ТЕЗЕК ТӨРЕ ПАРИЖДЕ ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕГЕ КИІЗ ҮЙ ЖІБЕРГЕН

Уақыты: 13.07.2021
Оқылды: 2351
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл Жетісу өңірін отыз жылдан астам басқарған, қазақ-қырғыз баласы «хан» атаған аға сұлтан Тезек төре Нұралыұлы Абылайхановтың туғанына 200 жыл толып отыр. Ірі мемлекеттік қайраткер, мәмілегер-дипломат, ақын, күйші, композитор, қолөнер шебері Тезек төре өз заманының аса дарынды, дара тұлғасы болғаны анық.

Тезектөретану жұмыстары ынталылардың арқасында біршама жолға қойылып келе жатыр. Міне, осы айтулы күндерде атақты сұлтан туралы құжаттарды қарап отырып (А.Ақылбеков «Тезек төре», «Тезек төреге қатысты жыр-айтыстар антологиясы») оның 1866 жылы генерал-губернатор М.Кауфманның сұрауы бойынша Париж қаласында 1867 жылы өткізілген Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге өзінің жеке дүниелері – алтын, күмістелген ыдыс-аяқ, аса қымбат қару-жарақ түрлері мен басқа да бағалы заттармен жабдықталған жеке өзінің казақ үйін жолдаған құжатқа ерекше назар аудардық.

Аталған құжатта мынадай мәліметтер бар: «1866-жылы Тезек төре Ресей империясының атынан Парижге этнографиялық көрілім (экспонат) ретінде жасақталған киіз үй және өзінің Колпаковскийге жазған хатында айтылғандай «томағасы күміспен көмкерілген екі бүркіт, күміс жүген, ер жейдесі, киімдері, қорамсағымен садақ және барыс терісі, т.с.с. бағалы заттарды» жіберген. Ол үшін көптеген алғыс, марапаттар алған...». Француздар мәдениетті елдер қатарында ғой, мүмкін, сол экспонаттардың ізі табылып қалар деген үмітпен тағы біраз дүниелерді зерделеп көрдік.

Зерделеу деректері бойынша Париждегі көрменің 1867 жылғы 1 сәуір мен 3-қараша аралығында өткізілгені, Марс алаңында 66,8 гектар аумақта орналасқаны және оны 11 миллионға жуық адам, солармен қатар Ресей императоры ІІ Александрдың да тамашалағаны анықталды. Бұл көрмені Ресейдің атақты саяхатшысы Козьма Терентьевич Солдатёнков фотосуретке түсіріп, 3 үлкен альбом құрастырған екен. Осы фотоальбомның 2-томының «Русская изба и жилища Сибирских кочевых народов» деген бөлімінен орыстың ағаш үйінің жанында тігулі тұрған өте бай өрнектелген қазақ үйдің суреті табылды.

Мұқият қарасақ, Ұлы жүз қазақтарына тән сыртқы түрі шошақтау-конусты келетін қазақ үй екенін бірден байқайсыз. Үйдің сыртқы бейнесі, безендірілуі, формасы да Жетісу өңірін мекендеген қазақ руларына тиесілі екенін көрсетіп тұр. Ол төбесі жайпақ болып келетін Алтай қазақтарыныкіндей емес. Қазақстанның басқа өңірлеріне тән сыртқы пішіні үшкірлеу болып келетін қазақ үйлерге де ұқсамайды. Сондықтан, осы фотосуреттегі үйдің Тезек төре жіберген үй екеніне күмәніміз жоқ.

Бір деректерде көрме жұмысы аяқталғаннан кейін қазақ үйді барлық жабдықтарымен, басқа экспонаттармен бірге Санкт-Петербург қаласындағы музейге алып келген деп көрсетіледі. Біраз уақыттан кейін осы экспонаттарды келесі дүниежүзілік көрмеге дайындау үшін Москва қаласына жөнелткен сияқты. Жалпы, аталған көрме және экспонаттары жайлы толық ақпаратты П.Матвееваның «Всемирные выставки как прототипы этнографических музеев», А.Соколовтың «Санкт-Петербург на Всемирных выставках в Париже 1867-1900» атты ғылыми еңбектерінен және князь Вячеслав Тенишевтың (1843-1903) 1899 жылғы 14 шілдеде «Русский Туркестан» газетінде жариялаған мақаласынан, осы көрмені көріп қайтқан Санкт-Петербургтың суретшілерді ынталандыру қоғамының хатшысы Д.Григоровичтың мақаласынан оқып-білуге болады. 

Үстіміздегі жылдың 2 шілдесінде Кербұлақ ауданының Қарлығаш ауылы маңында орналасқан «Тезек төре қорымына» академик Нағашыбек Қапалбекұлының ұйымдастыруымен келіп қайтқан ғылыми-танымдық экспедиция мүшелері тарапынан зерттеу жұмыстары жүргізілді және болашақта атқарылатын бірқатар мәселелер талқыланды. Соның бірі ретінде Тезек төре музейін ашу қажеттігі туралы айтылды. Соған орай жоғарыда аталған Тезек төренің жеке қазақ үйі мен заттарының тағдырын анықтап, отанымызға кайтару ісін тез арада қолға алу қажет деп есептейміз.

Бұл күрделі де ауқымды іске еліміздің Сыртқы істер және Мәдениет министрліктерін, ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығын, тағы да басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды, ұлт тағдырына бейжай қарамайтын жеке азаматтарды атсалысуға шақырамыз. Аталмыш құнды жәдігерлер елімізге қайтып жатса болашақ ұрпақтың тәрбиесіне қосылған үлкен үлес болатыны даусыз.

Бағдат АҚЫЛБЕКОВ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы