Діни қайраткермен кездесті

Уақыты: 15.01.2018
Оқылды: 1235
Бөлім: ТҮПСАНА

«Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Болашаққа білгенін үйретіп, жол нұсқау қарияларға парыз. Осы орайда Ардагерлер үйінде рухани кездесу кеші өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған келелі кешке ардагерлер қауымы мен мектеп оқушылары қатысты. Сондай-ақ, арнайы шақыртумен көрнекті діни қайраткер, Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш бас муфтиі, белгілі ғалым, Алматы облысының Құрметті азаматы Рәтбек қажы Нысанбайұлы келді.
1990 жылғы 12 қаңтарда Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандарының бірінші құрылтайында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы құрылған болатын. Оның іргетасын қалаған Рәтбек қажының еңбегі орасан. Ұйымдастырушылар алдымен сөзді құрметті қонаққа ұсынды.
– Ассалаумағалейкум, мұсылман бауырлар! Сіздермен қауышқаныма өте қуаныштымын. Аллаға шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Көк байрағымыз көкте желбіреп тұр. Мұның бәрі әуелі Алла, содан соң Елбасының салиқалы саясатының жемісі. Біз дәл осылай береке-бірлігімізді сақтай білсек, біртұтас ұйыған отбасындай боламыз.  Онда жағадан жау алмайды. Иманымызды күшейтіп, әр күнімізге салауат айта жүрейік, – деді ол.
Рәтбек қажы бас мүфти болған кезде еліміздегі мешіттер саны 1,5 мыңға дейін көбейді. Алматы қаласында бас мешіт салынды. Сонымен қатар, Ислам университеті, Жамбыл облысының Мерке ауылында медресе бой көтерді. «Ислам әлемі» және «Шапағат-Нұр» діни журналдары шыға бастады.
Қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында құрылған «Рухани керуен» мүшесі ретінде ел аралап, мақаланың мән-маңызын халыққа насихаттап жүр.
Шара барысында оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Ардагерлер еңбегіне алғыс айтып, алдағы уақытта жиі жүздесіп тұруды ұсынды.
Елбасы өз Жолдауында ұлтаралық және конфессияаралық келісім міндеттерін орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек екендігін жеткізген. Бүгінгі келелі кеш соның жарқын көрінісіндей болып, оң ықпал беретініне сеніміміз мол.

Мұхтар КҮМІСБЕК.