Асыл дінім ата ғұрпым

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1280
Бөлім: ТҮПСАНА

Дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында көптеген игілікті шаралар жүзеге асуда. Соның бірі тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, дініміз бен ділімізді жаңғырту. Осы бағыт бойынша облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен  «Салт пен дәстүр – дін тірегі» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Байқаудың басты мақсаты – дін мен дәстүріміз туралы жыр шумақтарын жазғызу болатын.
Бұл сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен 20-дан аса жас ақын қатысты. Арасында поэзия әлеміне жаңадан қадам басқан жастар мен өлең өлкесінде өзіндік жолдарын қалыптастырған сөз зергерлері де бар. Арынды ақындарымыз тақырыпты ашып, бір-бірінен қалмай өнерін ортаға салды. Өлең өлкесінде ешкімге ұқсамайтын ойлар мен ұйқастар тыңдар құлаққа ерекше әсер сыйлады. Дегенмен де, сайыстың өз талабы бар. Ең алдымен тіл тазалығы, сахна мәдениеті, оқу шеберлігі, ұтымды ой мен ұшқыр теңеу таба алуы басты назарда.
Шығармашыл жастарға әділ бағасын берген қазыларымыздың құрамында облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, театр дарабозы Алмахан Кенжебекова, ақын Сағыныш Намазшамова мен  дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы директорының міндетін атқарушы Айдос Игенбай болды.
Қазыларымызға да жүректері жалынды ақындардың арасынан оза шапқандарды таңдау оңайға соқпады. Дегенмен сайыс болғасын жыр шумақтарымен көзге түсіп, мәнерлеп оқуымен жүректерді баурап алған ақындарымыз да болды.
Түйдек-түйдек жыр бунақ, сырлы шумақтар төгілген жыр додасының нәтижесінде бас жүлдеге Алакөл аудандық «Алакөл» газетінің тілшісі Алмат Есенбеков (90 000 теңге) ие болды. Ал екінші орыннан Ескелді ауданынан келген Мағрипа Сандуғаш  (70 мың теңге) көрінсе, тиісінше, үшінші орын  «Жетісу» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбекке (50 000 теңге) бұйырды. Отыз мыңнан бес ақынға ынталандыру сыйлығы табысталып, қалған қатысушылар арнайы Алғыс хатпен марапатталды. 

Қабыл ИСА.