Ғасырлардың куәсі алып емен

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1406
Бөлім: ТҮПСАНА

Біз, Алматы сән және дизайн колледжінің ұс­­таздары мен студенттері, Жетісу өңірінің бас га­зеті ретінде сіз­дер­дің назарларыңызды кие­лі ес­керт­кіш деуге тұ­рар­лық құнды жә­­дігерге ау­дарғымыз келеді.

Колледжіміз Ұлы Жібек жо­лы­ның бойындағы Райымбек даң­ғы­лында орналасқан. Соған орай Райымбек батыр мазарына да жақын тұрмыз.

Колледждің ауласында оқу ор­нының киесіндей тірі ескерткіш бар. Ол – кемі үш ғасыр жасаған алып емен ағашы. Еменді колледж студенттері ерекше қастерлейді, кие тұтады.

Студенттеріміздің үкілі үміті бар. Олар осы емен ағашын “Қа­зақ­станның киелі жерлерінің гео­гра­фиясы” жо­басына енгізіп, Райым­бек батырдың есімімен бай­ланыстырғысы келеді. Мә­селен, алып емен ағашының “Райым­бек батырдың қара емені” деген мәр­тебесі бекітілсе дейміз.

Елбасымыз “Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру” атты бағ­дар­ламалық мақаласында “Туған жер­дің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені та­рихтан сыр шер­теді... Талай аңыз­дар мен әңгі­ме­лер бар“ деді емес пе? Әл­денеше ғасырмен құрдас бұл емен ағашы да сондай тарихқа куә емес деп кім айта алады?..  

 Колледж ауласындағы осы бір тарихи жәдігер тақырыбындағы эс­селер мен студенттер шығар­ма­шылығынан алынған мына бір өлең жолдарына назар аударайық:

Қасиет, қасірет те бар басында,

Куәгер өтіп кеткен сол ғасырға.

¤сіп тұр алып емен аспан тіреп,

Біздің оқу орнының ауласында.

Шежірені қаттаған әргі-бергі,

Талай тарих, талай сыр жәдігері.

Ұлы Жібек жолының

                      бойында өскен

 Райымбек қосынының куәгері.

 Әлемдік тарихта осындай ұзақ жа­саған емендерді адам есі­мі­мен байла­ныстыру дәстүрі бар. Төл та­ри­хымыз­дың ауқы­мымен алып қа­расақ, шығыс­түр­кістандық қы­тай қа­зақтарының арасынан шық­қан қоғам қайраткері Де­ме­жан­ның есі­міне қатысты “Деме­жан­ның қа­ра ағашы” деген халық қас­тер­леген дарақ болған. Ол ту­ралы Қабдеш Жұмаділовтің “Соң­ғы көш” рома­ны­нан оқыдық емес пе?

Оқу орнымыз ескі теміржол вок­залы мен әскери комис­са­риат­қа жақын бол­ғандықтан Ұлы Отан соғысына ат­танған майдангерлер жақындарымен осы емен түбінде қоштасқан екен. Ол да күні кешегі тарих.

Біздің көкейкесті тілегіміз – өзіміз сөз етіп отырған алып емен ресми мәртебеге ие болса дейміз. Осы бір өзгеше жәдігерімізді “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жоба­сына енгізуге белсенді әрекет жасау қажет деп есептейміз.

Күлзия Ауқашова,

АСжДК оқытушысы, «Нұр Отан» БПҰ төрайымы, ҚР білім беру ісінің үздігі.

Любовь Лазарева,

 колледждің тарих пәнінің оқытушысы, ҚР білім беру ісінің үздігі.

Айнагүл Қаскенова,

Нүргүл Қошқарбаева,

тарих және география пәндерінің оқытушылары.