістікке бейімдеген  Көшен төре жайлы да тарихи әңгімелер көпшілікті тәнті етті. «Көшен тоғандағы» қорымда Тезек төренің әкесі Нұралының ағасы Ералы сұлтан және басқа да сұлтандар жерленген. Одан ары экспедиция мүшелері Шоқан Уәлихановтың мемориалды кешенін тамашалап, музейіне бас сұқты. Құнды жәдігерлер жинақталған музей қоры көпшілікті тәнті етті.

Тезек төре Шоқан Уәлихановты жанындай жақсы көрген, ағасының қызы Айсараға үйлендіріп, бес күнге созылған той жасағаны белгілі. Ел аузында сол заманнан келе жатқан: «Жердің иесі – Тезек, елдің киесі – Шоқан, осы екеуінің аруағы риза болмай, ешкімнің ешқандай ісі алға баспайды», – деген нақыл сөздің қалуы да тегін емес.

Жалпы, Тезек төре мен Құдиярхан Тезекұлының есімін ұлықтау ісі қолға алынды. Бірақ нәтижесі аздау болып тұрғаны да көңілді қобалжытады. Экиспедицияға қатысқан ғалымдардың  ойы осылай. Олар Тезек төренің есімін ұлықтау мақсатында оның атымен аудан, елді мекен, білім ошақтары, мәдени нысандар аталып және аудан, облыс орталықтарында ескерткішін орнату, көшелерге атын беріп, кинофильмдер түсіру сияқты мәдени іс-шараларды қолға алу қажеттігін айтты.

– Бүгінгі ғылыми-танымдық экспедицияның мақсаты – Тезек төре жатқан жерді өз көзімізбен көріп, зерттеу, оның көшіп-қонып жүрген өңіріндегі жер-су атауларын тарихи деректермен салыстыру, жалпы тарихи тұлғаның сан қырлы қасиетін тану.  Әрине, бұл тұрғыда көптеген жұмыс атқарылып жатқанын көрдік. Десе де, бұл жеткілікті болмайды. Сол заманда жан-жақтан қысқан қауіп-қатерден елін аман сақтап, береке-бірлікті нығайтқан Тезек төренің үлесін ұлықтаумен бірге біз орнын көрген Тезек төренің күмбезі және қорымның қоршауы бұрынғы өзі жобалаған нұсқада қайта қалпына келтірілуі керек, Тезек төреге арнап ескерткіш қою керек. Шоқан Уәлихановтың музейі сияқты Тезек төре атындағы музей ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз көрген Қарлығаш ауылы оның ресми атауы болғанымен ел арасында Тезек төре ауылы деп аталады екен. Сол атауын неге қайтармасқа?  Сонымен қатар, Тезек төре күйші, айтыс ақыны болған, басқа да қырлары көп. Сол үшін Тезек төре атындағы зерттеу институты құрылып, арнайы мамандар жұмыс істесе, рухани қазынамызды байыта түсер еді, – деп қорытты ойын бізге берген сұхбатында профессор Берекет Кәрібаев.

Ілияс Жансүгіровтің: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!», – деген нақыл сөзі бар. Ел үшін еңбектенген тұлғаларға елі де өз құрметін көрсеткені жөн. Бұл экиспедиция жұмысы – қазан айында Тезек төренің 200, Құдиярхан Тезекұлының 170 жылдығына орай Алматыда өтетін халықаралық-республикалық ғылыми-танымдық конференцияның алғашқы баспалдағы. Осы экспедиция барысында анықталған тарихи деректер және зерттелген мәліметтер негізінде жинақталған материалдар сол конференцияға ұсынылады.

Қажет АНДАС

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы