РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ

Уақыты: 28.12.2017
Оқылды: 1421
Бөлім: ТҮПСАНА

    Еліміздегі татулықтың, бейбітшіліктің, тұрақтылықтың негізгі қозғаушы күші ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарған жұмыстарды атауға болады. Өйткені, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға этномәдени орталықтардың белгілі бір деңгейде ықпал етіп отырғаны анық. Осы орайдағы мәселелер «Бірлік және келісім – рухани жаңғырудың негізі» атты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХІІІ сессиясында сөз болды. Талдықорған қаласында жаңадан ашылған Салтанат сарайында өткен алқалы жиынды облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ ашып, жүргізіп отырды.

 
     Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен белсенділері, облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Қоғамдық келісім, аналар кеңестерінің, облыстық этномәдени орталықтардың төрағалары, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» қызметкерлері, республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай «Алматы облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық сананы модернизациялаудағы жұмысының негізгі бағыттары» тақырыбында баяндама жасап, Жетісу жерінде атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев бірлігі бекем, жауапкершілігі жоғары, біртұтас ұлт болу мақсатындағы қарышты қадамдарымызды, қоғамдық сананы өзгертудің жарқын жолдарын айқындап берді. Ел бірлігі, халық тұтастығы, рухани жаңғыру мен эволюциялық даму – қоғамдық тұрақтылық, бірлік пен ынтымақ жағдайында ғана қол жеткізе алатын құндылықтар, саяси және экономикалық реформалардың, ұлттық жаңғыру үрдістерінің негізі екендігін қадап айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясының сәуір айында өткен 25-сессиясында алдымызға нақты міндеттер қойып, жүзеге асыру жолдарын белгілеп берді. 105 этнос өкілінің басын қосып отырған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы 71 этномәдени бірлестік өздеріне жүктелген тұрақтандырушы, топтастырушы міндетін ойдағыдай атқарып, бекітілген шаралар кешенін табысты жүзеге асырды, – деген баяндамашының пікіріне қарағанда, биыл көптеген жұмыстар атқарылған. Солардың қатарында облыстық аналар кеңесі «Президенттік реформа және жастардың бойында патриотизм мен жауапкершілік сезімін қалыптастыру» атты республикалық семинар ұйымдастырып, Ұйғыр, Панфилов, Кербұлақ, Сарқан, Ақсу аудандарында кездесулер өткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша барлық аудандарда қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде жиындар өткізілді. «Туған жер» жобасымен әрбір ауылдан шыққан азаматтар игілікті істерге мұрындық болуда. Олардың қатарында Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, кәсіпкерлер Бауыржан Оспанов, Хасан Абуов, республикалық «Алтын сапа» белгісінің иегері Закиржан Кузиев, ағайынды Усеин мен Зиятдин Касановтар, Александр Бузыкин сияқты көптеген белгілі азаматтар бар. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша облыстық комиссияның қарауына 312 тұлғаның кандидатурасы түсіп, Республикаға 100 адамның есімі жіберілді. Нәтижесінде 6 жерлесіміздің есімі жалпыхалықтық дауысқа ілініп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Асар» қоғамдық бірлестігін құрған Елдос Баялышбаевтың аты ел аузында қалды. Сонымен қатар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Жетісу – достық өлкесі» атты кітап шығарды. Сондай-ақ, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетімен бірлесе құрылған «Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» атты ғылыми-танымдық экспедиция облыстың бірқатар аудандарын аралап, ел ұғымында қасиетті саналатын мекендермен танысты. Басқа да жетістіктер жетерлік. Оның бәрі де еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы игілікті істер. 
     Баяндамашы келтірген мәліметтерге ризашылығын білдірген облыс әкімі Амандық Баталов бұдан соң Жамбыл аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Надежда Лушникованы, Ақсу аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаевты, Талдықорған қалалық «Видергебург» немістер қоғамының белсендісі Евгения Еременконы, Еңбекшіқазақ аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Оксана Бондаренконы жарыссөзге шақырды. Олардан кейін мінберге көтерілген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев өзі басқаратын саланың жұмысына қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, Жетісу жерінің жетістікке жетуі жолында мемлекеттен көптеген қолдаулар көрсетіліп келеді. Соған орай Алматы облысының көрікті жерлері мен айтулы орындарын таныстыру мақсатында «Би-Би-Си», «Әл-Жазира» секілді әлемдік деңгейдегі телеарналармен тығыз байланыс орнатылуда. Осындай іргелі жетістіктердің негізінде Жетісу жұртшылығының береке-бірлігі, татулығы, бейбітшілік сүйгіш ой, ниеті жатыр. Одан соң мінберге өзі сұранып шыққан Қазақстан кәрістері Ассоциациясының Талдықорған қалалық филиалының төрағасы Владимир Ли облыс әкімі Амандық Баталовқа ризашылық білдіріп, Ассоциация басшылығы жолдаған марапатты табыстады.
     Сессияны түйіндеген модератор ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына сәйкес жыл сайын тағайындалатын қоғамдық орынбасарларын таныстырды. Биыл белсенділікпен еңбек еткен Георгий Иорданиди мен Наталья Беликке ризашылық айтқан соң облыстық Ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасарлығына кандидатуралары бекітілген Саид Чатуев пен Атсалим Идиговтің жұмысына табыс тіледі. 
    ХХІІІ сессия жұмысын қорытындылаған Амандық Ғаббасұлы облыс көлемінде ұлтаралық татулықты нығайтып, қоғамдық келісімді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
     Алқалы жиын соңында Ассамблеяның негізгі қызметі мен басты бағыттарын іске асыруда және насихаттауда еңбекқорлығымен танылған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен белсенділері,сала қызметкерлері марапатталды.
 
Мәди АЛЖАНБАЙ.