Талғамды тәрбие сабағы

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1449
Бөлім: ТҮПСАНА

Талдықорған қаласындағы   М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясында «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша «Береке-бірлікте, ырыс-ынтымақта» тақырыбында дәстүрлі ашық тәрбие сағаты өтті. Іс-шараға барлық қала мектептерінің директорлары мен орынбасарлары, оқу орындардағы әжелер төрайымдары, қалалық ардагерлер ұйымының кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері шақырылды.

Оқушылар қонақтарды «Әлқисса» күйімен қарсы алды. Өнерлі шәкірттердің шығармашылық көрмесі тамашаланды. Әсем безендірілген мәжіліс залындағы ашық тәрбие сағатының ашылу рәсімінде мектеп директоры Қайрат Сарқытов, оқу орнындағы бастауыш әжелер төрайымы Рысхан Сұлтанова кіріспе сөз сөйледі. Биыл оныншы жылға аяқ басқан дәстүрлі іс-шараның жетістіктеріне тоқтала келіп, оны үзіліссіз жалғастырушы қалалық ардагерлер ұйымына ризалық білдірді. Мұнан соң «Отбасы» деген сахналық бірнеше көріністі қойылым көрсетілді. Отбасының мүшелері шүйіркелесіп, әңгімелесіп отырғанда бөлмеге бала кіреді де атасы мен апасына: –Ұстазым маған «Береке-бірлікте», «Ырыс-ынтымақта» тақырыбына эссе жазуға тапсырма берді. Қалай жазарымды білмей қиналып жүрмін, – дейді. Ары қарай атаның әңгімелесіп түсіндіруі бойынша сахналық қойылым үзінділері көрсетіледі. Әнет бабаның өсиет сөздері, береке-бірлік туралы мысалдары айтылады. Қазыбек бидің жас кезінде қалмақ ханына барып Абылайды құтқару келісіміндегі шешендік сөздері сахналанады. Сол сияқты Абайдың қара сөздерінен мысалдар келтіріледі. Сахнадағы тақырыптық қойылымдардың бәрі атасының немересіне айтқандары ретінде беріледі. Осылайша бала естіген оқиғалар арқылы «Береке-бірлікте», «Ырыс-ынтымақта» тақырыбына эссе жазып шығады, оны сабақ соңында көпшілікке оқып береді. Ұйымдастырушылар оқиғаны құрастырғанда көріністерді тамаша үйлестірген. Тақырыптың ашылу жолын таба білген. Кәдімгі үлкен сахнадағыдай ойлы да тәлімгерлерік шешімін тапқан. Бұл мектепте тегі солай. Әрбір іс-шараға ешбір мұғалім бейжай қарамайды. Керекті детальдарды бөлісіп алып, тыңғылықты әзірленеді. Сондықтан да оқу орны жыл қорытындысында үнемі алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл орайда төмендегі белсенді ұстаздарды атай кетуге міндеттіміз. Тарих пәнінің мұғалімі Н. Досаева, қазақ тілімен әдебиеті пәні мұғалімдері Г. Ысқақова, Ә. Мұқашева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар А. Қожакенова, бастауыш әжелер төрайымы 
Р. Сұлтанова және С. Исаева мен А. Сағындықовалар шәкірттер құрметіне лайық. Сондай-ақ, жүргізуші А. Болатқызы мен 11 «А» сынып оқушысы             С. Маратұлына алғыс айтуға болады. Іс-шара барысында ата рөліндегі 10-сынып оқушысы Д. Алдоңғаров, апа бейнесіндегі Б. Елеусізова, немересі болған А. Алтынайұлын, Әнет бабаны сомдаған Д. Хасан, қоңтайшы рөліндегі Қ. Молдағалиевті мадақтай кетпекпіз. Тәрбие сағатының «Рухани жаңғыру» бағытын ұстаным ретінде желі тартуы бірлік, ынтымақ, ұлтаралық татулық тұрғысынан өзекті мәселе екендігіне көз жеткізілді.

Кенжехан РАҚЫШ,
Талдықорған қалалық ардагерлер 
ұйымының кеңес мүшесі, ардагер журналист.