Перзенттік парызын өтеген

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1192
Бөлім: ТҮПСАНА

Мұрат Көмекұлы  әдеттегіден тым ерте оянып, жолға дайындала бастады. Мақсаты – айқын. Ауылдағы аңқылдақ ағайынға қолдан келгенше көмек көрсету.  Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы азаматтардың  туған жерге  көңіл бөлу жайлы ойы бұрыннан ойында жүрген мақсаттарына қозғау салды.

Расында ол   Райымбек ауданының адамдары тұрмақ, тау-тасын да сағынып тұрады.  Туған ауылына бір септігі тиіп жатса көңілі марқайып қалатын әдеті бар.  Әрбірден кейін,  балапан қанатын ерте қатайтып, еңбекке баулыған да сол  ауылы емес пе?!  Үлкен өмірге араласқаннан кейін  үйдің де, шаруашылықтың да еңбегіне жегілетін балалық күндерін сағынатын.  Құдайға шүкір, еңбекқорлықтан жаман болған жоқ. Бүгінде  Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың тізгінін ұстап, шаруашылығын дөңгелентіп отырғаны балалық шақтағы  ауылда алған тәрбиенің, тәжірибенің, бауырмалдықтың жемісі. Ат жалын ұстап мінгелі шамасы келгенше ауылдастарына көмек көрсеткісі келіп тұрады.  Оны әсіресе, шалғайдағы  ел-жұрттың  денсаулығы қатты алаңдатады. Қарапайым халықтың «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде», – деп жүре беретініне таңғалады. Аурудың асқынатыны саналарына да кірмейді-ау. Кейбіреуді емханаға сүйреп әкелмесең мүлде денсаулығын ойламайды.  Сондықтан болар, ол дәрігерлерден бригада жасақтап, ауыл адамдарына медициналық көмек көрсетіп тұруды әдетке айналдырған. Соның нәтижесінде көпшіліктің байқалмай жүрген сырқатын уақытында анықтауға мүмкіншілік туды.  Ал,  алдына келген  жанның кеселінен айығуына бар білім-білігін арнау  ол кісінің өмірлік ұстанымы.  Ауылға келсе ел-жұрт қайырымды жанға шешілмей жүрген  мәселелерін айтып қалуға тырысады.  Соңғы барғанында ауыл ақсақалы:  «Мұратжан-ау, өзің бас болып, Сүмбе мен Нарынқол арасына жол салдырып берсеңші. Ауырып-сырқап қалсақ орталыққа жету мұң», – деп наз айтпасы бар ма?! 
 Дәрігерлік шара болса бір сәрі, бұл өзі үлкен қаражатты керек ететін әлеуметтік маңызы бар жұмыс. Көпшіліктің өтінішін жерге қалдыруға болмайды.  Құзырлы мекемелерге кіріп, бұл мәселені де шешті-ау, әйтеуір. Бюджеттен 360 миллион қаражат бөлініп, елді мекенге даңғыл жол салынды.  Облыстық жол басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев жолдың салынуына өзі бас-көз болды.  Күрежолдың бойындағы қазақы киіз үйдің қара шаңырағы іспетті аялдамасы қандай  десеңізші?! Көрген адам жайлылығы мен сәулетіне таңдай қақпай өтпейді. 
 Бүгін де   Мұрат Көмекұлының аудан орталығында өтетін жерлестер форумына таң қараңғылығымен аттанғаны жақсылықтың нышаны. Ондағы мақсат – ауданнан шыққан қалталы кәсіпкерлердің басын қосып, жастарға арнап  Спорт кешенін салдыруға ұйытқы болу.  Жол шалғай. Бірақ,  бару керек.  Бұл бастама – ауыл жастарының салауатты өмір салтына бет бұруына үлкен көмек. Қайырымдылық жасау Мұрат Көмекұлының маңдайына жазылғандай. Ол  туған ауылы былай тұрсын,  жалпы Райымбек ауданы үшін көмек қолын созудан еш аянған емес. 2017 жылы  өзі басқарып отырған облыстық аурухана дәрігерлері К.  Нұрғалиев,            Н. Құмаров, А. Қожамжаров, С.  Ким,   А. Әлімқұлова, Э. Ақмырзаевалар  Райымбек ауданы,  Кеген мен Нарынқол елді мекендерінің 1600 тұрғынына екі рет медициналық көмек көрсетіп қайтты. Кейіннен Жалаңаш, Ақай, Тоғызбұлақ, Саты ауылдарын аралап, 700-ден астам адамды медициналық тексеруден өткізді. Елдің  алғысында шек жоқ.   Бұл – облыстық  аурухананың директоры Мұрат  Рахметовтің ауылдастарының алдындағы перзенттік парызын өтеуі.  Аталмыш шара дәрігердің адамзат үшін жасаған жақсылығының бір бөлшегі ғана. Аңқылдақ азаматтың ел-жұрт  алдында атқарсам деген мақсатмүддесі әлі де көп.
 

Мырзахмет ЕРЕЖЕПОВ. ​