МЕКТЕПТЕГІ ИГІ ІСТЕР

Уақыты: 15.01.2018
Оқылды: 1413
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің болашағы жас ұрпақтың қамы үшін жазылған өте маңызды құжат болып табылады. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, азаматтық, патриоттық қасиеттерді қалыптастыра отырып, оларды болашақта жан-жақты, бәсекеге қабілетті, білімді, рухани дүниесі бай тұлға етіп тәрбиелеу – бүгінгі білім ордаларының басты міндеті болып отыр.

Қазір орта мектептерде Ұлт Көшбасшысының «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан тарихы, география, қазақ әдебиеті пәндері  бойынша сабақты мұражайларда, тарихи ғимараттарда, мәдени ұйым мекемелерінде  өткізу қарастырылған. Осыған байланысты Ескелді ауданының  Мичурин атындағы негізгі орта мектебінде  оқушылардың туған жер тарихы мен мәдениеті, ұлы тұлғалары туралы білімін кеңейту мақсатында Талдықорған қаласындағы М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына саяхат ұйымдастырылды. 
Оқушылар мен мұғалімдер мұражай қызметкерінің әрбір сөзін қалт жібермей мұқият тыңдап, әрбір құнды дүниеге зор ынтамен назар аударды. Мұражайдағы бес залға қойылған еліміздің тарихынан сыр шертетін түрлі жәдігер оларды қатты қызықтырды. Балалар халқымыздың салт-дәстүрі, ұлы тұлғалары, ұлттық киімдері мен өлкемізде тіршілік ететін аң-құстары туралы көріністерден  үлкен әсер алды.
Сонымен қатар, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бизада Қизатаеваның  басшылығымен  Тілдер мерекесі де өз дәрежесінде аталып өтіп, оқушылар арасында түрлі шара ұйымдастырылды. Оқушылар арасында өткен шығармалар байқауына қатысқан жұмыстар ішінен үздіктер анықталып, марапатталды. Рухани жаңғыруға байланысты мектеп оқушылары арасында өткен аудандық  «Туған жер» шығармалар байқауында   9-сынып оқушысы Рахат  Жұмағұлдың еңбегі жүлделі              екінші орынға ие болды.

Шора БАТЫРБАЕВ 
Ескелді ауданы